Басты бет » Жүдеу ой » Қылмысты әшкерелеу ме, әлде…?

Қылмысты әшкерелеу ме, әлде…?

           Қылмысты әшкерелеу ме, әлде…?

немесе

Телеарналарда қылмысты бұқараға ашық түрде жариялау қаншалықты қажет?

%d0%ba%d1%8b%d0%bb%d0%bc%d1%8b%d1%81

          Бүгінде телеарналарды қосып қалсақ, «біреуді ұрып кетіпті, пәленшені тонап, өлтіріп кетіпті, бірнеше күн бойы азаптаған яки құлдыққа салған», – деген сынды сұмдық жайттардың куәсіне айналып жатамыз. Қылмыскердің оқиға орнына қашан, кіммен, не үшін, не істеу үшін келгендігі арналарда тәптіштеп, бүге-шүгесіне дейін айтылады. Жәбірленушіні қалай соққыға жыққандығы немесе қалай сан соқтырып, тақырға отырғызып кеткендігі, артынша істің сотта қалай қаралғандығы баяндалады. Ал бұл көрерменге қаншалықты оң ықпалын тигізеді? Онсыз да күнделікті өмірден түрлі жан түршігерлік оқиғаларды көріп жүрген адам теледидардан да сондай жайттарды тамашаласа және тек ақпарат ретінде ғана емес, істің қалай өрбігендігін көрсе не болмақ? Кейін ол адамның экрандағы қылмыскердің әрекетін қайталамасына кім кепіл? Өмірде түрлі жағдайлар болады. Бір күнің сәтті өтсе, келесі бір күні айың оңынан тумауы мүмкін. Ал депрессияға, торығуға түскен жан өзінің істеріне кей кездері жауап бере алмауы да ықтимал. «Ашу – дұшпан», – дейді. Ашуға булығып, жауласқан адамына тісін қайрап, ойламаған жерден экрандағы айыпталушының сыңарына айналып шыға келуі бек мүмкін. Қас-қағым сәтте.

17

            Егер адамға бір нәрсені үнемі көрсете беретін болсақ, сол туралы айта берсе, ол ақпарат адамның жадында автоматты түрде сақталып қалады. Кейін жүйкесі жұқарып, күйзеліске түскен кезде лезде іске қосылады. Міне, жарнама да осындай психологиялық құралдардың ескеруі негізінде жасалынады. Мәселен, сіз ылғи негативті жаңалықтарды, кино, бағдарламаларды қарайтын болсаңыз, сіздің ойлау жүйеңіз позитивті бағытқа қарағанда, керісінше, яғни негативті бағытқа бұрылуы мүмкін. Тиісінше, қай мәселеге болмасын теріс пікірді ұстанып, тек кері әсерін ойлауыңыз ықтимал.

             Қазіргі таңда отандық арналардан қылмыстық істердің жүру үрдісін баяндайтын бірнеше бағдарламаны ұшырастыруға болады. Оған «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Қылмыс пен жаза», «Астана» арнасындағы бұрын көрсетіліп кеткен «Громкое дело», «КТК» арнасындағы «Черный квадрат» сияқты телеөнімдер мысал бола алады.

brain1-1170x429

               Аталмыш бағдарламалардың әрқайсысы өз алдына белгілі бір, өмірде болған қылмыстық істі алып, соған сәйкес актерлерді жалдап, жағдайдың ақ-қарасын көрсетуге тырысып бағады. Ал көрерменге тигізер ықпалы, әсіресе теріс ықпалы екінші орынға ысырылады. Сәйкесінше, қылмыстық әрекеттерге тағы да куәгер боламыз. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік қызметшілерге қатысты 1445, кеден саласына қатысты 65, дәрігерлерге қатысты 433 қылмыстық іс қозғалған. Ал келер жылы бұл көрсеткіш қалай көрсетпек?!
Экран арқылы қылмыстық оқиғаларды толығымен бұқараға баяндау қаншалықты қажет?

Назым Қайрат

           Р.S. Расында да біздің телеарналар бос сенсацияға, қоғамға аса қажет емес нәрселерді ашық баяндауға құмартып алды. Мәселен, жаңа ғана айтып өткеніміздей, қылмыстық жантүршігерлік істерді бүге-шүгесіне дейін талдап көрсету, көшеден, қоқыстан, тіпті дәретханадан табылды деп тастанды сәбилерді қайта-қайта жаңалықтардан қайталай беру қаншалықты дұрыс? Бұдан қоғамымыз жақсарып кете ме? Керісінше, жаманды жасырып, жақсылықтарды асырып отыруымыз қажет сияқты. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген нақыл сөз бар. Одан да жақсылықтарымызды, жетістіктерімізді кеңірек әрі көбірек насихаттайық. Келеңсіз жағдайлар болашақта қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі неге кемшін? деген сынды сұрақтарға бас қатырып, неге соларды шешу жолын іздемейміз? Әйтпесе әр жаңалық сайын не арнайы хабарлар арнап, қылмыстық оқиғаларды қазбалай бергеннен не ұтамыз? Сол телеарналар ұрпаққа шынымен жандары ашыса, үнді сериалдары мен әр бес минут сайын қайталанатын жарнамаларының орнына жастарға тәрбие беретін, имандылыққа шақыратын бейнероликтер жүргізіп, ғибратты бағдарламалар көрсетсін, жастарымыздың ұлттық дәстүрімізге үңілулеріне барынша күш салсын. БАҚ халықтың көзі, құлағы болса, сіздердің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлестеріңіз үлкен. Алайда, телеарналар ұрпақ тәрбиесінен гөрі, сенсация жасап, өздеріне ұпай жинауды көбірек ойлайды.

 

Пікір жазу