Басты бет » Жаңалықтар » Зергерлік бұйымдар ұлтымыздың келбетін айшықтайды

Зергерлік бұйымдар ұлтымыздың келбетін айшықтайды

Қазақтың зергерлік бұйымдары бұрынғы ата-бабамыздан осы кезге дейін жалғасып келе жатырған, қазақилығымыздың айқын көрінісі іспетті. Қазақтың құлаң шашты, қос бұрымы өріліп, шашында сылдырлаған шашбауы мен ұлттық нақыштағы киімі, оған қоса көркіне одан әрі рең беретін бұл – зергерлік бұйымдар.

Зергерлік – қастерлі де киелі, қасиеті жоғары кәсіптің бір түрі. Ол – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше өнер. Қазақ зергерлерінің бірі тума талант болса, енді бірі – атадан балаға үйретіліп. ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған кәсіп.

Көздің жауын алатын, алқа, сырға, шолпы, шашбау, білезік, жүзік, өңіржиек сияқты әр қайсының өзіндік бір таңбаларымен, ою-өрнектердің әрбірінің өз мағынасы бар. Қазақ халқымыз жаңа туылған нәрестені өмірі жарық болсын деген ниетпен суға күміс салып шомылдырады, бұл дәстүр қазірге дейін жалғасып келеді.

Қазір ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарын қолдану, ұлттық киімдер кию үрдісі жаңғыра бастады. Осы орайда 7 жылдан бері зергерлік бұйымдарды жасап жүрген шебер Сағдат Шоқанұлының пікірін білген едік.
«Әр зергер өзінің жасаған бұйымын эксклюзив етіп, қайталанбастай етіп жасауға тырысады. Сол сияқты бізде ерекше етіп жасайтын бұйымызға мағына беруге тырысамыз. Оның шығу тарихын, олардың бір-бірімен үйлесіп орналасуын, тастардың түстермен үйлесуін қарап жақсы туынды жасап шығарғымыз келеді. Негізінен, зергерлік бұйымдардардың таңба, ою-өрнегін шығарумен дизайнерлер жұмыс жасайды.

Жалпы, зергерлік бұйымның негізгі құндылығы оның мағына беруінде. Біз қолданатын металл түрі алтын мен күміс, бірақ дәл қазіргі уақытта көбінесе күмісті пайдаланамыз. Ал жасалу жолына келетін болсақ, әр бұйым жасалу күрделігіне байланысты болады. Мысалы, жеңіл алқа болса 2-3 күн уақытта дайындап бітіруге болады немесе үлкен өңіржиектер болса, жасалуы 2-3 аптаға созылады. Бұл зергерлік бұйым жасауда біз қолданатын техника түрлері: вальцы, лазер, мультикам, арнайы бұйым формасын құятын пештермен жасаймыз. Бізге көбінесе тапсырыс беретін Атырау, Ақтау, Алматы, Шымкент өңірлері», – дейді зергер.

Перизат САПАРОВА