Қытайда туып—өскен қазақ қызы Бүрлен Әділетқызы Үрімжі қаласынан Алматы қаласына жетіп, кейін Астана қаласына велосипедпен жүріп келді. Бүрленді елордамызда «Бәйтерек» монументі алдында қарсы алады. Ол бұл сапарын Астанаға келумен аяқтады.
20 жастағы бойжеткен сапар барысында ұзындығы 2000 шақырым жерді жүріп өткен. Оның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы достықты насихаттау.
«Осындай сапарға шығу бұрыннан бері ойымда бар болатын. 7-ші айдың 21-інен бастап жолға шыққам, енді осы айдың 15-іне дейін аяқтаймын. Өзіміздің Жунго еліндегі Шэньян өлкесінде жүрдім, содан шекарға қарай Қорғасын Қазақстанға, одан Жаркент қаласынан Алматыға, одан кейін Астанаға жеттім. Шекарадан өткенде қиындық болмады, өте сәтті өттім. Сапарға шығар алдында қорқыныш болмады, себебі өзіме сенімді болдым. Жалпы, қиындық болды жолда жүргенде қызуым көтеріліп ауырдым, бірақ сыртта жүргесін амал жоқ барлығына шыдадым. Жолда келе жатырғанда велосипедім жүрмей қалған кездері де болды.
Күн өте ыстық. Жолдың бойында тал бар жерлерде астыма көрпемді салып бір сағаттай демалып алып жүрдім. Одан кей кездерде суым жоқ болып қалған кездерде, жолда жүрген жақсы адамдар маған суларын тастап кетеді. Одан кейін иттер қуалаған кездер болды, ол кезде жолда өтіп бара жатырған кісілерді тоқтатып алып итті қуып берсеңіздер деп, әйтеуір сондай жолдардан өтіп келдім. Екі ел арасындағы достық күшейе берсін күннен күнге. Жунго еліне келіп тұрыңыздар, қонақ қыламын сіздерді, қарсы аламын деп», – дейді велосипедші қыз.
Астанаға келген сапарында саяхатшы қызды Отандастар қорының басшылығы қабылдады.
Қоғам президенті Данияр Қадыров жылы шырайлы жүздесу барысында Бүрленнің «Бір белдеу, бір жол» жобасын насихаттау және екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынастарды көрсету мақсатында жасаған ізгі ниетті қадамдарына қолдау білдіріп, алдағы уақыттағы жоспарларына сәттілік тіледі.
Осылайша, Қытайда туған қазақ қызы Бүрлен екі ел арасындағы ынтымақтастықты насихаттау мақсатында велосипедпен 23 күнде 2 мың шақырым жол жүріп Астанада сапарын аяқтады.