Басты бет » Жастар үні » АСТАНА КҮНІ: Бүлдіршіндер асфальтқа сурет салды

АСТАНА КҮНІ: Бүлдіршіндер асфальтқа сурет салды

Бүгін Орал қаласындағы №25 «Тұмарым» балабақшасында Астана күніне орай мерекелік шара өтті.

Мерекелік шараның мақсаты – бүлдіршіндерге елдің жеткен жетістіктері, тәуелсіз мемлекеттің гүлдену символы Астананың даму жолдары туралы шағын мағлұмат беру, бүлдіршіндер санасында еліміздің бесігі атанған Астанаға деген мақтаныш сезімін ұялату.  Орал қалалық Полиция басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бөлімі балабақша ұжымымен бірлесе ұйымдастырылған мерекелік танымдық іс-шарада балабақша бүлдіршіндері әсем Астананың туған күніне орай асфальтқа суреттер салды, арқан тартып, ойындар ойнады. Бейбітшілікті, көк аспан мен жарқыраған күнді, қырмызы даланы, қызғалдақтарға толы алқаптарды, «Хан шатырды», өзге де еліміздің символын бейнелейтін суреттер салып, әдемілеп бояды.

№25 «Тұмарым» балабақшасының меңгерушісі Жанар Жұмабекқызы бүлдіршіндерді Астана күнімен құттықтап, мемлекетіміздің игілігі жолындағы тәртіп сақшыларының тынымсыз қызметіне табыстар тіледі.

«Ата-бабаларымыз жеткен қасиеттер мен асыл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз. Сындарлы саясат пен табандылық, қажыр арқасында осындай әдемі әрі сәулетті қаламыз бой көтерді. Астананың сұлулығына тәнті болмайтын жан жоқ. Алыстағы ағайын, ауыл азаматтары, мектеп оқушылары, кішкентай балалар, барлығы да жаз мезгілінде Астанаға барып қыдыруды армандайды. Астана – қазақстандықтардың мақтанышы», – деді Жанар Жұмабекқызы.

 

Балабақша тәрбиешілері балаларға бүгінгі әсем қала туралы әңгімеледі. Ал Орал қалалық Полиция басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің инспекторы полиция лейтенанты Дәрмен Бисембеев, Орал қ.ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы полиция аға лейтенанты Айнат Жаниев келісті іс-шара ұйымдастыруға ат салысқан балабақшаның ұжымына алғыстарын айтып, бүлдіршіндердің үлкен азамат болып өсуін тіледі.

Астана – жарқын қала. Бас қаламыз гүлдене берсін!

Орал қаласының Полиция басқармасы