Басты бет » Жаңалықтар » Бала мектепке неше жастан барғаны дұрыс?

Бала мектепке неше жастан барғаны дұрыс?

Қазір көптеген ата-аналардың мазалайтын сұрақтардың бірі осы.

Баланың мектепке бару мәселесі баланың дамуына, қабылдауына байланысты. Бірі – баласын бес жаста, бірі – алты жаста, енді бірі бала ештеңеден кешікпейді деп ойнап, балалығын қимай 7 жастан беріп жатады. Дұрысы қайсы? Заң бойынша талап қандай?

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 31-бабының  1-тармағына және орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының 9-тармағына сәйкес 6 жастан бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүзеге асырылады.

Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептер 5 жастан бастап, егер олар ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін 6 жасқа толса, бірінші сыныпқа қабылдай алады.

Осы мәселе бойынша психолог маманы Гульфия Жардемова:

– Әлем психологтарының барлығы баланы 7 жастан беру керек деп, оны дәлелдеп көрсетіп келе жатыр. Мысалы, бес жасында да бала мектепке дайын болып көрінуі мүмкін, әріп тани алады, санай біледі, кейбірі оқи білуі де мүмкін. Әрине, ерте жастан баланы жақсы дамытумен ата-ана  айналысса, оның барлығын бала 5 жасынан-ақ жақсы білетін болады. Бірақ физиология тұрғысынан бала 5 жасында мектепке дайын болмайды. Өйткені баланың ми, нейродинамика, психика, социалды тұрғысынан, жан-жақтан мектепке дайын болуы керек. Көптеген ата-аналардың жіберетін қателігі, баласының әріп танығанын, кітаптан сөзді оқығанын немесе есеп шығарғанын, сандарды танып білгенін көріп баласын мектепке дайын деп ойлайды. Бірақ баланың физиологиялық тұрғысынан көп жағдайларды ескере бермейді. Бала сабақта 45 минут отыру керек, бірнеше сағат бойы отыруға ол физиологиялық тұрғыдан дайын емес. Өйткені ол – ойын баласы. Балаға жүгіру керек, секіру керек, бұл – оның қажеттіліктері. Интеллектуалды тұрғыда дайын болғанымен зейін тұрақтылығы деген секілді тараптардан дайын болмаған мектепке апарып 45 минутқа отырғызып қою баланың психикасына өте ауыр, – дейді.

Сондай-ақ психолог маман бастапқы уақытта балаға қызық болуы мүмкін екенін айтады. Бала әртүрлі жаңа дүниелермен, балалармен таныстық барлығына қызығушылықпен бір ай, екі ай баруы мүмкін. Ал одан кейін сабақ күрделенген сайын баланың психологиясына ауыр болады. Баланың физиологиялық тұрғыда дайын болмағандықтан басқа нәрселерге алаңдап, сабаққа бар зейінін аудара алмай, жүйке жүйесіне қиын болады. Бұл уақытта баланың нейродинамикасы әлсіздеу сондықтан бала бұл кезде түрлі агрессивті мінез-құлық көрсетіп, аутоагрессия дейміз ғой, өзінің шашын жұлу, тырнағын тістеу деген сияқты жағдайлар туындауы мүмкін.

– Психолог маманы болғаннан кейін энурез, энкапресс деген секілді әртүрлі жағдайларды көреміз. Сондықтан біз 5 жаста мектепке баруға болмайтынын айтамыз. Және де 0-сыныпқа 5 жасында берудің қажеті жоқ, 0-сыныпқа 6 жасында беріп, 1-сыныпқа 7 жасында беруді жөн санаймын. Неге? Өйткені 7 жасында бала интеллектуалды тұрғыдан да дайын болады. Оның психикасы да тұрақталады ести алады, естияр болады, социалды тұрғыда бала мектепке дайын болып келеді. Достарымен сөйлесе алуы, өзі жайлы басқаларға түсіндіре алуы, оқығанын қорыта алуы деген сияқты біршама жетіліп қалады, – дейді Гүльфия Абайқызы.

«Бала 0-сыныпқа барғаны дұрыс па?» деген сауалға психолог жауабы:

– Мен 0-сыныпқа барған дұрыс деп есептеймін, өйткені бұл жерде балада бірінші сыныпқа дайындық болады. Жалпы, балабақша мен мектептің арасындағы өзгерісті бала түсіне бастайды, себебі ол жерде үзіліс ұзақтау болуы мүмкін, ойындар ойнайды. Енді өз басым мемлекеттік мектептерді білмедім, өзім балаларым жекеменшік мектепке 0-сыныпқа барды. Ол жерде барлығы ойын түрінде өтеді, балаларды қызықтырып, мектеп өміріне жұмсақ адаптациямен, психикалық тұрғыдан дайындады. Бала ол жерде сыныптастарымен танысады, олармен өзара сөйлеседі. Өзгелермен бөлісіп үйренеді, бірін-бірін тыңдап үйренеді, бір-бірін күтіп үйренеді. Ол жерде психологиялық тұрғыдан да үлкен өзгерістер болады. Бұл – баланың үлкен өмірге деген алғашқы қадам басуына дайындық. Балабақшадан кейін бірден мектептің тәртібіне үйреніп кету қиын. Сондықтан осындай жұмсақ адаптациялы уақыттан өткен дұрыс. Өзім психолог болғаннан кейін түрлі ата-аналармен кеңес беру барысында түсінгенім, ата-аналарға ең маңыздысы баланың интеллектуалды тұрғыдан дамуы, баланың мектепке дайын болуы, есепті, санды білуі, оқуды білуі деген сияқты нәрселер көбірек мазалайды. Бірақ оның психологиялық тұрғыда дайын болуына аса көп мән бермейді. Неге? Өйткені көзге көрінбейтін нәрсе. Бірақ психикалық тұрғыда баланың ішкі жан дүниесіне қарап, бала қаншалықты дайын болып адаптациядан жақсы өтсе, ол мектепті  де жақсы қабылдай алады. Бала сыныптастарының алдына шығып сабақ айтуға қысылмай, мұғалімінен ұялмай, жан-жағына алаңдамай, тапсырманы орындай алуы керек. Одан бұрын тапсырманы түсініп, дәптеріне көшіріп жаза білуі керек. Ал психологиялық тұрғыда дайын болмаған балаға келсек, түрлі нәрселер оны алаңдап, энергиясын басқа дүниелерге жұмсайтын болады. Соның кесірінен бала мұғалімнің айтқанына зейін қойып тыңдай алмауы салдарынан  үлгерімі нашарлайды. Ал толық жетіліп, 7 жаста мектепке барған балада барлығы жақсы болып, мектепке дайын болып барады. Психологтардың айтуынша, баланы 7 жастан беру керек екен деп баланы жайбарақат жібере салуға болмайды. Міндетті түрде жоғарыда мен айтқан талаптар бойынша баланы мектепке дайындау керек. Одан кейін сенсорика деген тақырып бар. Оны мен жеке әлеуметтік парақшамда зерттеймін, айтып түсіндіремін, балаларға арналған арнайы бағдарламаларым бар. Сенсорика деген жеті бағыттан тұрады. Сол жеті бағыт бойынша ата-аналар балаларды дайындау керек. Және бес сезім мүшелері де осы сенсорикаға жатады, олар, есту, көру, дәм сезу, иіс сезу, сипап сезу деген секілді. Осының барлығы біздің қоршаған ортадан ақпаратты қабылдау каналдарымыз. Осы арқылы балалар қоршаған ортадан мектептегі барлық ақпараттарды қабылдап, қорытып соған сай әрекет етіп жұмыс жасайды, яғни біз сол бағыттар бойынша жұмыс жасап, баланың тек интеллектуалды тұрғыдан ғана емес, физиологиялық тұрғыдан да қабылдау каналдары бойынша жұмыс жасайтын болсақ баланың мектептегі үлгерімі жақсы болады.

Баланы алдын ала дайындау арқылы біз баланың мектептегі өмірін әлдеқайда жеңілдетеміз, оның қабылдауын жеңілдетеміз. Сәйкесінше, мектепке барғанда балада барлығы жеңіл болады.

Бірінші сыныпқа баланың дайындығын қалай тексереміз?

Арнайы орталықтарда баланың дайындығын тексеретін тесттер болады, содан өткізіп көруге болады. Ол бергелі отырған мектебіңіздің өзінде психолог мамандарының өзінде де болуы мүмкін барып тексертіп көріңіз. Оны мектепке баратын уақыт жақындағанда емес, алдын ала 5-6 жаста тексеріңіз. Осы тест арқылы балаңыздың қай бағытта мықты, ал қай жағынан осалдау екенін түсінесіз. Сосын сол бойынша өзіңіз жұмыс жасайсыз. Балаңыз сабақта өзін жақсы ұстап отыра алатындығын пластилин, қарындаш беру, сурет салу арқылы байқап көрсеңіз болады. Бала 20-30 минуттап бір нәрсеге зейінін тұрақтап отыра ала ма соған мән беру керек. Ертегілер оқып беріңіз. Оқыған ертегіңіз бойынша сұрақтар қойыңыз, ол сол сұрақтарға жауап бере ала ма соған мән беріңіз. Әртүрлі суреттер беріп, сол бойынша сөйлем құратып көріңіз. Егер бала осылардың барлығын айта алатын болса, өзі жайлы, мәселен армандары, мақсаттары, отбасы жайлы сұрап көріңіз. Қазіргі кезде бірінші сыныпқа барғанда барлығын біліп баруы керек.

Одан кейін нейропсихология деген сала бар, сол бойынша баланы секіртіп, турникке тартылдырып, бір аяғын көтертіп қойып, балаға бір суретті көрсетіп, сол бойынша әңгіме құрастырып бер деп немесе оң қолыңмен көк түсті ал, cол қолыңмен қызыл түсті ал деген сияқты нейро ойындар ойнату керек. Бұл – физикалық тұрғыда да, миға да күш түсіретін тапсырмалар. Мінекей, осындай тапсырмаларды орындату арқылы сіз баланың жүйке жүйесін дайындап, сосын мектепке берсеңіз болады.

Жансая Абуева, ата-ана:

– Менің қызым мектепке 6 жастан барды, оған дейін баабақша, 0-сыныпқа бармады. Дегенмен де балам барлығын тез алып кетті, қазір оқу озаты. Ата-аналарға айтарым, еш асықпай, баланы 7 жастан мектепке берген дұрыс деп ойлаймын. Баланың миы сол кезде толық дамып, жетіліп, мектеп бағдарламасына осы жаста жақсы меңгере алады. Психолог, мұғалім құрбыларым да солай кеңес береді.

Ұлша Шокенова, бастауыш сынып мұғалімі:

– Мұғалім ретінде баланы мектепке 7 жаста берген дұрыс деп ойлаймын. 6 жастағы бала ойынға біршама жақын, оқуға деген құштарлығы, қызығушылығы болмайды. Ал 7 жаста бала едәуір дамып, тапсырмаларды мұқият тыңдап меңгереді, оқу-білімге толыққанды дайын болады. Сол себепті 7 жаста бергенді құптаймын.

Дайындаған Перизат САПАРОВА