Басты бет » Жастар үні » 17 жасар аудармашы әрі кәсіпкердің жетістігі

17 жасар аудармашы әрі кәсіпкердің жетістігі


Бахтияр Садибеков небәрі 16 жасында Қазақстандағы Оман елшісіне аударма жасауға көмектесіп, дипломатиялық қабылдауға қатысқан. Қазір 17 жастағы жасөспірім ҚазҰУ-дың «Шығыстану» мамандығы бойынша бірінші курсында білім алып жүр. Бұл туралы QADAM Media жазды.

Бахтияр тіл үйренуге және халықаралық мүмкіндіктерге қызығатын жастарға арналған блог жүргізеді. Ол осы уақытқа дейін әлемнің 10-нан астам елінде болып, халықаралық жастар іс-шараларында Қазақстанның атынан қатысқан.

Жас кәсіпкер білім алумен қатар, өзінің онлайн тіл мектебін де іске қосқан. Оның айтуынша, жоба ең табысты кезеңінде айына 5 миллион теңгеге дейін табыс әкелген.

Бахтиярдың шет тілдеріне қызығушылығы ерте жастан басталған. Тіл үйренуді ол тек білім алу құралы ретінде емес, әлеммен байланыс орнатуға, жаңа адамдармен танысуға және халықаралық ортаға шығуға мүмкіндік беретін бағыт ретінде қарастырады.

Қазір жас студент университеттегі оқуын блог жүргізумен және түрлі халықаралық жобаларға қатысумен қатар алып жүр. Ал оның алдағы мақсаты – дипломатия саласында еңбек етіп, Қазақстанның сыртқы саясатына үлес қосу. Бахтияр болашақта Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істегісі келеді.