Басты бет » Әдеби әлем » Сағынғаным болмаса

Сағынғаным болмаса

%d0%b1%d0%b0%d0%ba%d0%b6%d0%b0%d0%bd

Бақжан Елсінбекқызы – Шығыс Қазақстан облысы С. Аманжолов атындағы университеттің филология факультетінің студенті. Оралхан Бөкейдің елінде туған ерке қыз жыр-моншақтарын әдемі тізеді екен. Бұл, әсіресе «Сағынғаным болмаса» деген өлеңінен байқалатындай.

 

Алтай серісіне

Серілік дейтін сертіңде тұрып,
Қазақы келбет көркіңде тұнып.
Моншақтап тізсең махаббат әнін,
Нәп-нәзік қыздың еркінде қылық.

Мұзтаудан төккен мұнар мұңыңды,
Дұғалы жүрек тұмар қып ілді.
Бозамық жырдан боз тіккен ару,
Сал-серілігіңмен сынар ғұмырды.

Алтай серісі аппақ қыраным,
Кетсем бе екен таптап құмарын.
Күлше қыз болып іздетсем бе екен,
Туфлиімнің тастап сыңарын.

Ханзада сезім мас қылатын да,
Ой тастап кеттің жас қыз ақынға.
Алтайдан асып жетер ең маған,
Тұсаулы, әттең, ақбоз атың да.
Жыла жаңбыр

Жыла, жыла, жыла жаңбыр, жасқанба,
Шер-мұңыңды ақтарып ал бақтарға.
Сен шүбәсіз айналасың ақ қарға,
Сен куәсіз жете алмайсың ақпанға.

Жыла жаңбыр, жұбатпаймын, жыласын,
Көк тәңірдің елшісі сен шығарсың.
Ақын әлем мастанса егер нұрыңнан,
Тақуа әлем тазартсыншы күнәсін.

Жыла жаңбыр, иіп тұрса аспан шын,
Көк күбіден гауһар моншақ жас тамсын.
Жыла жаңбыр, күннің көзін құрғатпа,
Ақ сәулелер нәзік мұңнан жасқансын.
Жыла, жаңбыр…
Сағынғаным болмаса…

Аспандағы бар мен жоғы білінбей,
Айдың бетін сызып жұлдыз құлады.
Ақ әжемнің күрсіністі үніндей,
Жамалды ұрып, жалынды жел тынады.

Көңіліне көк тәңірден келген мұң,
Жапырақтың тамшысына тақтым ән.
Жебір мінез желегіндей жеңгемнің,
Табиғатты тұмшалайды ақ тұман.

Бозғлыт бұлттар кірпіктен жас төккен соң,
Тереземді аямай-ақ төске алды.
Сезіміне жауап таппай кеткен сол,
Боз баланың өкпесі ме деп қалдым.

Сусап өпті кешкі самал бүгін де,
Қуанышқа бөлей қоймас ол да аса.
Менің күнім өзгеріссіз, түнім де,
Тек өзіңді сағынғаным болмаса.

 

Бір қыз қалды Өскеменде…

Кеткен едің кеш келем деп,
Арамызда жол жатқан жоқ күншілік.
Бір қыз қалды Өскеменде,
Хан тәңірдің тұманына тұншығып.

***

Саған ғашық бір қыз қалды,
Сағыныштың бесігіне бөленген,
Мұңаятын елесіңмен және де,
Уанатын өлеңмен.

Саған ғашық бір қыз қалды,
Кірпігінде ерке ұшқын,
Жүректегі жадау жыры,
Толқынында Ертістің.

Құба кештің шапағы мен
шапағаты – тұрағы.
Бозғылт таңның серігі боп,
Сені күтіп жүр әлі….

Үміт
Күтем,
Телефон шырылын,
Күтумен өтсе де ғұмырым,
Жүрегім дәрменсіз таразы,
Бір үміт кермегі, бірі мұң.

Сезімім семеді әл құрып,
Барады қоп-қою таң да іріп,
Түксиіп түн қашты аспаннан,
Ал жүрек мәңгілік мәнгүдік.

Қаламым жылап тұр сөзге ере,
Жанарым сыр бермей өзгеге,
Жан жырым өгейсіп адасты-ау,
Мендегі бақытым кезбе ме…

Дәрменсіз төзімім бәріне,
Таңба боп таңылды тәніме,
Бұлт асып ай кетті, сен жақтан,
Хабар жоқ әлі де, әлі де…

P.S.
Екі ұдай үмітті мекендеп,
Сезімді үзбейсің лекерлеп,
Кейде мен тілеймін, кеше көр,
Сыраға мастанса екен деп,
Сонда сен батыл боп,
(Болмаса ақыл жоқ!)
Ұмытып көңілдің наласын,
Телефон шаласың!…

Пікір жазу