Басты бет » Жастар үні » Жас криминалист Саида

Жас криминалист Саида

Нағыз маман — жұмысын мінсіз атқаратын адам ғана емес, өз ісінің терең білгірі, өз ісінің қыр-сырын білетін шебер. Кәсіби маман – тек білімге ғана емес, сонымен қатар оларды әртүрлі жағдайларда қолдана білуге, тіпті ең қиын жағдайларда да оңтайлы шешімдерді табуға қабілетті адам. Олай дейтініміз, бұл күнде жас болса да мамандығым — мақтанышым деп, таңдаған мамандығы бойынша оқуын аяқтап, сол салада еңбек етіп көзге түскен жастар бар. Сондай жастардың бірі – жас криминалист Саида Имашева. Саида – Орал қ.ПБ жедел криминалистік бөлімнің криминалисі, полиция лейтенанты.

Ол өз ісін жанымен, бүкіл болмысымен ұнатады. Саиданың балалық шағындағы арқаланған армандар мен үміттер жолы орындалып, қазіргі күні полицияда қызмет атқаруда.

– Полицияда қызмет ету – бұл менің жолым, менің таңдауым, – дейді жас маман. Шыр етіп дүниеге келген соң жұмыр адамзат баласы алдына мақсат қойып, бір нәрсеге қол жеткізгісі келіп армандайды. Ойдан ой туады. Ой арманға жалғасады. Адам баласының алға қойған мақсатының ішіндегі маңыздысы, мәндісі — оның мамандығы. Иә, мамандығы, дәлірек айтсақ, кәсібі. Болашақ өміріндегі қызығы мен қиындығы мол кәсібі. Саиданың бала көңілінде, сәби жүрегінде өзінің парасатты болмысымен сақталып қалған мамандық-полицияда қызмет атқару еді. Балалық шағындағы арманы алдамапты, замандастарының алды болып уақытқа қарамай қызмет сапынан табылып келеді.

Саида Бекболатқызы 2020 жылы Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясын түсіп, 2024 жылы аяқтады. Ізденгіш, өзіне талап қойғыш Саида жақында ғана жедел түрде қылмысты ашты. 10 минуттың ішінде күдіктіні анықтап, нақты бұлтартпас айғақтармен дәлелдеді.
7 қыркүйекте, өтаңғы сағат 07.05-те Орал қаласы Желтоқсан көшесі 1/1 мекенжайындағы «Караван» базарының асханасына ұрлыққа түскен белгісіз тұлға қолына түскендерді сыпырып-сыйпап, оқиға орнынан бой тасалаған. Базардың әкімгерінің есігін бұзып кіріп, сейфтен еркін түрде 20 мың теңгені үптеп кеткен. Криминалист Саида Имашеваның ізденімпаздығы, қырағылығы нәижесінде 1998 жылғы В. есімді күдікті қылмыс жасағанын мойындады.
Бұл жас криминалистің тәлімгері еңбек тәжірибесіне бай, бірнеше жас маманды қанаттандырған, білгенін үйреткен, сонымен қатар әр жас маманның бойына шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен – Орал қ.ПБ жедел криминалистік бөлімнің бастығы полиция подполковнигі Талғат Махамбетов.
Талғат Махамбетұлы 4 ай ішінде жақсы көрсеткіштерге ие боп жүрген, мамандығының ауыр жүгін арқалауды өз жүрегінің қалауымен таңдаған Саиданы мақтаныш тұтады. Әркез қарамағындағы қызметкерлердің бойынан жақсылық іздейтін Талғат Махамбетұлы бұл жас маманға да зор сенім артады.

Гүламан Исмагулова,

Орал қ.ПБ