Басты бет » Жаңалықтар » Аслан ҚАЖЕНОВ, спорт журналисі: Отандық спорттың жағдайы көңіл көншітпейді

Аслан ҚАЖЕНОВ, спорт журналисі: Отандық спорттың жағдайы көңіл көншітпейді

Спорт – үлкен еңбек пен табандылықты қажет етеді. Спортқа қадам басқан жанның жетістікке, жеңіске ұмтылуы заңды. Көк Туымызды биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатар спортшылардың туралы қанша мақтау айтсақ та жарасымды. Дегенмен спорт саласында проблема жоқ емес.

Жалпы, бүгінгі қазақ спорты қандай деңгейде? Елімізде спортты жанына серік еткендердің, жалпы спорт саласының бүгінгі хал-ахуалы қандай? Осы бағытта аз-кем білу үшін сұхбатымызға осы саланы бақылап, көріп жүрген спорт журналисі, спорт жанашыры, ақын Аслан Қаженовті шақырған едік.

Арнайы сұхбатқа уақыт бөліп келгеніңіз үшін рақмет! Енді аға, әлеуметтік желіде белсендісіз, ютубта сұхбат жүргізесіз. Жалпы, осы белсенділікке не түрткі болды?

– Енді кесіп айту қиын. Жалпы, журналистиканы оқыдық өздеріңіз сияқты. Сосын «Хабар» агенттігінде 10 жылдан асты. Ол жерде Амангелді Сейітхан дейтін ағай болды. Марқұм 1-2 жыл бұрын қайтыс болды. Сол кісінің қасында жүріп, жайлап осы тақырыпқа бұрылдық. Жалпы, әртүрлі тақырыпта жазып жүрмін ғой. Спорт қызық бола бастады. Сөйтіп, жайлап келдік, кейін терең қазбалай бастадық. Мәселе көп айтатын. Солай кірдік қой осы бағытқа.

Спорт саласын сынап жиі жазба қалдырасыз. Бұл мәселеге қатысты қиындықтар болмай ма? Барынша шындықты жазуға тырысасыз…

– Қиындықтар болады. Және тек қана менде емес, жалпы жазып жүр ғой әртүрлі ащылау жазсаң, ашып жазсаң кері реакциялар болады. Бірақ оған мән бермеуге тырысамын. Өйткені ақпаратты объективті түрде беруіміз керек. Мәселені айтуымыз керек. Жараны жасырмау керек. Көрсету керек, емдеу керек деген сияқты. Болады, сотқа берген кездер болды. Қорқытып, үркітіп үйіне келемін деген кездер болды. Тағы не бар? Әртүрлі форматта болады. Бірақ мүлде оған мән бермеймін. Қабылдамаймын, осы бағытта жұмысты жалғастыра беремін. Ұстазға да байланысты шығар. Жалғастырасың, сабақтастық қой. Олар көрсетіп кеткен жол, бағыт. Сонымен жүріп келе жатырмыз.

Жалпы, жазбаларыңыздан, сұхбаттарыңыздан көреміз, естиміз. Қазіргі спорттағы ахуалға қынжыламыз. Спорттың жағдайын қалай бағалайсыз?

– Спортта мәселе көп енді. Ол ауқымды ғой. Отандық спорт мысалы. Кәсіпқой спорт бар, жоғарғы жетістіктер спорты бар. Бұқаралық спорт, инфрақұрылым бар. Әрқайсысында да мәселе бар. Негізі, көңіл көншітпейді, ия жалпы жағдай өте қиын. Қазақстанның спорты енді тәуелсіздіктен бері қарай есептесек, 90-жылдары Кеңес одағы ыдыраған тұста өте қиын болды. 2000 жылдары менің ойымша, шарықтау шыңына жетті. Дәулет Тұрлыханов министр болған кезде үлкен жұмыстар атқарды деп ойлаймын өз басым. Сол атқарылған жұмыстардың көрінісі 2008-2012 жылдары Олимпиада көрінді ғой, 2016 жылы шеткісі. Сол Олимпиадалар берді нәтижесін. Қазір енді төмен кеттік. Және өкініштісі сол, динамика әлі кетіп бара жатыр төмен қарай. Оны тоқтату керек және жоғары көтеру керек.

