Басты бет » Жаңалықтар » Қазаққа тұрмысқа шыққан орыс қызы

Қазаққа тұрмысқа шыққан орыс қызы

Казах келини

34 жастағы келіншек жолдасымен бірге үш ұлды тәрбиелеп отыр. Түркістан облысы, Сайрам ауданында тұратын Виктория Тұрысбекова қазақ отбасына келін атанудың артықшылықтары мен өмірден түйгендерін Sputnik Қазақстан тілшісімен бөлісті.

Алғашқы таныстық

Сайрам ауданындағы Қасымбек Датқа елді мекенінде тұратын Виктория атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген, ауылдан шыққан қарапайым қыз. Шымкентте колледжердің бірінде білім алып жүріп жолдасы Асқармен танысады. Өзі қазақ мектебінде білім алған Викаға күйеуі ең алдымен қазақшасына таң қалып, ғашық болыпты. Би кештерінде көңіл көтеріп жүрген оған Асқар келіп, орыс тілінде таныспақ болып биге шақырады. Виктория болса «Қазақша сөйлей беріңіз, жақсы түсінемін» дейді.

Шымкентте өскен Асқар үшін орыс қызының қазақшасы таң қалдырса керек, қызығушылығы арта түседі. Би кешіндегі таныстық алдымен достық қарым-қатынасқа ұласады. Кейін махаббат сезімі билейді. Бірнеше жыл хат алмасып, араласып жүрген олар бірін-бірі үшін жаратылған жандар екенін анық түсінеді.
Тіпті бұл аралықта Асқар әскерге барып, отан алдындағы борышын да өтеп келеді. Қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген олар шаңырақ көтеруге бел буады. Бәрі де қазақтың жөн-жоралғысымен болғанын қалаған жігіт Алматыда әскери қызметте жүріп, шаңырақ көтеру үшін қаржы да жинайды.

«Қазақ жігітіне тұрмысқа шығуыма анам қарсы болды»

«Асқарға деген сезімімнің шынайы екенін түсінген соң алдымен анама келіп айттым. Анам «өзге ұлттың азаматынан басқасын таппадың ба?» деп алғашында қарсы болды. Өзім ата мен әженің тәрбиесін алғанмын ғой. Сезімімді әжеме келіп айттым. Ол кісі Асқармен танысып, оның жақсы адам екенін бірден байқады. Батасын берді», — деген Виктория Тұрысбекова Алматыда қызмет етіп жүрген жігіті Асқарды іздеп барады.

Арада көп уақыт өтпей болашақ енесі қатты сырқаттанып, ауруханаға түседі. Вика болса сүйіп тұрған жігітінің анасына күтім жасап, тіпті Асқардың жалғыз қарындасымен де тез тіл табысып кетеді. Өкініштісі, анасы ауруханада қайтыс болады.
«Болашақ енемді бірден өзіме жақын тұттым. Өте ашық жарқын жан еді марқұм. Асқар үшін анасының қазасы өте ауыр тиді. Ол үйлену үшін тынбай еңбек етіп, мені қазақтың салтымен жар етемін деп ойлап жүрді. Асқар көпбалалы отбасынан шыққан. Үйінде үшінші ұл. Екі ағасы мен екі інісі, бір қарындасы бар. Уақыт өтіп ағалары мен әкесі менің үйіме келіп, атам мен әжемнің рұқсатымен қолдан алып кетті. Әжем «қызымыз бақытты болса, басқасының қажеті жоқ» деп батасын берді. Ол кезде 19 жаста едім. 20 жасымда тұңғыш ұлымды дүниеге әкелдім. Қазір Алланың берген үш ұлын тәрбиелеп отырмыз», — деді қазақ шаңырағының келіні.

