Басты бет » Жаңалықтар » Үздік тергеуші

Үздік тергеуші

Құқық қорғаушылардың тынымсыз тірлігі әсте таусылған емес. Соның ішінде қызығынан қиындығы басым, әділдік пен адалдықты ту еткен, тәртіптілікті ұстанатын тергеу және анықтау бөлімі қызметкерлерінің жұмысы зор жауапкершілік жүктейді. Осы салада кәсіби шеберлігі шыңдалған майталман және жас мамандардың Отанына адал қызмет етіп, алдыңғы сата жүруі – зор мерей. Орал қаласы полиция басқармасында 2019 жылды жетістіктерімен үздік аяқтаған, бірнеше істерді тергеп, жоғары жұмыс көрсеткіштеріне ие болған, ұжымына мақтаулы  жерлестеріміз жайлы әңгіме қозғамаққа бел шештік. Бұл өтінішімізге Орал қалалық полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы полиция капитаны Жайдар Киргенев аға анықтаушы Гүлбану Утешованы, Орал қ. ПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Төребек Маратов тергеуші Сағадат Ғадылжановты  ұсынды.

IMG-20180524-WA0044

Тәжірибелі қызметкер

Орал қалалық полиция басқармасының анықтау бөлімінде өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қызметке шыңдалған мамандар аз емес. Солардың бірі – аға анықтаушы  полиция капитаны Гүлбану Утешова. Оның бұл қызметті таңдауына тек өзінің жүрек қалауы және  біраз жылдар құқық қорғау саласында елеулі еңбек еткен ардагер ағалардың ықпалы болды. Гүлбану Утешова 2010 жылы БҚО ІІД көші-қон бөліміне жетекші маман ретінде қызметке кірісіп, біраз тәжірибе жинақтады. Азаматтардың құжаттарын тіркеу, уақытша мекен-жайға орналастыру сынды қызметтерді сапалы атқарды. 2012 жылдың қазан айында Орал қалалық ішкі істер басқармасының анықтау бөліміне анықтаушы лауазымына тағайындалды. Полиция кіші сержанты Гүлбану Сұңғатқызы жүктелген тапсырмаларды өз мерзімінде атқарып, жауапкершілігі жоғары маман ретінде басшылардың көзіне түскен жас қызметкер еді. Сол табандылығы мен еңбекқорлығы нәтижесінде полиция капитаны шеніне жетті. Анықтау бөлімінің аға анықтаушысы лауазымына жоғарылады.

– Мен анықтау  бөлімінде 2012 жылдан бері жасап келемін. Анықтаушы болғаныма  8 жыл болыпты.  Көбіне ауыр қылмыстарды тергеймін. ҚР ҚК-нің 139, 309, 346-баптарымен бірнеше істерді тергедім. Ұрлық, тонау, алаяқтық, заңсыз есірткі пайдалану  қатысты қылмыстық істерді зерделеп, сотқа жолданды. Қаңтар айында 8-9 қылмыстық істі тергеп, нүктесін қойып, сотқа жолдадым. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді бізге кейіпкеріміз. Анықтау бөлімінде табан аудармай жұмыс жасап келе жатқан Гүлбану Сұңғатқызы осы қызметтің қыр-сырын тез меңгеріп, ұршықтай үйіріп әкеткен. Ол анықтаушылық қызметтің өзіндік қиындығы бар екенін, алайда уақыт өте келе тәжірибе жинақтап шыңдалғанын жеткізді.

– Әрине, әр жұмыстың өз ауыртпалығы болады. Біздің қызметімізде жауаптылықты, ақиқаттың ақ-қарасын тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Сол себепті әрдайым алға ұмтылып, басшылық берген тапсырманы  тыңғылықты орындауға тырысамыз, – дейді  қазақ қызы. Бір сөзбен айтқанда салмақты, көп ізденісті талап ететін істер осы анықтаушының еншісінде екенін айтпаса да түсініп отырмыз. Қазіргі таңда өзін білікті мамандар қатарынан көретін анықтаушы «мұндай дәрежеге өз ұмтылысыммен жеттім» деуден аулақ. Оның айтуынша, қызметке орналасқан алғашқы жылдары оған тәжірибелі анықтаушылдардың көп көмегі тиген. Ал бүгінде полиция капитаны өзінен кейінгі жас мамандарға жол көрсетіп, өз тәжірибесімен әркез бөліседі.

