Шілденің 28, 30, 31-і күндері театрда Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған «ҰЛПАН» спектаклінің премьерасы өтеді. Үшінші жыл қатарынан шілде айында көрермендеріне спектакльдер ұсынып, өзге өңірлік өнер сүйер қауымның да көркем қойылымдардың куәсі болу үшін жұмыс жасап жатқан Мүсірепов театры 78-ші маусымын жаңа қойылымның тұсаукесерімен жабуды жоспарлауда.Бұл жолы өзгеше талғам мен көзқарас, ерекше коллаборация, қайталанбас образдар ұштасқан өнер туындысы жарық көрмек. Оған дәлел, спектакльді ғасырдан астам тарихы бар мәскеулік Е.Вахтангов атындағы театрының режиссері Гүлназ Балпеисова қойды. Қойылым кейіпкерлерінің образдарын ашатын бірден бір көмек құралы болып табылатын киім үлгілерінің суретшісі – әйгілі дизайнер Аида Кауменова. Сонымен қатар, спектакльді әуезді әнмен әрлейтін композитор – елімізге танымал өнерпаз Олжас Дәлелхан болса, қойылымның артистері қатарында халықтың сүйіктісіне айналған ҚР Еңбек сіңірген артистері мен қайраткерлері Гүлжамал Қазақбаева, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Күлжәмилә Белжанова, Жомарт Зейнәбіл және Ерден Жақсыбеков, Толқын Нұрбекова, Ернар Амандық сынды талант иелері бой көрсетеді.

«Ұлпан» – қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, таным-түсінігін суреттейтін шығарма. Сол себепті, бұл қойылымда қазіргі таңда ең үлкен актуалды тақырыптардың бірі әрі бірегейіне айналған мәселе кеңінен қозғалады. Ол – қазақ қыздарының құқығы мен мәртебесі. Аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы қоғам қайраткері Ұлпан мен беделді би Есенейдің отау құруы қазақтың салт-дәстүрлеріне үлкен тың өзгерістерге алып келеді.
Енді міне, араға 27 жыл салып, қайта театр сахнасына шыққалы отырған қойылым заманауи шешімдер мен жаңашыл көзқарасқа толы. Ұлт әдебиетінің «алтын қоры» саналар сүбелі шығармалар қатарында классик жазушы, көркемсөздің майталманы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы бары анық. Роман нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-берекесін қара басының бақытынан артық санаған өте ақылды, дана әйелдің тағдырын суреттейді. Түрлі тақырыпты арқау еткен айтулы шығарма көрермендерін бей-жай қалдырмасы анық.
Театрдың баспасөз қызметі
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы