Басты бет » Жаңалықтар » Вандализмге қарсы күрес: Астанада 160 құқық бұзушы жазаланған

Вандализмге қарсы күрес: Астанада 160 құқық бұзушы жазаланған

Елордада вандализм әрекеттері мен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарға қарсы жүйелі күрес жүргізілуде. Кезекті тәртіп бұзушыларды полицейлер анықтап, жазалады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Байқоңыр ауданындағы Уәлиханов көшесінде белгісіз адамдар аялдама павильонының терезесін сындырған. Тексеру барысында күдікті анықталды, ол – 37 жастағы ер адам. Оның мас күйінде қала мүлкін әдейі бүлдіргені белгілі болды. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке қамауға алынды.

Жыл басынан бері 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 93-і қамауға алынып, 67 адамға жалпы сомасы 10 466 780 теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік, қала мүлкін бүлдіргені үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Аялдамаларды, орындықтарды, шағын сәулет нысандарын және басқа да инфрақұрылым нысандарын зақымдау қалаға шығын келтіріп қана қоймай, тұрғындардың жайлы өміріне кедергі жасайды.

Өткен жылдан бері Астанада «Стоп, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл бастаманы еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар және қала тұрғындары қолдады.

Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген көрінісіне жол бермеу және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында қалалық полиция прокуратурамен бірлесе отырып вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейінгі айыппұлмен не 30 тәулікке дейінгі қамаумен жазаланады.