Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде 300-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Әскерге шақырылған жастар бір айлық жас жауынгер курсынан өтті. Осы уақыт ішінде олар саптық дайындық элементтеріне машықтанды. Қоян-қолтық ұрыс техникасын үйренді. Көздерін байлап қаруды бөлшектеу мен құрастыруға жаттықты. Мұның бәрі салтанатты рәсімге келген қонақтарға көрсетілді.
Іс-шараға Астана, Шымкент және Қазақстанның басқа да қалаларынан шақырылған сарбаздардың ата-аналары мен жақындары жиналды.
Шымкенттен шақырылған қатардағы жауынгер Қанат Өмірзақов жоғары білімді құрылысшы. Әскерге дейін медициналық жабдықтарды қондыру инженері болып жұмыс істеген. Әскерге бара жатып, ұшқыш болсам деген көптен бергі арманын жүзеге асыруға шешім қабылдапты.
– Жергілікті әскери басқару органында болғанда мерзімді қызметті өткерген соң еліміздегі жоғары оқу орындардың біріне грантқа үміткер бола алатынымды білдім. Алда Азаматтық авиация академиясына оқуға түсу үшін лайықты қызмет етуге ниеттімін, – деді Қанат.
61993 әскери бөлімінің командирі подполковник Данияр Карманов ата-аналармен жүздесіп, ұлдарының болашақ қызметтері туралы айтты.
Іс-шара соңында жас сарбаздар жақындарымен бірге алғашқы сейілге шықты.
Әскери ант беру іс-шаралары Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Алматы, Жетісу және Қонаев гарнизондарында орналасқан әскери бөлімдерінде бір мезгілде өтті. Онда биылғы көктемде шақырылған 1500-ден астам жас сарбаз Отанға адал болуға ант берді.