Басты бет » Жаңалықтар » Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ МӘШҺҮР ЖҮСІПТІ ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ

Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ МӘШҺҮР ЖҮСІПТІ ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ

Кейінгі ұрпақ ұлы Абайды Болат Әбділмановтың сомдаған бейнесі арқылы көре алды. Қалың көпшілік бүгінде актер Болатты көрсе Абайды көз алдарына елестетері ақиқат. Бұл дегеніңіз, ұлы ақын бейнесінің шебер сомдалуының биік көрсеткіші болса керек. 

Болат Әбділманов – актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері. «Бауырлар», «Абай», «Аға», «Біржан сал», «Анаға апарар жол» және басқа да көптеген фильмдерде басты рөлдерді сомдаған. Біз Болат Мәзімбайұлымен сұхбаттасқан едік. 

Фото: актердың Іnstagram парақшасынан

– Қайырлы күн аға! Әңгіме басын сіздің балалық шағыңыздан бастасақ… Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз? 

– Бала кезде неше түрлі маман болуды армандайсын ғой. Біздің кезде ұшқыш болуды армандайтынбыз. Мұғалім де спортшы да, ақын да болғым келді. Әр түрлі мамандықты ойлап жүрдік. Содан 1977 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Қарагөз деген ауылында мектеп бітірдім. Сол кезде Қазақстанда қой санын 50 мыңға жеткізу керек деген Брежневтің жолдауы болды. Менімен оқыған сыныптастарымның барлығын алып қалды. Ол кезде бүкіл бригада қой бақты. Ішінде қазіргі әнші Майра Ильясова да бар. Сол кездегі Талдықорған облысы бірінші болып 1977 жылы бітірген біздің түлектер арасынан осылардан бірдене шығады-ау деген 3-4 баланы жолдамамен жоғарғы оқу орнына жіберді.

– Өнер жолына келуіңізге не әсер етті? Қандай білім ордасында білім алдыңыз?

– 1977 жылы қазіргі Тараз қаласындағы Технология институтына түстім. Күндізгі оқуға түсе алмадым. Кешкі бөлімінде оқып жүрген кезде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Ол институтта көп тұрақтамадым. 1978 жылы Алматы мемлекеттік көркем-театр институты ашылғалы жатты. Ол жерде актерларды дайындайды екен. Қазіргі Жүргенов университеті. Сол кезде мені көріп марқұм Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева «актер болғын келе ме?» деп сұрады. Мен ұялшақ, ұяңдау, ауылдың қарадомалақ баласымын, маған жауап қайтару ыңғайсыздық тудырды. Ол кісі маған «сен тек театрда ғана емес, киноға да түсетін актер боласың» деді. Кино дегені маған әсер ете бастады. Ол кезде «Қыз Жібекті» қарап, өзінше актер болғымыз келіп еліктейтінбіз. Солай кешкі оқудан шығып, келесі 1978 жылы Жүргенов атындағы Өнер академиясына келдім. Емтиханнан өтіп, 24 бала оқуға түстік. Арасында Сағи Әшімов, Жан Байжанбаев, Шынар Берсүгірова, Дана Әшімова, Әбілқайыр Жандарбек атты атақты адамдардың балалары болды.

– Өнер иесі ретінде шығармашылық өсуіңізге және дамуыңызға кімдер әсер етті? Өнер жолына тәрбиелеген ұстаздарыңыз кімдер?

– Ұзтаздарыма өзімді институттың кафедра меңгерушісі марқұм Рабиға Мұқайқыз Қаныбаеваны, ректор Гүлжахан Жанысбаева және КСРО Мемлекеттік сыйлығын екі мәрте алған Ыдырыс Ноғайбаевты айта аламын.

– Студент кезіңізде қойылымдарға қатысып, рөл сомдаған кездеріңіз болды ма? Ең алғаш сомдаған рөліңіз қандай?

– Студент кезіндегі жұмыс сол рөл сомдау. Бірінші курста сөзсіз бір эпизодтарға қатысамыз, екінші курстан бастап қысқа-қысқа үзінділер ойнаймыз. Шамамен 20-30 минут. Сол кезде алғаш рет Вампиловтың «Періштемен бетпе-бет» спекталінде Анчугиннің рөлін ойнадым. Ал досымды Әбілқайыр Жандарбеков, періштені марқұм Сағи Әшімов сомдады.

