Басты бет » Тіршілік ырғағы » «Robobilim» әлеуметтік жобасы

«Robobilim» әлеуметтік жобасы

Без названияҒалымдардың айтуынша, 2020 жылға қарай қолданыстағы мамандықтардың 80%-ы қажет болмайды. Ал, балалардың 35% болашақта жұмыссыз қалуы ықтимал. Техниканы жақсы меңгерген, бағдарламалауды білетін, робототехникадан хабары бар бала жаңа заманға тез бейімделіп, өз болашағын қамтамасыз ете алады. «ROBOBILIM» 5-15 жас аралығындағы балаларға түрлі бағдарлама бойынша техникалық білім береді. Бұл үшін арнайы методикамен жұмыс істейміз. Әр бүлдіршіннің жас ерекшеліктерін ескере отырып, қарым-қабілетін шыңдаймыз. Үйренуге деген ынтасын оятып, бойындағы қызығушылығын оятамыз. Бірер күнннен соң өзі-ақ осы білімді игеруге, білуге құлшынып тұруы тиіс.

Бұл жастағы бала қосымша дамуға толығымен дайын болады. Әр іске қызығушылық білдіріп, өзіне керек дүниелерді бойына сіңіре бастайды. Оларды қабылдап алу жылдамдығы жоғарғы деңгейге көтеріледі. Дәл осы сәтте «ROBOBILIM»-ге келген баланың мүмкіндігі өте жоғары болмақ. Біз білімді ойын арқылы береміз. Бала өзінің қалай дамып жатқанын байқамауы да мүмкін. Дегенмен, оның көзқарасы өзгеріп, қабілеттілігі арта түседі. LEGO құрастырғыштарымен танысып, арнайы маманның нұсқауы бойынша топпен жұмыс істеуге, ойын еркін жеткізуге дағдыланады.

LEGO қазіргі кезде барлық балалардың ең сүйікті ойыншығына айналған. Әр отбасында осынау бөлшектелген ойыншықтарды шапшаң құрастыратын, әбден машықтанған, саусақтары епсепті балалардың бары анық.  Балаңызды орталыққа келуге көндірудің де қажеті жоқ. Бөлшектері өте ыңғайлы, үлкен платформалы болғандықтан, тіпті 1,5 жастағы сәби де өзінің ойлау қабілетін дамыта алады.

Дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Жас проджект» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Осы әлеуметтік жоба аясында «ROBOBILIM» 6 ай бойы әлеуметтік осал топ өкілдеріне тегін қызмет көрсетеді. Анығырақ тоқталсақ:

  • табысы төмен және көп балалы отбасылардың балалары;
  • мүмкіндігі шектеулі, ерекше туылған жандар;
  • әлеуметтік аз қамтылған жандар қатыса алады.

Тегін оқуға тіркелгіңіз келсе, өзіңізбен бірге куәландыратын құжаттарды тапсыру міндеттеледі.

Жоба барысында өзін жақсы қырынан көрсете білгендерді облыстық жарыстарға дайындау да қолға алынады.

Бүгінгі бала – ертеңгі жас буын, ал  жастар ұлтымыздың басты капиталы.

Бірнеше жылдан соң билік тұтқасын ұстап, қуатты ел тұғырына айналатын осы жастарға, қазіргі алдымыздағы бөбектерге инвестиция құю – стратегиялық тұрғыдан ұтымды шешім. Өйткені, олардың бүкіл өмірі алда және болашағы зор. Жас буынға жүктелетін міндет те салмақты. Дәл соларға тамаша білім алып, өмір сүру деңгейін арттыру, экономиканы дамытып, азаматтық қоғамды қалыптастыру, интеллектуалды ұлт тәрбиелеу және басқа да көптеген пайдалы әрі жағымды нәрселермен айналысуға тура келеді. Десе де, бұл қалай жүзеге асады? Әрине, ең бірінші отбасындағы ата-анасының зор қолдауы қажет-ақ.

Егер біз бүгінгі бала, ертеңгі  жастар деп атап отырған тұлғалар біз армандайтын Қазақстанды құрып және аяғынан тік тұрғызар болса, оларға қызығушылық туғызып, олар үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Үкіметтің бастамасымен жастарды және болашақтың бет-бейнесін қалыптастырушы тұлғаларды қолдайтын бағдарламалар құрылды. Осы бағдарламаларды дамытып, жастарымыз бен балаларымызға үйрету біздің міндетіміз болмақ. Ендеше, өмір ағымынан қалыс қалмайық.

 Айдос  АСЫЛҒАЛИ,

«Жас проджект» жобасының

грант иегері

Пікір жазу