Басты бет » Табыс сыры » Жеңісгүл ДӘУЛЕТОВА, қолөнер шебері, кәсіпкер: «Қанағат пен рахымды ойлаған жанның кәсібінде береке болады…»

Жеңісгүл ДӘУЛЕТОВА, қолөнер шебері, кәсіпкер: «Қанағат пен рахымды ойлаған жанның кәсібінде береке болады…»

             Бірінің тәні мүгедек, ал басқа бір жанның жүрегі жаралы болған қоғамда он алты жасында көлік апатына ұшырап, жүре алмай қалса да тағдыр тәлкегіне қарамастан жаны мен тәнін қатар шыңдау арқылы балдаққа сүйеніп, жүретіндей жағдайға жеткен Жеңісгүл отыздан асқан ғұмырының он жылдан аса уақытын қазақтың ұлттық өнеріне арнап, өмірін өнерімен өрнектеген қайсар қыз кім-кімге де үлгі болмақ.
Қолөнер шебері Жеңісгүл Дәулетова алғашында әуестіліктен бастаған тігіншілік өнерін бүгінгі таңда үлкен кәсіпке айналдырды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы Өтеген батыр кентіндегі Прогресс колледжінде жалғыз басты аналар мен тұрмысы төмен адамдарға іс тігуді тегін үйретеді.
Қарт әжесінің қолынан шыққан бұйымдарды көріп өскен өжет қыздың бала арманы актриса болса да, әр қазақтың үйінде қазақы бұйым міндетті түрде болу керек деген мақсатпен өзгеге ұқсамайтын бұйымдар жасау арқылы ұлттық өнерді дәріптеу жолында он саусағынан өнер тамған шебер атанды.
Қазақстан шеберлер үйінің мүшесі, дизайнер Жеңісгүл Дәулетованың ендігі арманы – қазақтың өнер үйін ашу!

h-285

– Таяу арада Алматының төрінен «Берекелі ауыл» атты қымызхана аштыңыз! Әңгімеміздің әлқисасын қымызханаңыздың ашылуынан бастасасақ….
– Қымызхананы ашудағы басты мақсатым – қымыз сату мақсатында емес, қымызханада жастарымыздың басын қосу арқылы салт-дәстүрімізді дәріптеу болды.
Жиналған қауым әуезді ән тыңдап, қымыз бен шұбат іше отырып, ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға азда болса септігін тигізсе деген ой болды. Сонымен бірге шулы қалада ауылды сағынғандардың «Берекелі ауылда» табысқанын қаладым.

– Одан өзге «Қазақстанның ең үздік тауары» атты өңірлік көрме конкурсына қатыстыңыз. Сіз үшін бұл көрме өзгелерден өзгерек бола алды ма?
– «Үздік тауар» деген конкурсқа 83 компания қатысты. Соның ішінде Аида Кауменованың сән үйі мен одан өзге де компаниялар болды. Аталмыш конкурстан алғыс сертификатымен марапатталдым.
Мен үшін осы сынға түсудің өзі үлкен мәртебе.

– Сіздіңше, кәсіпкерлік қабілет қанмен беріле ме, әлде тәрбиемен келе ме?
– Кәсіпкерлік қабілет қанмен де, тәрбиемен де келеді деп ойлаймын. Өнер Алланың қалауымен һәм қанмен бірге беріледі. Ең қызығы, менің кәсіппен айналысу туралы ойым үш ұйықтаса түсіме де кірмепті.

– Жастайыңыздан жұмыс істеу мінезіңізді қатайтқан болар?
– Мінезімде көп өзгеріс бар. Өмірді көрген сайын сан түрлі адаммен танысып, аралас-құралас бола келіп те өзгересің.
Негізі ақ көңілділігім басым. Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Бақытты болашақтың ең басты негіздерінің бірі – бұл жалпыға бірдей жақсылық тілеу» деген екен. Сондықтан да, мінезім қанша қатал болғанымен, әрбір адамға жаным ашып, жақсылық тілеймін.

– Алғашқы табысыңыз есіңізде ме?
– «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші әрине, алғашқы табысым есімде. Көрші апайға қолөнер бұйымын тоқып бергенім үшін 11000 теңге берген. Мен сол күні ақшалы болдым деп мәз болғанмын. Сол тапқан табысама түгелдерлік мата алған күнім әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.

