Қазақтың қасиетті әрі киелі баспанасы киіз үйде ерсі қылық шығарып, ұятсыз би билеген жастардың видеосы жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Ұлттық киім киіп, бейәдептілікке барғандар жазасыз қалмауы керек деген пікірде әлеуметтік желі қолданушылары, деп жазды Jastar janary.
«Бізде ұлттық идеология бар ма өзі? Неге әркім білгенін істеп жүр? Абылай туған, Абай туған кигіз үйде жартылай жалаңаш қыздар билеп жүр екен. Көрмекке көз, айтпаққа сөз ұялып тұр. Бұл тексіздерді жауапқа тарту үшін петиция ұйымдастыру керек», – деп жазған әлеуметтік желі қолданушылары.
Бишінің өзі бұл бидің хай хилс (high heels) деген жанр екенін әрі оның ерсілік емес екенін айтады.
«Осы бейне жазбамды жариялаған соң, жұрт көп хейт пікірлер жаза бастады. Өзім қазақ болған соң, Қазақстанда, Алматыда тұрған соң, әке-шешем қазақ болған соң, бұл қадамның өте батыл шешім екенін айта аламын. Бұны «ұлттық құндылықтарды қорлау» деп санамаймын. Бұның өзінде ирония бар. Шығармашылық адамдарын жай адамдар ұға бермейді. Олардың әлемі басқа. Тәуекелге бармай, батыл болмай, жаңалық ашылмайды», – деп пікір білдірген ол өзінің парақшасында.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы пікір білдірді.
«Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді.Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау — ортақ парызымыз», – деп жазды Аида Балаева.
Ол сондай-ақ медиа-процесте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырды.
«Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», – деді ол.