Disney үш бірдей фильмін қазақ тіліне өз қаражатына аударып, дыбыстауда. Disney мен Pixar ұсынған «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмін қазақ тілінде дыбыстаған актерлар мен блогерлер кімдер?
Бұл туралы әлеуметтік желіде Халықаралық QAZAQ TILI қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы ақпарат таратты.
«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің басты кейіпкері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, Қуанышты әнші әрі актриса Гүлнар Тлебалды, Мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, Қорқынышты — кино мен театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстайды. Ninety One бой-бэндының солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Мәліков, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та жобаға зор үлес қосуда.
«Тіл мәселесі біз үшін өте маңызды. Жаңадан қосылған Енжарлық сияқты кейіпкердің есімін көп көрермен білмейді, қазақы сөздерді түсінбейді. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 1,5-2 сағаттық фильмде көпшілік біле қоймайтын, оның орнына орысша сөзді пайдаланып кететін сөздерді ұсынамыз. Егер фильмнен шыққан бүлдіршін енжарлықтың не екенін біліп, оны сәтті қолдана алса, демек, қазақша дубляждың кішігірім болсын миссиясы орындалды деген сөз», – дейді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
Дубляжда қазір сирек қолданылатын, бірақ әр адамның сөздік қорын байытар мағыналы да әдемі сөздер аз емес.