13239_780752832021842_3191344728237748345_n

– Ал сіз кәсіпкерлікті кімнен үйрендіңіз?
– Маған кәсіпкерлікті ешкім үйретпеді. Өз жолыммен осыған келдім. Оқу оқып жүріп, бір нәрсе сатуга құмар едім. Тіптен, төсек тартып жатқан кезімде де киім, шарф, шұлық тоқып сататынмын.
– Жалпы сіздердің қолөнер бұйымдарыңыз өз шығынын ақтай ма?
– Абай атамыз «Талап, еңбек, терең ой. Қанағат, рахым – ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» дегендей, қанағат пен рахымды ойлаған жанның кәсібінде береке болады. Ал ынтымақ пен береке болған жерде шығынға орын жоқ.

– Құпия болмаса бір өнімнің құны қанша болады?
– Менде матасына қарай бағасы әртүрлі болады. Ең арзан деген корейский велюр матадан бір көрпе 25000 теңгені құрайды.
Қолданатын матамның бір метрі 2500 теңге тұрады. Бір көрпе тігу үшін 5 метр мата кетеді. Оның мақтасы бидайлық матада тігілетін болғандықтан қолөнерімнің бағасы 45000 теңге кетеді деп есептелінген.
Ал әр қолөнерімнің сапасы жоғары деңгейде десем артық бағалағаным емес. Оған нақты дәлел, қолдан ойылып тігілген дүниелерімнің матасы мен мақтасына жоғарғы деңгейдегі сапалысын алып пайдаланамын. Арзанның сорпасы татымайды дегенді қаперден шығармай, сапасыз қажетсіз бұйымдар үшін алтын уақытымды текке кетіргім келмейді.

– «Ақ отау» ұжымыңызда қанша адам жұмыс жасайды?
– Қазіргі уақытта «Ақ отау» ұжымында үш адам жұмыс жасайды.

– Тігін машинкалары мен бұйымға қажетті тауарларыңызды қайдан аласыздар?
– Арнайы дүкендерден аламын. Кейде арнайы әкелетін тапсырыс берушілерге тапсырып беріп те тұрамын.

13600001_1038563332907456_7922287809690733677_n

– Қазіргі таңда елімізде күн санап ұлттық өнерімізді дамытуға бағытталған тігін шеберханалары мен сән үйлері көптеп ашылуда. Бәсекелестікке қалай тойтарыс бересіздер?
– Мен – патриотпын. Қазақтың бұйымын жасаушы көбейсе қуанамын. Бәсеке көп болған жағдайда сапалы әрі әдемі бұйымдарымыз көп болады. Әрдайым бәсекелестіктен қалыспауға тырысамыз. Жаңа үлгілер жасаймыз. Сондай-ақ, әр бұйымға тапсырыс берген жанның өз несібесі бар.

– Өнердегі шоқтығыңыздың биік болуы талантыңыздан бөлек қайсар мінезіңіз деген пікірмен қаншалықты келісесіз?
– «Бір нәрсеге не өнерге талпыну үшін алдымен табандылық қажет» деп екінші ұстазымыз Әл-Фараби айтқандай мен өнермен өмір сүремін. Мінезімді өзгерткім келді, өзгерте алмадым. Осы мінезіммен кейде жеңсем, кейде женілемін. Көп адамдар таңғалып жатса, тағы бір жандар мені өздеріне бәсекелес ретінде санайды. Олардың арасында көре алмайтын аракідік адамдар да кездесіп тұрады.

– Ұлт жанашыры ретінде бүгінгі қазақ қызының бейне туралы сіздің пікіріңіз?
– «Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді» деп қашанда қазақ қызын қадірлеген. Біздің қыздарымызға өзгенің қолы жетпейтін әрдайым биік деңгейде болса деймін. Олар – болашақ ана мен болашақ жар.
Киім үлгісіне келер болсам, жабық әрі әдемі етіп, талғаммен қазақы үлгіде киінсе, шариғат бойынша да сауабы көп.

Сұхбаттасқан:
Ақтолқын ТАЖИКОВА,
Алматы қаласы

Пікір жазу