Төрегелді Шарманов, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
Мен кішкентайымнан ата-анамның сөзін тыңдайтын, жақсы оқитын, елгезек бала болдым, қарындасым қайтыс болғаннан кейін өзімді ата-анамның жалғыз қолғабысы сезіндім. Әкем мені бетімнен қақпай, еркін өсіргенімен, орынсыз еркелікке жібермей, дұрыс адам болсын деп тәрбие беруден жаңылмайтын.
Мектепті үздік бітіргеннен кейін менің Алматыға оқуға баратын талабымды әкем қолдап, ауылдағы туыстары жиналып келіп, «жалғызыңды көзден таса қылма» деген сөзін тыңдамастан, жолымнан қалдырмай, алысқа оқуға жіберді. Осы орайда, әкеме байланысты әлі күнге дейін есіме түскенде жүрегім елжірейтін бір көрініс көз алдыма келеді. Алматыда оқып жүрген кезім. Қыстыгүні болатын. Маған біреулер телефонмен: «Сізді шақырып жатыр», – деп айтты. Барып қарасам, келіп тұрған – әкем.
Баласына деген сағыныш сезімі меңдеген сәтте, алдын ала хабарламастан, самолетпен ұшып келіп, тауып алуға қауқары жеткеніне таң қаламын. Содан Шалдыбаев Мағзұм деген нағашымның үйіне апарып, қасымда болып, екі-үш күн мауқын басқан еді. Өмірдегі осындай көріністер арқылы әкелік сезімінің шексіздігін сезетінмін.
Бірінші курсты бітіргеннен кейін Қарағандыда медицина институты ашылып, елге жақын болғандықтан, соған ауыстым. Ата-ананың жалғыз баласын көзінен таса қылғысы келмейтіндігі түсінікті ғой. Институтты қызыл дипломмен бітіріп, аспирантурада оқып жүргенде, сүйген жарым Күлзияға үйленіп, қызым Алма дүниеге келген кезде ата-анам қасымызда болып Қарағандыда бірге тұрдық. Сол кезде де, кейін де, әрдайым жұрттың «Ата-аналарың қолдарыңда тұрады ма?» – деген сұрағына: «Жоқ, біз ата-анамыздың қолында тұрамыз», – деп мәз-мәйрам болып, жауап беретініміз есімде.
Аспирантураны бітіргеннен кейін ата-анамның ұйғарымын қабыл алып, өзіміздің де жүрегіміздің қалауымен туған ауылым – Ұлытаудың аудандық ауруханасында мен бас дәрігер, жұбайым Күлзия рентгенолог болып еңбек жолымызды бастаған едік. Ұлытауда ұлымыз Алмаз дүниеге келді.