Асқардың туыстары Викторияға қалыңмал да төлеп, тіпті «өлі-тірісіне» деп бір қой да берген екен. Содан жас жұбайлар Алматыда пәтер жалдап тұрады. Кейінірек Викторияның әжесі дүниеден озып, олар Қасымбек Датқа ауылындағы үйде Виканың атасымен бірге тұрады.
«Негізі қариясы бар шаңырақтың берекесі болады ғой. Балаларға аталық ақылын айтып отырады. Өкініштісі, атам 85 жасында қайтыс болды. Өзімнің қайын атам қара шаңырақта кенже ұлдың қолында. Қайын атама «Зейнетақыңыздың да қажеті жоқ. Қайда барғыңыз келеді, бара беріңіз. Тек бізбен бірге тұрсаңыз болды» деймін. Бірақ, ол кісі қара шаңырақтан кеткісі жоқ. Үйге жиі кеп тұрады. Кейде шыны керек, абысындарыммен қайын атамызға таласып қаламыз (күдеді)», деген Виктория Тұрысбекова қазақ шаңыраққа келін атана салып, ұлттық тағамдарды дайындауды барынша тезірек меңгеруге тырысқанын айтты.
«Мен 14 жасымнан бастап тамақ пісіруді үйрене бастадым. Ол кезде орыстың ұлттық тағамдарын пісіруші едім. Асқарға тұрмысқа шыққан соң ет асып, қамыр жаюды үйрендім. Бауырсақ пісіру, өзге де ұлттық тағамдарды дайындауды бірден меңгеріп кеттім. Кейде күйеуім «Бешбармақ пен манты пісіре бергенше, сұйықтау тамақ дайындасаңшы» дейді. Дастарханымыздан қазақтың тағамдары үзілген емес. Шелпек пісіріп, иіс шығарып тұрамын. Негізі ет асу деген ең оңай астың бірі ғой (күледі). Етіңді қазанға салып қоясың да, қамырыңды жайып жібересің. Құнарлы әрі түрлі дәруменге толы асың дайын», — деді қазақ келіні.

«Құдалық пен тойлардан қалмаймын»

«Қазақ келіні» деген атқа кір келтіргім келмейді. Сондықтан қазақтың барлық салт-дәстүрін тез меңгеріп алдым. Әлі күнге дейін орамалым басымнан түскен емес, үлкендерге иіліп сәлем де саламын», — деп әңгімесін жалғаған 34 жастағы Вика жолдасымның туыстарына көрсеткен құрметім күйеуіме деген сыйластық белгісі деп отыр.

Тұрысбековтер әулетінде қандай да бір жиын өтсе, бес келін бірден ұйымдасып, атқарып шығады.
«Шүкір, абысындарымның бәрімен татумын. Білмегенімізді бір-бірімізге үйретіп жүреміз. Үлкен абысындарымның менің отбасы болып қалыптасуыма үлкен көмегі тиді»,- деген Виктория ұлдарының сүндет тойы мен тұсаукесер рәсімін де өткізіп, бұл қуанышын туыстарымен бөліскенін атап өтті.
Ерекше атап өтерлігі, шаңырақтың үшінші келіні Виктория үлкен әулеттің құдалық, той-жиындарынан қалмайтынын айтты.
«Құдалықтан қалмаймын (күледі). Үйренгенім өзіме жақсы, ұлдарым өсіп келеді. Жүрген жерімде жаңа құдалар жағы менің қазақшама таң қалып жатады. Қайын атам мен қайын ағаларым, абысындарым жүрген жерінде мені мақтап отырады. Кейде шыны керек, олардың мақтауларынан өзім ұяламын. Туыстары тарапынан әйелі туралы мақтау сөз есту кез келген ер азаматы үшін мақтаныш қой. Жолдасым мақтанып жүреді», — деді Виктория Тұрысбекова.

«Қыз дүниеге әкелгім келеді»

Виктория мен Асқардың үш ұлы да мектепке барады. Отбасының барлық мүшелері үйде өзара қазақ тілінде сөйлеседі. Кейде мектепте ата-аналар жиналысына барғанда ұлдарының мұғалімдері «Үйде мүлдем орысша сөйлемейсіздер ме? Бір мезгіл орысша сөйлесіңіздер, баланың тіл үйренуіне пайдасы тиеді» деп жатады екен. Үш ұл да мектепте қазақ сыныбында оқиды.

