Мүсіндеу өнері – өзіндік қыр-сыры көп аса бір күрделі өнер. Оған епілік пен күш-жігермен қатар, ерекше қабілет пен ептілік қажет. Бала күнінен мүсін жасауға қызығушылық танытып, бүгінде осы бір ерекше өнердің хас шеберіне айналған Болатбек Салаевтың қолынан шыққан мүсіндер көпті таң қалдырып жүр.
Көптеген мүсіндердің авторы, жас шебер Болатбек Салаев Маңғыстау өңірінің тумасы. Ол мүсін өнеріне деген қызығушылығы туралы былай дейді:
— Мүсін өнеріне мен бала күнімнен қатты қызықтым. Үш жасымда топырақтан жануарлардың мүсінін жасай бастаған екенмін. Әлі есімде, сол кездерде майлы бояумен сурет салатынмын, картиналарым болды. Бұл өнер маған ата-анамнан дарыған болар деп ойлаймын. Олар да жас күнінде сурет салған, — дейді Болатбек.
Мүсінші туындыларын негізінен гипстен, ағаштан, шыныпластиктен және қоладан жасайтын көрінеді әрі әр мүсінді жалғыз өзі үлкен талғаммен жасап шығуға тырысады, бір мүсінді жасауға орта есеппен 1-1,5 ай жұмсайды екен. Алайда мүсінші кейде еңбектерінің өзі қалағандай дұрыс болмай қалатын жағдайлардың болатынын айтады.
29 жастағы сәулетшінің қолынан шыққан ескерткіштерінің бірі оның өзі туып өскен Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында тұр. «Анаға тағзым» атты биіктігі 6 метрлік мүсін қойылған көше туристер мен тұрғындар жиі баратын сүйікті орынға айналған.
Бұл туралы ол өзінің bolatbek.salayev инстаграм парақшасында:
«Туған жерім Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында қойылған «Анаға тағзым» ескерткіші арқылы Ананың балаға деген мейірімділігін жеткізгім келді.⠀⠀⠀⠀⠀⠀
Әйел бейнесіне — қазақ қыздарының инабаттылығын, биязылығын, қазаққа тән мінезін сипаттадым.⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀
Ананың оң қолына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жасап тұрғанының мәні – түн ұйқысын төрт бөлген, кішкентай кезімізден түрлі құнды қасиеттерге тәрбиелеген, әртүрлі ізгі істерге үйретіп, ақ сүтімен бойымызға адамгершілік дарытқан Аналарымызға тағзым.⠀⠀⠀⠀⠀⠀
Киім-кешектегі әр ою-өрнек салт-дәстүріміздің болмысын сипаттайды. Ананың басына кигізілген кимешегі жас ұрпаққа қазақи тәлім-тәрбие беріп тұрғандай.⠀⠀⠀⠀
Жас мүсінші ретінде осындай ауқымды тақырыпта қазақи бейнеде үлкен мүсін жасау – менің мақсаттарымның бірі болды.
Осы тапсырысты жүзеге асыру барысында қазақ әйелдерінің, аналарымыздың мейірімге толы бейнесін, қазақтың дәстүрге, тәрбиеге деген байлығын жеткізгім келді, — деп жазды.
Болатбектің қолынан шыққан мүсіндер жақында Нұр-Сұлтан, Тараз қалалары мен Маңғыстау облысында қойылмақшы.