Басты бет » Жастар үні » БЕС ЖАС ҒАЛЫМҒА ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

БЕС ЖАС ҒАЛЫМҒА ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты жиында ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының бес жас ғалымына Мемлекет басшысының атынан тұрғын үй сертификаттары табысталды.


Солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы Әйгерім Есенаманова.

Жас ғалым үшін бұл – ғылым жолындағы еңбегіне берілген жоғары баға әрі болашаққа деген сенімді нығайтатын маңызды қолдау. Тұрғын үй сертификатының иегері атанған Әйгерім Серікқызы өз қуанышымен бөлісіп, жас ғалымдарға көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым хатшысы, докторант Темірлан Жорабай – Мемлекет басшысының атынан тұрғын үй сертификатына ие болған жас ғалымның бірі.

Жас зерттеуші көрсетіліп отырған қолдаудың маңызына тоқталып, ғылымды дамытуға бағытталған бастамалар үшін алғысын білдірді.

«Жас ғалымдарға көрсетіліп отырған қамқорлық үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, осындай бастамаларды жүзеге асырып, жас зерттеушілердің әлеуетін арттыруға және ғылымды дамытуға күш салып келе жатқан Ғылым және жоғары білім министрлігіне, сондай-ақ өзім қызмет ететін қазақ тіл білімінің қара шаңырағы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына зор алғысымды білдіремін. Бұл – ғылымға көрсетілген әлеуметтік қолдау ғана емес, ғылымға деген құрмет, бізге артылған үлкен үміт пен сенім. Ендігі мақсатымыз – сол сенімді ақтау. Қазақ ғылымының дамуына, Қазақстан ғылымының өркендеуіне аз да болса үлес қосу», – деді Темірлан Сейтқасымұлы.