Басты бет » Жаңалықтар » ДАЛА ЗАҢЫНАН АТАЗ АҢҒА ДЕЙІН…

ДАЛА ЗАҢЫНАН АТАЗ АҢҒА ДЕЙІН…

Алдымызда 30 тамыз – Конституция күні. Осы орайда Конституция ұғымына қысқаша тоқтала кеткен жөн.

Конституция – мемлекеттің басты құжаты. Ол – мемлекет үшін заң ережелерінің, негізгі қағидалардың, принциптердің жиынтығы. Конституция – елдіктің басты тірегі. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – десе, ежелгі ойшыл Аристотель: «Заң – мықты тәртіп. Заңсыз мемлекет болмайды», – деген. Демек, адамзат санасы жетіліп, қауымдасып өмір сүре бастағаннан бері белгілі бір ереже, тәртіп аясында өмір сүріп келеді. Заң жоқ жерде хаос орнайды. Өкінішке қарай, оны біз Тәуелсіздік тарихында да сезіндік: Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде заң мен тәртіп сақталмаған сәтте, Алматыда қандай ауыр жағдай болғанын көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезіндік. Сондықтан заң мен тәртіп ұғымын еліміздің әрбір азаматының, әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіру – аса маңызды міндет.

Қазақ мемлекеттілігінің тарихына үңілсек, заңдылық жүйесі тереңнен бастау алады. Қасым ханның «Қасқа жолы» – бүгінгі тілмен айтсақ, тұтас бір конституция болатын. Кейін Есім ханның «Ескі жолы» жазылды. Оның бес таруы қазақ халқының ортақ заңы болды. Ал Әз Тәуке ханның тұсында бұл заңдарға тағы екі тармақ қосылып, «Жеті жарғы» дүниеге келді. Қазақ Ресей бодандығына түскен кезеңде де, кейін КСРО құрамында болған шақта да ұлттық заңдарымыз сақталып отырды. Алаш қайраткерлері жазып шыққан конституцияны мысалға алсаңыз да, 1927 жылғы Қазақ АКСР-інің заңын алсаңыз да, 1937 жылғы ҚАЗКСР конституциясын қарастырсаңыз да – барлығы қазақ мемлекеттілігінің белгілерін айқындады. Мәселен, 1937 жылғы заңда «Қазақстан егемендігін сақтай отырып, өзінің дербес саясатын жүргізе алады» деген баптың болуы – соның айқын дәлелі.

Тәуелсіздік алған соң алғашқы Конституция 1993 жылы қабылданды. Ал 1995 жылғы Ата заң бүгінгі күнге дейін еліміздің даму жолында негізгі құқықтық негіз болды. Кейінгі жылдары оған бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соңғы ірі реформа 2022 жылы өтті. Осылайша, біз сонау Қасым ханнан бастап, бүгінгі Ата заңға дейінгі тарихи жолда – заң аясында өмір сүріп келеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Конституцияның маңызына ерекше тоқталды: «Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы», – деді.

Сондай-ақ ол дала заңдылығының дәстүрін айрықша атап өтті: «Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті», – деді Президент.

Президенттің айтуынша, ең маңызды өзгерістер соңғы үш жылда болды: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді бір ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдықі», – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ ол Конституциялық реформа нәтижесінде баптардың үштен бірі жаңартылғанын атап өтті.
Қорытындылай келе, Конституция – елдіктің ең басты белгісі, мемлекеттіліктің мәңгі тұғыры. Сондықтан Ата заңды құрметтеу, оның қағидаларын дәріптеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы