«Қазақфильмнен» бастау алған қазақ киноиндустриясы киносүйер қауымды бірде сүйсіндірсе, бірде күйіндіріп келеді. Жалпы, кино тек өнер емес, идеологиялық қару екенін көзі ашық, көкірегі ояу көрермен жақсы түсінеді. Отандық кино өндірістің өткені мен бүгіні туралы айтылар ой аз емес.
Фото: ortalyq.kz
Соңғы жылдары отандық кино репертуарымыздың саны пен сапасы артқанын патша көңілді көрермен байқап, бағалап, саралауда. Дегенмен бүгінде қалтасы қалыңдар атын шығару үшін кино түсіруге әуес болып алды. Бір сарындағы тақырыптар, ауыспайтын бейнелер, кәсіби актерлер тұрғанда оқырман қуалаған, өнер қасиетін түсінбейтіндердің рөлді оңай алуы, жаттанды сөздер, белден төмен әзілдер, сценарийдегі жүйесіздік, айтар ойдың нақты ашылмауы сынды олқылықтар еріксіз қарныңды аштырады. Бірақ сондай фильмдер біздің қарнымызды аштырғанымен, режиссерлердің қалтасын қарық қып жатыр.
Кинотеатрдағы қазақ киносының көп жағдайда халыққа ыңғайсыз уақытта берілуі де айтылмай келе жатқан мәселе емес. Прайм-таймда тек шетелдік фильмдердің көрсетілетініне етіміз үйреніп кеткендей. Бұл сұраққа кинотеатр қызметкерлері тек осылай ғана табысты еселей түсетінін айтқан. Соңғы жылдары кино қоржынымызда тарихи шайқастар мен тарихи тұлғаларымызға арналып түсірілген туындылар көбеюде. «Тар заман», «Міржақып. Оян қазақ», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Балуан Шолақ», «Дина», «Кейкі мерген сынды» мазмұны мардымды телехикаялар халыққа рухани ләззат сыйлады.
Мағыналы, жас және аға буынға арналған осындай фильмдердің бары әрине қуантады. Ұлттың болашағы ұрпақтың қолында дейтін халықпыз ғой. Қазіргі бала тәрбиесі көгілдір экраннан басталатыны көпке мәлім. Сөйтіп жүріп, Абай мен Ыбырайдай, Әлихан мен Шоқандай, Ахаң мен Жахаңдай ұрпақ күтеміз, бірақ сол ұрпақты тәрбиелейтін балалар киносы түгілі, балаларға арнап түсіріліп жатқан дені дұрыс мультфильм жоқ! Сол баяғы айналдырған 5-6 мультфильм бар. 2022 жылы балалар жылы болды деген аты ғана болмаса, балалар үшін деп жасалған кино саласындағы әрекетті көз көріп, құлақ естімеді. Сонау коммунистік партияның билік құрып тұрған кезінде түсірілген «Менің атым Қожадай» фильм біздің бейбіт күнде тумай ма? Әттең, тоңның келтесі-ай дейсің еріксіз…
Тақырып туралы толғансақ, толғана береміз-ау… «Жартасқа бардым, айғайды салдым, онан да шықты жаңғырық» дейтін еді ғой Абай атамыз. Қашанға дейін таусылмайтын ене мен келін, кешікпей тұрмысқа шығу, тоқал туралы фильмдер түсіріле бермек? Адамгершілік пен моралі әлсіз қоғамда осындай тақырыпта 1000 фильм түсірсең де бос дүние… Адамға діни, ұлттық, нәсіл тұрғысынан қарауды емес, адамды адам ретінде жақсы көруге үндейтін фильмдер туса ғой дейсің…
Поэзияның егізі Мұқағалиы бар халықпыз… Мөлдір махаббатты жырлаған Мұқағали бар бізде… Қарасазын өлеңдетіп өскен Мұқағали бар бізде… Өз заманына сыймаған, ол ғасырдан емес Мұқағали бар бізде… Бірақ Мұқағалидай марғасқа ақын жайлы мардымды фильм жоғы өкінішті-ақ.
Түсірілмеді емес, түсірілді… Болат Қалымбетов өз Мұқағалиын, Азамат Сатыбалды өз Мұқаңын ұсынды. Біреу мақтауын асырып, біреулер сынын да аямады. Отбасына еркелеген, ішімдікке масайған ақынның образымен мен ғашық боп өскен, сүйіп оқыған Мұқағалидың арасы жер мен көктей еді. Өз дәуірінде тар жол, тайғақ кешкен ақынға біздің заманда да тыныштық бермеді…
Жақсы жақтарымыз да баршылық. 2022 жылы «Оян, қазақ!» телехикаясы ұлттық арнаға жол жартып, 2023 жылы телехикая негізіндегі толықметражды фильм ретінде ұсынылды. Аталған көркем туынды алғашқы күнннен-ақ көрермен көзайымына айналды. Залдар лық толды, билеттер лезде сатылды, бастапқы күндері тек аншлаг болды. Біршама сайыстарда алған жүлделерін айтпағанда, халықтың берген бағасы сөзсіз жоғары.
Дегенмен кеудеде өкініш пен күйініш көп… Абай атамыздың сөзі бар ғой, Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан!»
Кино саласында жүрген жандарға экран алдындағы қауымды шаршатпайтын, әсерлі көркем туындылар екен дейміз!..
Сәния ИБРАЕВА