Басты бет » Жаңалықтар » Ерлі-зайыпты сақшылар

Ерлі-зайыпты сақшылар

Бір отбасының мүшелері уақытпен санаспай полиция қызметінің ыссы-суығына төзіп, серттеріне адалдық танытып жүр. Таңмен таласа қызметтеріне келіп, бірге кеш қайтса да олар еш мойыған емес. Мамандықтың мерейін асқақтатып жүрген отбасылар қызметтің ауыртпалығын түсінеді. Басшылар тарапынан жүктелген міндеттерді сапалы әрі мінсіз шектеулі мерзімінде атқарады.

23 маусым — Қазақстан полициясы күні және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл қарсаңында үлгілі, жас отбасылар туралы аз-кем жазуды жөн санадық.
Масалимовтер отбасы — Орал қалалық полиция басқармасында еселі еңбек етіп, еңбексүйгіш қасиеттерімен көзге түскен жандар. Амантай Масалимов — «Евразия» университетінің түлегі. Амантай Мақсотұлының полициядағы еңбек жолы 2015 жылдан басталады. Бұл күнде полиция капитаны А. Масалимов Шаған Пб анықтау бөлімшесінің аға анықтаушысы, шені — полиция капитаны. Істің ақ пен қарасын тергеп, зерделеп, өз ісінде тегеурінді табандылық танытып, аса сауаттылық танытып келеді. Астарлы ақиқатқа үңілу, анықтаушы мен тергеушіден асқан біліктілікті талап етеді десек, бұл үдеден шығып келеді. Бұл жағынан олқылыққа жол бермейді. Куәгерлермен сөйлесу, қылмысқа мінездеме беру — бұның бәрі Амантай Мақсотұлының міндеті.


Жұбайы Аина Масалимова — Орал қ. ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі, шені — полиция аға лейтенанты. Аина Болатқызы 2013 жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға қабылданып, 2017 жылы үздік аяқтаған. Бүгінде 8 жылдай полиция қызметінде еселі еңбек етіп, отбасының да, қызметінің де жұмысына шауып үлгеріп жүрген қазақ әйелі. Басқарма басшылары Аина Болатқызының әріптестерімен тығыз жұмыстанып, жауапкершілігі мол міндеттің жүгін арқалап жүрген қызметіне зор сенім артады.
Отбасы — бақыттың мекені. Отбасы құндылығы сыйластықта деген жылы сөздерді бұл қызметкерлер жиі айтады. Ендеше, отбасының татулығы жарасып, полиция қызметінде табыстары еселене берсін!

Орал қ. ПБ
баспасөз қызметі

Пікір жазу