Басты бет » Тіршілік ырғағы » Қызылордалық жас жаңа бейнехостинг жасап шығарды

Қызылордалық жас жаңа бейнехостинг жасап шығарды

     Сыр өңірінде ІТ саласында айтулы жаңалықтар бар. Қызылордалық Евгений Демиденко әлемге әйгілі Youtube хостингімен бәсекелесе алатын жаңа платформа ойлап тапты, – деп хабарлайды Абай-ақпарат.

       Жас дарынның жаңа бағдарламасы Youtube желісінде жоқ жаңа функцияларды орындай алады. Аталған бейнехостинг 2020-2021 жылдары толық тамамдалады. Бүгінде Евгенийдің жобасы жабық көрсетілім жағдайында тұр.

      Сонымен қатар, қызылордалық өренге әлемге әйгілі «Boeing» компаниясы ұсыныс жасаған. Қолданыстағы ұшақтардың базасына негізделген жаңа әуе кемесінің жобасын әзірлеген оның ІТ саласындағы жобалары шетелдік компаниялардан қолдау табуда.

        – Ұшақтағы техникалық және дизайнерлік рәсімдеуді толығымен өзгертіп, оның жаңа және революциялық моделін жасап шығардым. Жоба «Nazarbayev Foundation School Challange» байқауының базасында таныстырылды және мен онда жеңімпаз атанып, Англияның жетекші жоғарғы оқу орындарына барып, білімімді жетілдіру мүмкіндігіне ие болдым, – дейді ол.

           Жалпы, Қызылорда облысында ІТ саласында алға жылжу бар. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында ІТ парк өз жұмысын бастаған болатын. Оның құрамында ақпараттық-тіркеу бөлімі, жұмыс аймағы, презентациялау аймағы, бизнес-келісім аймағы, әңгімелесу-демалыс аймағы, оқыту аймағы, техно-лаборатория (мастерская), 3D студия, серверлік бөлме бар. ІТ-паркті құру талантты жастарды қолдап, олар жасаған инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, түрлі лабораториялық симулятор, 2D, 3D графикалық жобаларды әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеуге, ақпараттық-бағдарламалық өнімдер жасап шығаруға, өндіріс және облыс дамуының салаларын автоматтандыруға және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Abai.kz

Пікір жазу