IMG-20200203-WA0014

Сапалы ісімен көзге түскен жас маман

Келесі кейіпкеріміз полиция аға лейтенанты Сағадат Нұралыұлы Ғадылжанов. Салмақты мінезімен, байыпты жүріс-тұрысымен көпшіліктің көзайымына айналған Сағадат бұл қызметке, соның ішінде тергеу бөліміне кездейсоқ келмеген. Тайпақ ауданы Есенсай ауылының тумасы Орал қаласындағы №44 жалпы білім бертін орта ектепті жақсы бағамен аяқтап, 2014 жылы  Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына  курсант болып оқуға қабылданды. 2018 жылы қолына күректей диплом әрі полиция лейтенанты шенін алып шығады. Сағадаттың полицияға келуіне өзінің таңдауы себепкер болған. 2018 жылдың маусым айында Орал қаласы ішкі істер басқармасы тергеу бөліміне тергеуші лауазымына бұйрық дайындалып, қызметіне кіріскен. Төрт жыл бойы ата-анасы, бауырларынан алыста жүріп білім алған жас жігіт бар оқығанын бұл жерде қызметпен ұштастырды. Кітапхана қуалап ізденген оқуын тәжірибемен сабақтастырғанына аға буын өкілдері қуанды. Бөлімде тонау, ұрлық пен алаяқтық, қарақшылық шабуылдарға қатысты  қылмыстық істерді қарап, әр істің ақ пен қарасын зерделеп қараған.

– Кез келген қылмыстық істі қарау біздің міндетіміз. Өйткені әрқайсысының соңында адам тағдыры тұрады. Адамзат баласының тағдырына, бостандығына бей-жай, атүсті қарауға болмайды, – дейді. Жас қызметкер қазір полиция қызметін  бекерге таңдамағанын түсінді.

– Мен өзімнің таңдап алған мамандығыма сай еңбек етудемін. Тиянақты атқарып келемін. Бұл орайда  менің жанымды, қызметімді түсінетін тұлғалар бар. Қазіргі уақытта қарақшылық шабуылға қатысты істі тергеп аяқтадым, – деген С. Ғадылжанов. Соңғы уақытта өзіне салмақты, ауыр қылмыстарды  қарауға  берілетінін де  айтты. Ай сайын 3-4 істі қарап, тергеп, аяқтап тапсырады. Тергеу бөлімінде істі ыждағатты әрі сауатты қарайтын тергеуші ретінде көш бастап жүр. Сөз арасында тергеуші 5 өзбекстандық азаматқа қарақшылық шабуыл жасалғанын, олардың 36 мың теңге ақшасын және ұялы телефондарын тартып алған Оралдық 5 жігіттің құрықталғанын, ҚР ҚК-нің 192 бабы, 2 бөлімінің 1 және 4 тармақтарымен іс тергеліп, материалдар сотта қаралып жатқанын баяндады. Демалуды білмейтін, тәулік бойы қызметтік сапта жүретін С. Ғадылжановқа отбасында ата-анасы қолдау көрсетіп отырады. Полиция аға лейтенанты Сағадат Нұралыұлының тәлімгері Абай Пб тергеу бөлімі бастығының орынбасары полиция капитаны Ержан Жақсығалиев.

IMG_20180516_124351_328

Жауапкершілікті талап етеді

Өздеріне қойылған талап үдесінен шығып, сенімді ақтаған қос кейіпкеріміздің алар асулары алда. Қылмыстың ақ пен қарасын ажыратып, астарлы ақиқатқа үңілу тергеушілерден асқан біліктілікті талап етеді. Ендеше тергеушілер мен анықтаушылар бұл жағынан олқылыққа жол бермейді. Қылмыстық оқиға орнына бару, ол жерді тергеп-тексеру, куәгерлермен сөйлесу, қылмысқа мінездеме беру – мұның бәрі тергеушілердің борышы. Тергеушілердің қараған істері прокуратураға жіберіледі. Ал, прокуратурадан сотқа жолданады. Содан соң анықтаушылар мен тергеушілер қозғаған қылмыстық іс бойынша адам тағдыры талқыға түседі.  Жауапкершілігі мол міндеттің жүгін арқалап жүрген осындай тәртіп сақшылары – ұлт мақтанышы. Осындай тегеурінді қызметкерлердің ісі оңға басып, қызметтерінің өрлей түсеріне біздің де сеніміміз мол.

Орал қ.ПБ баспасөз қызметі

 

Пікір жазу