– Қай ойнаған рөліңіз өзіңізге ерекше ыстық?

– Рөлдің барлығы өзіңнің балаң секілді, бәрі ыстық. Соның ішіндегі ерекшесі, көрерменнің көзімен қарағанда – Абай. Мен Абай туралы бірнеше спектальде ойнадым. «Абайдың жұмбағы» пьесасын жазып, онда да Абайды ойнадым. Қазақстан ұлттық телеарнасы түсірген «Абай» телесериалында да Абайды өзім сомдадым. Қара сөзінің аудио нұсқаларын жаздым. 100-ден астам киноға түссем де, мені халық Абай ретінде қабылдайды.

– Сіз эмоционалды, күрделі рөлдер сомдаған кезіңіз болды ма? Қойылымдарға, рөл сомдауға қалай дайындаласыз?

– Кино да болсын, театрда болсын рөлдердің барлығы күрделі. Оған адамның образына байланысты дайындалады. «Абайдың жұмбағында» Абайды ойнаймын. Салмақты, сабырлы философиялық ойлауы немесе қатты қиналатын сәттерде эмоциялық тербеністерде Болат Әбділманов ретінде емес, Абай сияқты толғану керек болады.

Боямасыз ақкөңіл,

Кірлетпей кетті жүректі.

Ойламаған өлімнен,

Жасқанамын демек-ті.

Тағдырға тәбділ бола ма,

Сабырлық қылсақ керек-ті, 

– деп ұлы қайтыс болғанда Абай өзін сабырға шақырады. Қазіргі танда Энтони Хопкинстің «Әке» деген фильмінің пьесасын жазып, ішіне қазақтың бүкіл мәселесін кіргіздім. Бүгінгі қайырымсыздық, қатыгездік, түрі қазақ, жаны жат мәңгүрттер болмысы, «Отанды сүю иманнан» демекші, Отан қорғаудан қашып жүрген имансыздар туралы, шетелді жұмақ көріп, шетелдің азаматтарына тұрмысқа шығып жатқан қаракөз қыздарымыз туралы қостым. Бұл пьеса қазір жүріп жатыр. Халық көп келеді, тербеніспен қабылдайды. Пьеса да 80-дегі ақсақал рөлін сомдаймын. Шалдың жүрісін, пластикасын, оның тізесі ауырғандағы жүрісі, ойлау қабілеті де нашар екенін көрсетіп ойнау керек. Осы рөлім үшін Тикетон сайтынан көрермендердің қолдауымен «Жылдың ең үздік актері» номинациясын алдым.

– Болашақта қандай кейіпкердің рөлін ойнағыңыз келеді?

– Қандай рөл болса да ұлтқа, халыққа ой салатындай мағынасы зор, рухани мықты рөл ойнағым келеді. Қазіргі таңда қазақтың ұлы тұлғасы Мәшһүр Жүсіпті ойнағым келеді.

Фото: ult.kz

– Театр сахнасы немесе фильмдерге түсу, осы бағыттың қайсысын жаныңыз ерекше қалайды?

– Ең бастысы, рөл адамның жанына жақын, адамдық позициясын қозғаса болды. Мысалы, «Жерұйық» деген кино бар. Қазақстанға жүздеген, мыңдаған халық көшіп келген кезде қазақ өзі ашаршылықтан шыққан, бір үзім нанды жеп отырған сәтте, өзі аш, өмірге ашулы ағайын, жора-жолдастарын жоғалтса да келген халыққа ашуланбай, кектенбей, соларды үйіне кіргізіп, төріне шығарып, бір үзім нанын бөліскен. Осы фильмде бас кейіпкердің рөлінде болдым. 2011 жылы ең үздік актер ретінде «Құлагер» сыйлығын алдым. Актерлыққа жай адамдар бармайды. Мінезді, ауылдың еркелері барлығына дайын балалар барады. Кезінде қазақша сөйлесіп келе жатқанда бізге орыстың балалары «ты это на каком языке разговариваешь, что это за язык?» деп сұрап, тиісетін. Біз ол жерде жауап бере алмай, бірақ кешке намыстанып киініп шығып, олар өздерімен өздері сырасын ішіп отырған сәтте өшімізді алатынбыз. Бірақ менде орыстарға ешқандай кегім жоқ, олармен араласамын, жақсы көремін. Біз өзіміз қазақ тілін менсінбейміз, ал Тұран одағы өзінің басты тіліне ең бай, құнарлы деп қазақ тілін алды. Тұран одағының ортақ тілі – қазақ тілі. Өз тілін, тарихын, табиғатын білмеген – ол мәңгүрт.

– Сізге қай актерлер мен режиссерлер сіздің өнер жолында қалыптасуыңызға, өсуіңізге көбірек әсер етті?

– Сәулебек Асылхан, Әубәкір Рахимов, Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейітметов, Нұрғанат Жақыпбаев деген режиссерлер маған көп сенім артып, олармен көп жұмыс жасағанмын. Кино саласында «Жерұйық», «Махамбет» фильмдерінің режиссері Сламбек Тәуекелмен жұмыс істедім.

– Актерлықтан бөлек бойыңыздағы қандай өнер, қабілетті атар едіңіз?

– Ең данышпан адамның өзі Алла берген қасиеттің ары кетсе 30 пайыз талантын ғана аша алады екен. Сондықтан адам бойында қабілет өте көп болуы мүмкін. Актердан бөлек, өлең айтуым мүмкін. Өзім білмеймін, жора-жолдастарым менде ораторлық қабілеті бар, шешен адамдар қатарына жатқызады.

– Сахнадағы рөлге, ойынға сыни пікір айтушыларды қалай қабылдайсыз?

– Өте жақсы қабылдаймын. Білікті, білімді сыншылар қазіргі Еркін Жуасбек, Әшіров Сығай, Ықсан Асылбекті дұрыс қабылдаймын. Ал қазақтың тілін дұрыс білмей, актерлықтан, режиссерлықтан хабары жоқ, тек қана сыншылықты теория жүзінде меңгерген, практикасы жоқ кейбір сыншыларға таңым бар. Оларға өкпем қара қазандай.

– Болашаққа арман-мақсаттарыңыз қандай?

– Өнерде артымнан із қалдыру. Образдарым арқылы халыққа ой салу.

– Бос уақытыңызды қалай өткізгенді ұнатасыз?

– Мен қазір қалада тұрмаймын. Өзім ауылдың баласы болғандықтан мені ауылға тартады. Содан осыдан бір 12-13 жыл бұрын Үшқоңыр деген ауылға көштім. Тауға шығамын, биікке шыққанды жақсы көремін. Биіктен төменге қарағанды жақсы көремін. Тауға жаяу шығамын. Кейде түнде тауда жүруім мүмкін. Өзім осы табиғатта өскен қойшының баласы болғандықтан қорықпаймын.

 Фото: актердың Іnstagram парақшасынан

– Өнер жолын таңдаған жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Бірінші өнерді сүю керек. Өнерді еліктеу, жұлдыз болу үшін таңдау – жай дүние. Кез келген кәсіптің маманы болу керек, оқу керек. Сонда ғана сен болашақта еңбегіңмен халықтың жүрегінде қаласың. Актердың фантазиясы мықты болу керек. Ол үшін кітап оқу керек. Оның ішінде көркем әдебиет.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін»

деп Мағжан атамыз жырлап кетті. Сол жастар –сендерсіңдер. Қазіргі тілмен айтқанда, білімді болыңдар, еліңді, ұлтыңды сүйіңдер. Әскерге барыңдар, біздің кезімізде танысқанда руын, жерін емес, «әскерге бардың ба?» деп сұрайтынбыз. Ол кезде әскер 1 жыл емес, одақта 2 жыл, моряктар 3 жыл қызмет ететін. Қазақстанда емес, Сібір жаққа жердің түкпіріне кететінбіз. Армян, грузин, өзбек, қырғыз және басқа да неше түрлі ұлт арасында өзіміздің қазақ екенімізді дәлелдеп жүретінбіз. Отанды қорғау, елді қорғау бірінші орында тұруы керек. Батырлар жырын, «Көшпенділер» трилогиясын, Алаш арыстарын, поэзияны көп оқындар. Поэзия деген бүкіл адамның мінезін биіктікке апарады, поэзияны жақсы көрген адам үлкен істерге бара алады. Поэзияны сүйіндер! Дауыстап, сезіммен оқыңдар! Сонда жүректерің тазаланып, сендер де рухты боласыңдар!

– Сырлы сұхбатыңызға үлкен рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан

Дильназ Шахматова