Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының өндіріс алаңында форум ұйымдастырды.
Форум жұмысына Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, өңірге танымал еңбек ардагерлері, ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындары, шаруа қожалықтарындағы жастар және техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері қатысты.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова өндірісте еңбек етіп жүрген жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Ол дәстүрлі «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 200-ге жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 55 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасқанын жеткізді.
Форум барысында өңірлік жобалар, кәсіптік бағдар беру экскурсиялары және жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар жас мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесі жайлы ой қозғады.
⠀
Айта кетейік, Жамбыл облысында 355 мыңнан астам жас бар, бұл өңір халқының 29%-дан астамын құрайды. Форумда өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар – Бексұлтан Болғанбек пен Қайсар Алдахметов сөз сөйлеп, жастарды еңбекқорлық пен табандылыққа үндеді.