Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » Мектеп бітіру кеші: думан ба, даңғаза ма?

Мектеп бітіру кеші: думан ба, даңғаза ма?

25-мамыр – 11-сынып оқушылары үшін өте ерекше күн. Бұл күні түлектер ең сәнді деген киімін киіп, ең жақсы мейрамханаға барады, әдемі көліктер жалдап, қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасайды. Білім ордасынан түлеп ұшқандар арасында кішігірім той болады. Бітіру кешінің мәні де осында. Олар – 11 жыл бойы өткізген кезеңді еске алып, алып-ұшқан ең қызық сәттерімен бөліседі. Жаңа өмірге жаңа деммен қадам басып, мектеп жылдарының еншісінде қалған қайтарылмас балалық шақты тек сағынышпен еске алады. Бұл туралы «Ақмешіт жастары» желілік басылымы жазды.

Дегенмен бір күндік кеш ата-ананы да, білім беру саласының өкілдерін де алаңдатып қоятыны жасырын емес. Бұл кешті ұйымдастыру – ата-ананың қалтасына салмақ түсіреді. Сондай-ақ көптеген тойдың соңы орны толмас қайғыға әкеліп, қылмыстық іс-әрекеттердің де болып жатқанын ел болып естіп келеміз. Мақалада осы тақырыпты талдап көрдік.

Биыл соңғы қоңырау бола ма?

2023-2024 оқу жылын 4 млн-ға жуық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы мектептен түлеп ұшады. Жуырда су тасқынына байланысты соңғы қоңырау болмайды деген хабар шығып, халық дүрліккен де еді. Ата-аналар әлеуметтік желіде жарыса жазып, соңғы қоңыраудың болмайтынына наразылықтарын білдірді. Сәуір айының соңында Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектеп түлектерінің салтанатты кеш жасауына, банкеттер мен автомобильді кортеждерге шығуына тыйым салды. Түлектер емтиханға «сапалы» дайындалуы үшін шектеу енгізілді деген себеп айтылды. Алайда кейін тыйым алынып тасталды.

– Биылғы мектеп бітірушілер арасында 7 704 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара 25 мамырда өтеді. Аттестаттарды табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығына белгіленді. 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр -11 маусым күндері өтеді, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Ата-ана үшін әжептәуір салмақ

Білім ордасымен қош айтысатындар жыл сайын «бітіру кешінен» бөлек көп шығындалады. Мәселен, ҰБТ-ға дайындалу үшін ай сайын 1500 теңгелік тест тапсырады. Арнайы курстарға қатысады, ал курс кемінде 60 мың теңгеден жоғары қаражатты талап етеді және бұл ай сайынғы төлем. Сондай-ақ қызылордалық оқушылар жылда Түркістан облысына саяхаттап қайтуды дағдыға айналдырған. Тағы да айта кететін жайт, оқушылардың виньеткасының құны да арзан емес. Мәселен, 6 беттік альбомның бағасы 6000 мың теңге. Арнайы локация, түсірілім үшін арнайы киім дайындайды. Сондай-ақ оқушылар лентасы бар, ол да – ақша. Кемінде 1000-1500 теңге.

– Балам әні-міне дегенше мектеп бітіретін жасқа да жетті. Ұлымды ҰБТ алдында мемлекеттік орта мектептен ақылы «Мансап» мектебіне ауыстырдым. Қарапайым мектепте қосымша сабақтар өткізілмейді, ал балама ҰБТ-ға дайындайтын қосымша сабақтар қажет болды. «Мансап» мектебінде бұл мүмкіндік қарастырылған. Қосымша сабақ үшін айына 55 мың теңге, ал мектептен бөлек курс үшін 200 мың теңге төлейтінмін. Ал мектептегі оқу құны жылына 500 мың теңге. Сондай- ақ баламның виньеткасына 12 мың теңге төледік. Ұлыма керек болған тағы бір зат – оқушылар лентасы, оның құны 1500 теңге болды.

Кейінгі кезде мектеп бітіру кешіне тыйым салынып жатыр деген ақпараттарды естідік. Алайда балалар ебін тауып, сол күнді атап өтетіні анық қой.

Қазірден ақша жинап, кешті өткізетін жерді іздестірудеміз. Кортежі, мейрамханасы бар бұл кештің құны бір оқушы үшін 120 мың теңгеге шықты. Расымен, балаларымыздың мектеп бітіруінің өзі қыруар қаржыны талап етті.

Қатарынан қалмасын деп жұмыс істеп, сол шығынның бәрін өтейміз, әрине. Алайда кейбір отбасылардың да жағдайына қарау керек. Толық емес отбасы, көпбалалы отбасы, тек 1 адам жұмыс істейтін жанұялардың қалтасына «бітіру кеші» әжептәуір салмақ түсіреді. Балалар мұны ұға бермес, бірақ осындай жағдайлардың орын алуы мүмкін екенін түсіндіру біздің міндетіміз, – дейді қала тұрғыны Салтанат Тышқанбаева.

Түлектерді полиция қадағалайды

Былтыр түлектердің қатысуымен бірнеше тәртіп бұзушылық тіркелген. Сол себепті биыл Ішкі істер министрлігі олқылықтардың алдын алу үшін әрбір мектепке полиция қызметкерлерін бекітетінін хабарлады.

