Басты бет » Жаңалықтар » Жас криминалист

Жас криминалист

IMG-20200114-WA0008

 11 қаңтарда сағат 23.30 бен 02.20 аралығында белгісіз тұлға Орал қаласы М. Ыхсанов көшесіндегі бір үйдің ауласында тұрған ақ түсті «Фольксваген» маркалы автокөлікті ұрлап, айдап кеткен. Түнде аулаға шыққан иесі көлігінің орнында жоғын көріп, дереу полицияға телефон шалған. Осы сәтте Орал қаласының тұрғыны, 1960 жылғы азаматқа 800 мың теңгеге материалдық шығын келген еді. Көлікті айдап кету оқиғасының орнына барған Абай Пб жедел тергеу тобы құрамындағы криминалист полиция лейтенанты Сайын Халықов дөңгелек іздерін алып қайтқан. Одан әрі көлікті қуып айдап кету фактісіне қатысты жиналған алғашқы материалдар таңертеңгі сағат сегізде кезекшілікке түскен Абай Пб криминалисі полиция лейтенанты Нұрбек Хайырбайдың қолына тапсырылады. Жедел уәкілдер күдіктінің ізіне түседі. Сағат 15.10 шамасында Орал қаласының полиция басқармасына хабарласқан бір азамат С. Меңдешов көшесі бойындағы бір үй қасында бөтен көлік тұрғанын айтады. Мекен-жайға барған жедел тергеу тобы қуылып айдалған көліктің нақ өзі екенін сипаттамаларына сай танып, Абай полиция бөліміне жеткізеді. Криминалист полиция лейтенанты Нұрбек Хайырбай көліктің барлық шамдары жанып, есіктері мен багажының айқара ашылып, салон ішінің астан-кестеңі шығып, шашылып жатқанын байқайды. Салон ішіндегі айнадан саусақ іздерін алып бөлімге келеді. Көп кешікпей Абай Пб криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдерімен күдікті деп 1994 жылғы Шыңғырлау ауданының тұрғыны Е. есімді азамат ұстап әкелінеді. Жауаптау кезінде күдікті көлікті айдап кеткенін толықтай мойындаған. Ал криминалист Н. Хайырбайдың көлік ішінен алған айғақ заттары, іздер дәлел болып, күдіктінің мойындаудан өзге лажы қалмаған. Бір тәулікке жетпес уақытта КПб мен ЖКб инспекторларының кәсіби шеберліктері нәтижесінде қылмыс ашылып, көлік иесіне қайтарылды. Н. Хайырбай 2019 жылы Алматы академиясын аяқтап, мамыр айында криминалист лауазымына қызметке кіріскен.

— Жас мамандарымыз Н. Хайырбай мен С. Халықов ізденімпаз қызметкерлер. Үнемі ақыл сұрап, еңбек өтілі мол криминалистермен тәжірибе алмасып отырады. «Жас келсе іске» демекші, жас мамандардың оқыған білімдері тәжірибемен ұштасып, бірнеше қылмыстар ашылуда, — дейді Орал қ. ПБ ЖКб бастығы полиция майоры Аслан Малаев.

Орал қ. ПБ баспасөз қызметі

 

Пікір жазу