Басты бет » Жастар үні » «СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫНА СТУДЕНТТЕР ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

«СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫНА СТУДЕНТТЕР ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

Биыл – «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!» («Серпін») бағдарламасына 10 жыл. 2014 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан бағдарламаның негізгі мақсаты халық тығыз орналасқан Оңтүстік өңірдің жастарын Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлеріне оқуға жіберу. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын студенттерді қабылдау комиссиясы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде талапкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Студенттерді аталмыш бағдарлама арқылы қабылдайтын ірі жоғары оқу орнының бірі – академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті. Бөкетов университетінде 2 мыңнан астам студент «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр, өткен жылы оңтүстіктен келген 900-ға жуық студент осы университетті таңдаған. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Нұрлан Дулатбеков Шымкент қаласына барып, оқуға қабылдау жұмысына қатысты. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да сондай-ақ, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Әлихан Бөкейхан университеті, тағы басқа оқу орындарының өкілдері құжат қабылдауда.

«Серпін» бағдарламасы аясында Оңтүстік жастары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында орналасқан 19 жоғары оқу орнының бірінде білім ала алады. Биыл «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсушілерге 3 903 грант бөлінген. «Серпіндіктер» 4 бағыт бойынша, атап айтқанда педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға құжат тапсыра алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітірген соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.