Өткен жылы оқушылар ата ананың қарауынсыз рұқсат етілмеген жерлерде шомылған. Осының кесірінен мектеппен қош айтысамын деген бала өмірмен қош айтысып, мереке соңы орны толмас қасіретпен тәмамдалды. Бұл оқиғалар көбіне Ақмола, Маңғыстау, Атырау облыстарының су тораптарында орын алған. Сондай-ақ мектеп бітірушілер рұқсатсыз транспорт көліктерін тізгіндегені үшін тәртіп бұзушылықтар жиі орын алған. Түлектер толық ата-ананың бақылауында болып, тыйым салынған алкоголь, есірткі, өзге де психотропты дүниелерден аулақ болуы тиіс.

– Ата-аналар және мектеп бітіруші түлектерден қоғамдық тәртіпті бұзбауды, жол жүру ережелерін сақтауды, су қоймаларындағы қауіпсіздік шараларын ескеруді сұраймыз. Тәрбиеші, ата-аналар және кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдері іс-шара аяқталғанға дейін түлектерді тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі керек.

Құрметті түлектер мен олардың ата-аналары, бұл мереке сіз үшін тек жағымды жағынан есте қалуы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 нөміріне, ал төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз, – деп үндеу жасады ішкі істер министрлігінің өкілі Әсет Оспанов.

Мерекенің берекесі кетпесін

Десек те мектеп бітіру кешінің өзіндік орны ерекше. Оқу орнымен қоштаса отырып, жаңашылдыққа қадам жасайды. Мерекелік кеш ауыр емтихан алдында әрбір түлекке психологиялық тұрғыда көмек беріп, бір серпіліп қалуына әсер етеді.

– Мұғалім ретінде мерекенің атап өтілуіне қарсы емеспін. «Заманына қарай амалы» демекші, баласы ер жетіп, қызы бой жеткені ата-ананың қуаныш тойы деп есептеймін. Бұл жерде бітіруші түлектер шектен шыға есіріп емес, есті көзқараспен қуана білсе дұрыс болар еді. Ата-аналар қадағалай алатын деңгейде өткені дұрыс. Жол апаты, төбелеске ұласып, мерекеге емес, берекесі кеткен іске ұласатын болса, онда берілген білім мен тәрбиенің еш кеткені деп ұйғарғанымыз жөн, – дейді «Абылай хан» атындағы №140 қазақ орта мектебінің мұғалімі Марал Қосанова.

Бұл күнді атап өту міндетті емес, бірақ жақсы жылдарды жақсы естеліктермен есте қалдыру әрбір оқушыға мәні бар құндылық. Бітіру кешіне қатысқанын дұрыс деп санайтын келесі кейіпкеріміз ертеңгі күні еш өкініштің болмағанын қалайды.

– Мектеп бітіру кеші оқушының өмірінде бірінші және соңғы рет болады. Ол әрбіріміз үшін маңызды. Себебі мектеп бітірген соң сыныптастарыңды көру-көрмеуіміз екі талай. Қаражат жағынан қиналып қалуымыз мүмкін, алайда оның орны толады, бірақ өткен уақытты қайтару қолымыздан келмейді. Сыныптастарымыздың жағдайына қарап, бір шешімге келсек, ешкімнің көңілі қала қоймас. Бұл күн үшін барлығымыз белсенді дайындалатынымыз да сөзсіз. Мектепте өткен уақытты осы кеш арқылы мәңгілік есте сақтап қалғанымызды құп көремін, – дейді биылғы түлек Аяжан Махаббат.

Таяқтың екі ұшы бар дегендей, пікірлер легі қатар түсіп тұр. Бірі кештің болғанын құптаса, енді бірі бұл барлығына бірдей қолжетімді дүние емес дейді.

– Шынымды айтсам, біздің бітіру кешіміз көңілімнен шықпады. Оған қаншама дайындық, уақыт, қаражат кетті. Көңілді отырысты ұйымдастыруға қашан да уақыт бар, алайда барлығының дерлік қаржылай мүмкіндігі жоқ. Кейбір сыныптастарымның отбасылық жағдайы төмен болды. Олардың да бұл кештен қалғысы келмейді, дегенмен қолдан келмесе амал жоқ. Күндіз жұмысбасты болып, кешке үй тірлігімен айналысатын анамызға қыдырыс үшін ақша сұрауға қысыламыз. Ал есейіп, ес жиған соң тойлатуға әрқашан мүмкіндік бар. Мектеп бітіруші түлектің зейіні алда болатын маңызды емтихандарда болуы керек деп есептеймін, – дейді студент Наргиз Балтабай.

Түйін. Мектеп бітіру кеші расында естеліктерге толы әрі қызық. Алайда көптеген тәртіп бұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттің көбеюі де өзекті мәселе екенін естен шығармаған абзал. Жар құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген әр ата-ана баласы бәріне дайын. Десек те мақтанға салынып, арзан күлкі мен бос ысырапшылдыққа бой бермей үйренгеніміз дұрыс секілді.

Нұршат НЫШАНОВА