Иә, қазір бір ғана спорт емес, жалпы барлық спортқа тоқталасыз, мәселелерін жазасыз, айтасыз. Енді нақты бір тақырыптарға тоқталып өтейік. Бокс жайлы, бокстағы ахуал қандай? Қазіргі жағдай қалай? Лицензия тақырыбы бар...

– Бокстағы жағдай өте қиын тағы да. Жақында Қазақстанның спортакиадасы өтті. Білесіз, қатысушылар өте аз. Тағы Өзбекстанмен салыстырамыз. Өзбекстанда 400-500 бала қатысып жатыр дейді. Бізде 150 қателеспесем. 150-ден аса ғана бала келді. Солтүстік Қазақстан облысы тіптен келмеді мысалы. Яғни, сол аймақта бокс жоқ деген сөз. Одан кейін министр кеңейтілген отырыс өткізді. Көп аймақтарда бүкіл салмаққа келген жоқ балалар. Мысалы, Қарағанды бокс мектебі мықты. Қарағандының спорт басқармасының басшысын тұрғызып қойып сұрап жатыр. «Қайда кезіндегі Головкин болды, Сапиев болды. Бокс мектебі бар еді ғой» десе, «ол кісілердің бапкерлері қазір қайтыс болды, шетелден маман тартатын шығармыз» деп ақталады. Ол да бокстың жағдайы нашар, мүшкіл екенін білдіреді. Ойлап қараңыз енді, Қарағандыда сондай. Біз ұлттық спортымыз деп кеттік қой боксты. Соған шетелден маман тартсақ, бітті шаруамыз. Дәл солай батыс аймақтарда. Аймақтар енді резерв бермей жатыр. Сол жерде мықты балалар таңдалады, іріктеледі. Ауыл-ауылдан іздеп, табады. Сөйтіп осындай жарыстарға әкелу керек. Осы жерде ұлттық командамыз жасақталады ғой. Резервтің жағдайы нашарлау болып тұр. Қазір өнер көрсетіп жатқан ұлттық командамыз мықты жігіттері. Азия ойындарында көрдік. Ташкенттегі әлем чемпионатында көрдім өз басым. Шеберліктері жоғары. Қазақ бокс мектебі бар. Дамып жатыр. Бірақ ол әзірге жеткіліксіз. Бізді жалпы бүкіл спорттарды айтқан кезде бокста жүйе бір жолға қойылған. Кешенді топ бар. Жалғыз осы бокст-ау деймін. Дәрігер бар, психолог бір мамандар тобы жұмыс жасайды. Бірге үйлесіммен жұмыс жасайды.

Жалпы, өңірдегі спорттың жағдайы жайлы жиі айтасыз. Өзгерейін деген өңірдің көрінісі бар ма?

–  Әрине бар. Бұл сындар далаға кетіп жатқан жоқ. Біріншіден, министрлік жіті бақылап отыр. Біздің жазған, сызғандарымызды негізге алып отыр. Жиналыстар болады. Қатысып тұрамын. Қатаң мониторинг жүргізіп жатыр. Бір өкініштісі, заң бойынша өңірлерді қатты тексеруге болмайды. Өйткені спорт басқарма басшыларын әкімдер қояды. Әкімге ғана бағынады. Министрге бағынбайды спорт мамандары, әсіресе спорт басқармалар. Өздері біледі, қалай жұмсайтынын, қайда жұмсайтынын деген сияқты. Бірақ министрлік заңға өзгеріс енгізгісі келеді. Мониторинг деген сөзді енгізгісі келеді. Аймақтағы спорт басқарма басшыларын министрлік тағайындау керек немесе солардың кеңесімен рекомендация дейді ғой. Солардың көмегімен жасалу керек жұмыстар. Одан кейін өзгеріп жатыр. Оралға 2 рет барып қайттым жазда. Шорт-трек шеберлеріне. Хоккей мәселесін көтердік аймақтағы. Футбол мәселесі. Атырауда боксқа қатысты мәселелер бар. Ескеріліп жатыр.

Рақмет аға! Енді осы жеңісті күндердің жаршысы болып жүре беріңіз!

– Сіздерге де рақмет!

Сұхбаттасқан

Әділет Жумагелдиев,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті