Алматы облысы Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасында «бэби-бокс», яғни тастанды сəбилерге арналған жәшік орнатылды. Кешелі бері бұл бастаманы естіп-білген жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі бұл біздің ұлттық болмысымызға қайшы екенін, көкек аналар көбейетінін айтып алаңдаса, енді бірі бұл бастама еріккеннің ермегі емес екенін алға тартады.
Иə, о заман да бұ заман, қаракөздердің баласынан безінгені — XXI ғасырда ашылған ең жағымсыз жаңалық. «Үміт бесігі» жобасын жүзеге асырушылар да мұндай масқараға түбегейлі қарсы! Бірақ…
«Мұндай жəшік не үшін керек?», «жеткен жеріміз осы ма еді» дегеннен бұрын сəбидің жүрек соғысын тыңдап көрейікші. Жобаны ұйымдастырушылардың бір ғана тілегі бар, ол шақалақтың өмірін сақтап қалу. Иə, ата-анасы дұрыс тəрбие бере алмаған шығар, іштегі сəбидің «əкесі» жауапкершіліктен жалтарған шығар, бəлки, мен, сіз, қоғам кінəлі шығар, себеп, сұрақ таусылмайды. Бірақ, оның бірде бірі нəрестенің өміріне тұрмайды! Біз «үйту керек, бүйту керек» деп отырғанда, жарық дүниедегі алғашқы жəне соңғы демін дəретханада алған сəбилер сиреп жатқан жоқ. Қоқыста көз жұмғандар көбеймесе, азаймай отыр. Құндылықтар күйреп, аң құрлы қасиетіміз қалмай бара жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдің жеке басының құпиялылығы сақталады, сол үшін де бұл маңда бейнебақылау камералары орнатылмайды. Үш айдың ішінде анасы өз ойын өзгертіп, нәрестесіне оралуға мүмкіндігі бар.
«Үміт бесігі» әлеуметтік жобасы — титтей де кінəсі жоқ сəбидің өмірін сақтау мақсатымен туындаған амалсыз шешім. Жоба авторлары арнайы орынды балаларға арналған медициналық мекемелер жанынан ашуды, сәби өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезден бастап дер кезінде медициналық көмек көрсетілуі қажеттілігін, кейін мемлекеттік органдардың қамқорлығына берілуі керектігін ескерген.
ƏРБІР ҚҰТҚАРЫЛҒАН СƏБИ ӨМІРІ — ЖЕҢІС! АЛ, «ҮМІТ БЕСІГІНЕ» СƏБИ ҚАЛДЫРЫЛМАСА — ЗОР ҚУАНЫШ!
Өзекті мәселеге қоғам назарын аударуды көздеген бастамашыл топ осылай дейді. Əрине, əр сəби «үміттің» емес үйдің бесігінде тербелуі керек. Дегенмен, қалыптасқан жағдай, сəбилердің мүддесі үшін осындай бастама көтеруге де мәжбүрлеп отыр. Айтпақшы, өзі тапқан баласын өлімге қиған оқиғалар өңірімізде де қайталанып жатқаны өте өкінішті. Кейінгісі (соңғысы болса екен!) қарашада Казталов ауданында 19 жастағы қыз жаңа туған шақалақты дəретханаға тастап, өлтірді.
Ал, енді ойланайық…
Пікір иесі Біржан Кухаевтың бұл жазбасымен келіспеске амал жоқ!
Сәби болғым келмейді…
Жетім көрсем, жылаймын кейде өкіріп,
Шындығымды біреулер дейді «өтірік»!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Жүкті болған сұлуға «үйде отырып».
Жетім көрсем батамын құса-мұңға,
Құса-мұңды құрықтап, тұсадым ба?!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
«Күйеуі жоқ әйелдің» құшағында.
Жетім көрсем шымырлар шекем-денем,
Неге одан да шекемнің еті өлмеген?!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
«Балалардың үйлерін» мекендеген!
Жетім көрсем жабығып, жеке қалам,
Болмаса деп тілеймін «көкек анам».
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Шетел асып кететін шекарадан!
Жетім көрсем қанжылап бірден ішім,
Алға баспай қояды мүлдем ісім!
Бірақ, кейде келеді сәби болғым,
Жетімдіктің не екенін білмеу үшін…
Авторы: Ершат Кайболдин