Басты бет » Жаңалықтар » «ЖАН ШУАҚ» лауреаттары марапатталды

«ЖАН ШУАҚ» лауреаттары марапатталды

Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттары салтанатты түрде марапатталды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мәселесіне айрықша назар аударатынын атап өтті.

«Біз қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағынасында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Президент тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті. «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы қызметке кірісті. Оның құрамында 19 депутат бар. Өңірлік мәслихаттарда ерекше қажеттілігі бар 71 депутат өз міндетін атқаруда. Олар әлеуметтік кедергілерді жою және ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолжетімді орта құру мәселесімен тұрақты түрде айналысып келеді.

Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, биыл «Жан Шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Жалпы, осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа бөленді.

«Өзіндік ерекшелігіне қарамастан, әр адам тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл сыйлық аталған қағиданы өмір шындығына айналдырған, қиындыққа мойымай, табандылық танытқан және бәрімізге шалқар шабыт сыйлаған жандарды даралайды. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдардың дамуына, өз қабілет-қарымын танытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесеміз», – деді ол.

Бейбітшілік және келісім сарайында мыңнан астам мейман мен қатысушы жиналды. Іс-шара басталар алдында бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі өтіп, онда ерекше қажеттілігі бар суретшілер әзірлеген өнер туындылары ұсынылды. Биыл «Жан шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Жалпы, осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа бөленді.

«Ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясының иегері Түркістан облысының азаматы Мейірхан Топанбайға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сыйлықты өз қолымен табыстады. Ол – 10 тілді меңгерген және 68 мың кітап оқыған жан. Барлығы 8 номинант марапатқа ие болды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді. «Жан шуақ» рәсімі қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен мерекелік концертпен аяқталды.

Фото Әли ҒалымМейірбек Тажқұранов