«Қазақ аруы – 2026» байқауына дайындық басталды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген арулардың арасынан іріктелген ең жарқын, талантты 22 қыз 3 қараша күні Республика сарайының сахнасында өз бақтарын сынайды.
«Қазақ Аруы» — бұл жай ғана сұлулық байқауы емес. Бұл — ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтердің тоғысқан мәдени платформасы. Мұнда XXI ғасырдағы қазақ қызының: білімді, өз мәдениетіне құрметпен қарайтын және болашаққа нық қадам басқан бейнесі қалыптасады.
2011 жылдан бері «Қазақ Аруы» нәзіктіктің, интеллекттің және прогрестің символына айналды. Ол жастарды шабыттандырып, тіл мен дәстүрді қолдап, патриотизмді дамытып, қазақ мәдениетінің сұлулығын бүкіл әлемге танытып келеді.
Биыл «Қазақ аруы» ұлттық сұлулық байқауы 16-шы рет ұйымдастырылмақ. Жобаның негізін қалаушы, продюсер Баян Алагузова биылғы байқаудың қазақ киносының аңызға айналған актрисасы Меруерт Өтекешоваға арналатынын айтқан еді. Биыл қазақтың Қыз Жібегі атанған өнер иесі 75 жасқа толып отыр.
Осы айтулы мерейтойға орай байқауға қатысушы 22 ару «Қыз Жібек» фильміндегі кейіпкерлердің қайталанбас образдарын қайта жаңғыртып, арнайы фотосессияға қатысты.
Қатысушыларға фильмдегі киім үлгілеріне барынша ұқсас ұлттық киімдер тігіліп, әр образдың өзіндік ерекшелігіне мән берілген. Енді арулар байқау сахнасына да осы ерекше образдарымен шығып, көрерменге қазақтың ұлттық киім өнері мен мәдени мұрасын паш етпек.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
