Басты бет » Жаңалықтар » ҰЛТ ҮШІН ҰЛЫ, ҰСАҚ ҚЫЗМЕТ ЖОҚ!

ҰЛТ ҮШІН ҰЛЫ, ҰСАҚ ҚЫЗМЕТ ЖОҚ!

 

 

 

 

 

 

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,

тарихшы, этнолог. 

Патша үкіметі құлап, қос өкімет орнаған кез. Алаш азаматтары Алаш партиясын құрып, Алаш автономиясы, Алашорда мемлекетін құрды.

Сол кезде Бүкілресейлік құрылтайға депутат сайлау керек болды.

Алаш қайраткерлерінің барлығы ел-елді аралап кетті.

Міржақып Дулатұлы болса, “Қазақ” газетін шығару жұмысында қалып қойды.

Оған:

Саяси додаға қатысыңыз, сіздің де өз орныңыз бар ғой,- дегенде,

Міржақып Дулатұлы: бәріміз сайлау, билік, депутат деп кетіп қалсақ,газетті кім шығарады?

Ұлт ісі дегенде ұлы, ұсақ деген болмайды.

Ұлт үшін жасалатын әрбір іс ұлы болып саналады.

Әркім өзінің орнында ұлт үшін адал, әділ қызмет етсе, сол ұлы іс болып саналады.

Мен енді ұлт үшін газет шығарып та ұлтқа қызмет ете беремін, депутатқа түспеді деп қапа болмаңыздар деген екен.

Ұлт үшін қызмет етіп шәһит болған барша бабаларымыз, аталарымыз, аға-апаларымыздың рухы пейіште шалқысын!

Бүгінгі ұрпақтары тәуелсіздіктің тәтті дәмін ащы тер, төгілген қанмен келгенін ешқашан ұмытпай, тулақтай болса да жері үшін күресіп, тілі мен ділін, ұлт құндылығын, салт-дәстүрін сақтап, бізге жеткізгенін ұмытпай, бабалар аманатын жан-жүрегімізбен сезініп, берік болайық, рухымызды түсірмейік!

Сол бабалар аманатының келесі ұрпаққа жетуі біздің қолымызда екенін ұмытпайық!

Бірге болайық, іргелі ел болайық!

Ұлт болашағы — ұлттың тілі, ділі, ұлт құндылығы!

Төмендегі суретте қанатымен су сепкен қарлығаштай, шырылдап, қолынан келгенше ұлтқа қызмет етіп жүрген, менің алтын сіңлілерім, қазақтың рухты қыздары.

Қыздар мықты болып кетті, бұл рас.

Қазақ қызы қашанда рухты, мықты.

Бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Ал ана қашанда ұрпағын ойлайды.

Баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр! Бірақ біздің бар арманымыз -ұрпағымыздың өрелі, рухты, саналы болғаны.

Жасап жүрген жұмысымыз үшін біреулерге жақпай да жатамыз.

Аяқтан шалу, біздің істеген жұмысымызды көпе-көрнеу елемеу, көзге ілмеу сияқты әділетсіздіктерді сеземіз. Бірақ біздің ардақтыларымыз — Алаш зиялылары ұлтқа қызмет еткені үшін жанын қиды. Біз үшін құрбан болды. Олардың жанында біз ешкім емеспіз.

Өкініштісі, Ұлттың ертеңін ойлау ісі, қашанда ауыр, тіпті қауіпті іс.

Оны ауырлататын да, өзіміз.

Оны ұқпайтын да өзіміз.

Қадірлі бауырларым, қазағым! 

Көре алмау, аяқтан шалу, басымыз бірікпеудің түбі, тарихта ешқашан жақсылыққа әкелмеген.

Дәл қазіргідей әлемдік жаһандану үрдісінде ұлт болып сақталу үшін сындарлы сәт болып тұрғанда қазақы болмысымызға жат мінезден арылайық.

Ешкім-ешкімнен асып кеткісі келмейді, ешкім-ешкімнің орнын тартып алғысы келмейді.

“Қара шаңырақтың” айналасына жиналғандардың бір-ақ мақсаты бар. Ол қазақтың болашағы, ұрпағымыздың ертеңі.

Ертеңгі ел азаматтарын рухани азғындықтан сақтап, рухы биік, көкірегі ояу, саналы азаматтар болуына үлес қосу!

Жұмысшы да, дәрігер де, депутат та, әкім де, банкир де, баршамыз ең алдымен, ұрпағының ертеңіне алаңдайтын ата-анамыз.

Ертеңіміз мықты болсын десек, бүгін ойланайық, оянайық!

Ертеңгі ұрпақтан қарғыс емес, алғыс арқалайық!

Ұлт болашағы үшін күресте қашанда ер-азаматтарымыз мықты, рухты, батыр болсыншы, қазақ қыздарының, аналарының ащы үнін, тіпті жан дүниесін жарып шыққан жан айғайын, ұрпағының амандығына деген аппақ тілегіміз орындалсыншы, лайым!

Бүгінгі қасиетті мерекені жан-жүрегімен сезініп, кезекті мереке сияқты құттықтай салмай, Тәуелсіздік бұл — ұлттың болашағы, ұрпақтың ертеңінің мерекесі екенін ұмытпайық!