Жаз маусымындағы кәмелетке толмағандардың бос уақытын және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және олардың тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 26 шілде-1 тамыз аралығында мүмдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылықтың өкілдерін тарта отырып, республика аумағында «Жұмыспен қамту» акциясы өткізілуде.
Акция аясында 30 шілдеде Орал қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды топтың инспекторлары қала көшелерін аралап, арнайы рейдке шықты. Жаз мезгілінде бала еңбегін пайдаланушыларды анықтап, олармен түсінік жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, бала еңбегі қанша тұрады? Жасөспірімді жұмысқа алушылар заң талаптарын сақтап жүр ме? Жасөспірім неше сағат қызмет көрсетеді? Жұмыс беруші мен баланың заңды тұлғасы арасында еңбек келісім шарты толтырылған ба? т.б. түрлі сұрақтарға жауаптар іздеді.
Рейдке шыққан инспекторлар тобы отырған полиция көлігі «Желаево» ауылына баратын күре жол бойына тоқтады. Себебі 29 шілдеде кешкі сағат 18.30-дан кейінгі рейд кезінде осы тұста қауын-қарбыз сатып, ауыр жүк көліктері үстінде жұмыс жасап жүрген жасөспірімдер көптеп кездескен екен. Жол бойы қауын-қарбыз сатушылар мен көлік жуатын орындардан тұнып тұр. Иә, біреуі қарбыз-қауын сатуға көмектесуде, туған ағама көмектесемін ғой, жаздай жинаған ақшама қыркүйек қарсаңында киім, портфель, дәптер мен қалам аламын, өзімнің табысым тәтті деп жалтарады. Енді бір жасөспірім қыз бала квас сатып отырғаны. Квас ұсынушы өрімдей қыз баламен мектеп инспекторлары сөйлесті, сұрақтарына жауаптарын алды. Ал квас алушы ересектер қыздың жақсы сатушы екендігін, сапалы қызмет көрсетіп отырғанын айтты. Инспекторлар оларға республикалық акцияның мақсатын түсіндірді. Балаларды жұмысқа қабылдаған кәсіпкерлермен Орал қ.ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды топтың аға инспекторы полиция майоры Мадина Құспанова жеке сөйлесіп, бірнеше сұрақтар қойды. Заң баптары мен талаптарын түсіндіріп еңбек шартын талап етті.
Баланы еңбекке баулып өсірген дұрыс. Бірақ баланы жұмысқа алушылар қажетті заң талаптарын сақтап жүр ме? Баланың құқығы тапталмай, жалақысын уақытылы алып отырғанына сенесіз бе? Тексеріс барысында осы мазмұндағы бірнеше сауалдарға жауаптар табылды. Полиция қызметкерлері бірнеше деректерді анықтап отыр.
Орал қаласында жүргізілген жедел профилактикалық іс-шарасы аясында қаланың өзінде баланың еңбегін заңсыз пайдаланушылар көп екендігі белгілі болды. ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес балалар 14 жастан бастап жұмысқа орналаса алады. Бірақ тиісті ескерілуі керек ережелер бар. Мәселен, 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалар аптасына 24 сағат қана жұмыс жасауы керек. Яғни, оларды күніне 2-3 сағаттан артық жұмсауға болмайды. Ал, 16 жастан 18 жасқа дейінгі балалар 36 сағат жұмыс жасауы керек. Бұл жаста баланы күніне 3-4 сағат еңбекке араластыруға болады.
Инспекторлар «Ел ырысы» базарына қарай жүріп, жол жиегін шолып өтті. Күннің ыстығына қарамастан, түрлі сусындар мен балмұздақ сатып отырған балалар да бар. Олар да осы рейд барысында анықталып, қаланың бірнеше ауданынан көрініп қалып жатты. Көшеде тәтті сусындар, балмұздақ сатып нәпақа тауып жүргендер күні бойына тұрады. Көлік жуу орындарында да мектеп оқушылары өріп жүр. Ал оларды жұмысқа алушылар баланың заңды өкілімен келісімшарт жасауы тиіс. Баланы жұмсайтындар еңбек келісім шартын да жасамайды, бала арзан жұмыс күші. Негізі заң бойынша 14-16 жастағы балалар 3-4 кг артық көтермеуі керек. Оларды ауыр жұмысқа жегуге болмайды. Бірақ бір-біреуі 15-18 кг тартатын қарбыздарды балалар тасып жүр. Рейд барысында осындай заң бұзушылықтар көп анықталды. 18 жасқа толмаған балалар жаз бойына қарбыз-қауын сатады. Құрылысқа араласады. Баланы еңбекке баулуды ешкім жоққа шығармайды. Ата-анасына көмектесіп, қамқор болып өскені жақсы.
– Әлбетте, жұмыс берушілер еңбек шартына мән бермейді. Шарт жасалмаған кәсіпкерлер туралы мәліметтерді жинақтап, облыстық еңбек инспекциясына жолдаймыз. Әрмен қарай, еңбек инспекциясы жұмыс берушілерге айыппұл салады. Акцияның алғашқы 3 күні ішінде бала еңбегін заңсыз пайдаланған 25 дерек анықталды. Бұл тек үш күннің нәтижесі. Рейд пен акция барысындағы тексерістер жалғасады, – дейді полиция майоры Мадина Құспанова.
«Жұмыспен қамту» акциясы барысында полиция органдарының есебінде тұрған және қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмағандарды қаланың сыртындағы жазғы және мектеп жанындағы лагерьлерге, спорт секцияларына қатыстыру көзделген. Есепте тұрған 42 жасөспірім, қолайсыз отбасындағы тәрбиеленуші 88 жасөспірім қала сыртындағы жазғы лагерьлерде демалды. Мектеп жанындағы лагерге полиция басқармасында есепке қойылған 49 бала, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп отырған 67 бала барып қатысты. Спорт секцияларына 74 бала қатысуда. Акция барысында мектеп инспекторлары қолайсыз отбасыларын да аралап, лагерьге бармай немесе қамтылмай қалған жасөспірімдерді анықтайды.
Жуықта «Мектепке жол» акциясы барысында тұрмысы төмен отбасының балаларына қайырымдылық көмегі көрсетіледі. Барлық жақсылық балалар үшін жасалмақ.
«Жұмыспен қамту» акциясының нәтижелері 1 тамыздан соң шығарылады.
Гүламан Исмағұлова,
Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері