Басты бет » Жаңалықтар » 400 мыңнан аса жас Ұлттық қордан қаржысын алды

400 мыңнан аса жас Ұлттық қордан қаржысын алды

Балаларды қолдау шаралары елімізде жүйелі түрде қолға алынып келеді. «Ұлттық қор – балаларға» – осы игі істің бастамасы. Бағдарлама іске қосылғалы 7 миллионға жуық қазақстандық баланың есепшотына қаражат аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы балаларды қолдау бағытындағы еліміздің маңызды жетістіктерінің бірі деп атады.

Президент балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау — аса маңызды міндет әрі мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екенін еске салды.

— ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мәлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды, — деді Қ. Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Оның айтуынша, 2024 жылы — 695,5 миллион доллар, 2025 жылы — 888,8 миллион доллар, 2026 жылы — 901,7 миллион доллар қаражат аударылған.

— Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Жыл басынан бері елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл құжатта өскелең ұрпақты қолдауға арналған шаралардың бәрі көрініс тапты.

2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 қазанға дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды (НЖ) пайдалану бойынша жалпы сомасы шамамен 88,86 млн АҚШ долларына 407 145 алушыға төлем жасалды. Оның ішінде 267 986 алушыға жалпы сомасы 58,29 млн АҚШ доллары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, ал 139 159 алушыға 30,57 млн АҚШ доллары білім алуға ақы төлеу үшін аударылды.

1 қазандағы жағдай бойынша жыл басынан бері НЖ төлемдерін жалпы сомасы 57,59 млн АҚШ долларына 211 748 қазақстандық алған. Бұл ретте 145 981 алушыға тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 38,86 млн АҚШ долларынан астам сома, ал 65 767 алушыға білім беру ақысын төлеуге 18,73 млн АҚШ доллары аударылды.

Қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды. Еске салайық, НЖ алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Егер қаражаттың бір бөлігі талап етілмесе, қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады. Одан кейін пайдаланылмаған қалдық алушының ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту бағытында ең көп сұранысқа ие болған мақсат – тұрғын үй құрылыс жинақтарына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру. Осы мақсат бойынша 144 160 алушыға жалпы сомасы 38,26 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу мақсатында 920 жас қазақстандыққа 221,38 мың АҚШ доллары, ал азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді меншікке сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) мақсатында 531 қазақстандыққа 128,34 мың АҚШ доллары төленді.

Нысаналы жинақтарды білім алуға пайдалану бағытында қаражаттың ең көп көлемі Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне ақы төлеуге бағытталды. Төлемдер әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін бөліп-бөліп немесе оқу мерзімінің бүкіл кезеңі үшін біржолғы толық көлемде жүзеге асырылады. Осы бағыт бойынша 61 553 азаматқа жалпы сомасы шамамен 17,58 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүргізілді.

Басқалармен қатар мына бағыттар да сұранысқа ие болды: білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыруға 3 092 алушыға жалпы сомасы 810,23 мың АҚШ доллары аударылды. Ал шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы бойынша бөліп-бөліп немесе оқу мерзімінің бүкіл кезеңі үшін біржолғы толық көлемде 1 015 азаматқа 266,29 мың АҚШ доллары бағытталды.

Еске салайық, нысаналы талаптарды есептеу нысаналы талаптарға қатысушы қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда тоқтатылады. Нысаналы талаптарға қатысушының/нысаналы жинақтарды алушының қайтыс болуына байланысты нысаналы талаптарды/нысаналы жинақтарды алу үшін олардың мұрагерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіне алады.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мұрагерлерге жалпы сомасы 77,23 мың АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүзеге асырылды. Бұл қаражатты 236 азамат алды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.

18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.

Нәтижесінде, бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда):

— үшінші жыл — 370 доллар 56 цент;

— екінші жыл — 263 доллар 93 цент;

— бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент.

18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН бойынша, eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ eGov Mobile және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында тексере алады.