Елордада «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» республикалық жастар білім беру жобасы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Форум – жыл сайын жаз айларында Зеренді өңірінде өткізілетін «Zeren» дәстүрлі диалог алаңының жалғасы. Пандемияға байланысты аталған шара онлайн форматта және бас қаладағы Қазақстан жастары конгресінің кеңсесінде ұйымдастырылды.
Онда конгресс кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева мен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі. Сонымен қатар еліміздің белсенді жастары өз пікірлерімен бөлісті. «Zeren» білім беру жобасы 2018 жылы басталды. Содан бері бірнеше форум ұйымдастырылып, стартап жобалар таныстырылды. Жалпы сомасы 40 млн теңге болатын бизнес идеялар іске асты. Жобаға танымал меценат, сарапшы және түрлі саланың белгілі тұлғалары қатысады. Шара барысында Дариға Назарбаева жастарды волонтерлікке баулуға баса көңіл бөлуге шақырды. «Пандемия басталғалы бұл іске ерекше назар аударылды. Жастар өзінің елге деген жанашырлығын көрсетті. Сондықтан конгресс атынан баршаңызға алғыс айтамын», – деді кеңес төрағасы.
Дариға Назарбаева, Қазақстан жастары конгресі кеңесінің төрағасы:
– Құрметті жастар! Биылғы жыл еліміз үшін және әрбіреуіміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Пандемияның қара бұлты адамдардың денсаулығына нұқсан келтіріп, өмірлерін қиып, әлемге қауіп-қатер төндірді. Мен жақындарынан айырылған адамдарға шын жүректен көңіл айтамын. Бұл – орны толмас қайғы. Басқасының барлығын орнына қайта келтіруге болады. Мен Қазақстан жастар конгресінің барлық белсенділеріне, еріктілерге осындай қиын кезеңде адамдарға адал ниетпен қол ұшын беріп көмек көрсеткендері үшін зор құрметпен алғыс айтамын.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Әр заманның өз міндеті бар. Қазіргі жағдайда көзқарасты қайта қарауды талап етіп отыр. Бүгінгі алаң үлкен жұмысты атқарады. Бұл шара жастарға білім берумен қатар олардың құнды пікірлерін тыңдап, қажетті қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
www.24.kz
Журналист Нартай Аралбайұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан:
Бүгін еліміздегі ең басты алаңның тұсауын кестік. @jascongress бірге Онлайн Диалог алаңын құрдық. Бұл жерге Министрлер, Депутаттар және ешкім күтпеген елдің ең басты кеңсесіндегі азаматтар келеді. Және диалог алаңына қоғам белсенділерін, шындықты шырқыратып айтатын азаматтарды алдыртамыз! Олардың басы ешқашан бір ортада түйіспеген еді! Ол аз десеңіз, онлайн Зуммен мыңдаған адамды қосамыз және студияға 20 адамды кіргіземіз (қауіпсіздік шаралары ). Бұрын-соңды мұндай ашық әңгіме болмады, бір мәселені екі жақты қарастырған бұқара мен билік өкілдері нақты мәселенің шешу жолын табады. Кез келген азамат онлайн түрде өз пікірін айта алады. Қайталаймын: тиісті министрліктердің бөлім, департамент басшылары емес тек Министрлері келеді. Халық сынайтын депутаттардың да шамасы белгілі болады! Бір тақырып талқыланып біткенде шыққан шешімді құжатқа түсіріп Үкіметке жолдаймыз. Орындалғанына бірге куә боламыз! Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған Диалог алаңы. Демократия керек пе? Міне, сіздерге! Дереу @jascongress тіркеліңіздер. Қалаған азаматтың бәрі қатысып сұрақ, талап қоя алады. Бүгін біздің алаңның ашылуына келіп, қолдауларын білдірген ҚР Тұңғыш Президенті қорының басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызына алғыс айтамыз.