4 маусымда Астанада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) – БҰҰ Көші-қон агенттігіндегі Ізгі ниетті елшісі Димаш Құдайбергеннің кездесуі өтті. Гутерриш мырза Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші саммитіне қатысуда, деп жазды DimashNews сайты.
«ХКҰ ізгі ниетті елшісі ретінде мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мырзамен Қазақстанға ШЫҰ саммитіне сапары кезінде кездесу құрметіне ие болдым.
Біз көші-қон мәселесін талқылау барысында мен бұл істі барлық жігеріммен қолдайтынымды айттым. Бас хатшы көші-қонның маңыздылығына тоқталып, менің адал қызметім үшін алғысын білдірді.
Антонио Гутерриш мырза дүние жүзіндегі миллиондаған адамның жүрегін жаулаған менің музыкам адам құқықтарын қорғай алатынын және халықты ақпараттандырудың маңыздылығын арттыратынын атап өтті. Талантым осындай игі істер жасауға пайдасы тиіп жатса, ол үшін мүмкіндік беріп жатқан ұйымға алғыс айтамын», – деп бөлісті Димаш.
Димаш 2024 жылдың 15 ақпанында ХКҰ-БҰҰ-ның Азия аймағындағы және одан тыс жерлердегі көші-қон жөніндегі ізгі ниетті елшісі болып тағайындалған болатын.
“ХКҰ ізгі ниет елшілері” бағдарламасы қауіпсіз, тәртіпті және тұрақты көші-қонның маңыздылығын көрсету үшін танымал және беделді мәдениет, өнер және спорт қайраткерлерін тартуға бағытталған. Бұл бағдарлама жергілікті дағдарыстарға, мәжбүрлі қоныс аударуға, кемсітушілікке және ксенофобияға қарсы жұмыстар жасайды. Ол жағдайдың өзгеруінен туындаған көші-қон проблемаларын шешу, халықтың денсаулық қорғау және адам саудасын тоқтату сияқты маңызды мәселелермен айналысып, игі іске жұмылдырады.