Тұрысбековтер отбасы үш ұл тәрбиелеп отыр

«Өз ана тілім орысшаны ұмытпаймын ғой. Бірақ, айналамдағылар «акцентпен» сөйлейсің дейді. Мүмкін ол қалыпты жағдай шығар. Өзім қазақ мектепте оқыдым, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Кейде ауылда автобуста адамдар лық толы боп қалады ғой. Сондайда қасымда тұрғандар орысшалап «ары тұрыңызшы» дейді. Мен болсам, «орысша сөйлемеші, қазақша айта бер» деймін. Бақырайып, таң қалып қалады», — деген Виктория үш ұлдан соң бір қыз дүниеге әкелуді тілеп жүргенін де жасырмады.
«Бәрі Алланы қалауымен ғой. Үш ұлды болдым. Енді қызды болсам деймін. Алла тілегімді қабыл етеді деп сенемін»,- деді келіншек.

«Намаз оқыған сайын жеңілденіп қаламын»

Үй шаруасына өте жақын болып өскен Викторияны кейде егде жастағы көршілері көмекке шақырады екен. Бірі еден, терезесін жудырып алса, енді бірі үйін жинатқызады.
«Үйдегі жұмыстарды жасауға ол кісілердің денсаулықтары жарамайды. Қолым қалт еткенде, барып жасап беремін. Сауап қой ол да» деген Виктория Тұрысбекова соңғы бір жылдан бері намазға жығылып, Алла алдында құлшылық жасап келе жатқанын айтты.
«Намаз оқыған адам Алладан не тілесе, қабыл болады» деп жатады ғой. Сол рас екен. Өзім ойлана келе, Аллаға құлшылық етуге бел будым. Жолдасымнан рұқсат сұрап, күні бүгінге дейін бес уақыт намазымды оқып келемін. Шынымды айтсам, кәдімгідей жеңілденіп қаламын.
Жолдасым отбасымның тірегі, асыраушысы. Намазды оқыған сайын балаларымның, күйеуімнің амандығын тілеп отырамын. Өзім үйде отырсам да, шүкір, балаларымынң қарны тоқ, көйлегі бүтін. Одан артық қандай бақыт болсын?», — деп ағынан жарылды келіншек.

«Мал бағып, сиыр да сауамын»

Ауылда туып-өскен орыс қызы «тұрмысқа шықтым, енді тек үйдің шаруасымен айналысамын» деп отырмай, мал бағуды да қолға алған. Осыдан біраз жыл бұрын екі қой алып, аз ғана уақыттың ішінде оның басын жетіге көбейткен қазақ шаңырағының келіні қой бағудың жұмысы көп әрі балаларым кішкентай болған соң уақыт та көп бола бермеді дейді. Содан сиыр алып, бүгінде соны көбейтіп отыр екен.

Таңмен жарыса үйдің шаруасына кірісетін Виканы көршілері үнемі мақтап отырады

«Ұйқыдан таңғы сағат алтыда тұрамын. Сиыр сауып, жем-шөбін берем дегенше жарты сағат өтіп кетеді. Күйеуімді жұмысқа шығарып салып, мал қораны тазалап шығамын. Кейін балаларды сабаққа жіберемін. Ас-ауқат дайындау, үй жинау, күнделікті күйбең тіршілік жалғаса береді… Тауық та асыраймыз. Биыл отыз шөжек басты. Үлкен ұлым қоянға қызықты. Оны алдық. Қазір бәрін қорамызда ұстап отырмыз», — деген Вика мал бағу табысқа жетудің төте жолы деп отыр.
«Елдер мал бағып та байып жатыр ғой. Біз кереметтей байып кетпесек те, әйтеуір күнделікті қажетімізді осы малдан алып отырмыз. Сиыр ішсең сүтің, жесең ет. Майы, құрты тағы бар. Бәрін өзім қолдан жасаймын. Көршілерім келіп сатып алып жатады. Тауықтың да жұмыртқасына сұраныс бар. Кейде жолдасым «шаршасаң, мал ұстауды қоя салайық» дейді. Маған жаны ашиды ғой ол кісінің. Ал мен көнбеймін (күледі).

Ертең балалар өскенде сол мал арқылы оқытамыз деймін. Өзімнің әжем бізді сол малдың арқасында оқытты. Туыстарымыз үйге келсе, Асқардың үйінде керектің бәрі бар. Қолдың құрты, майы, ірімшігі дастарханнан үзілмейді» деп жатады. Бәрі сол мал бағудың арқасы ғой», — деген Виктория мал бағуда жолдасы үлкен қолғабыс жасайтынын, тіпті қажет кезде сиыр да сауатынын мақтанышпен жеткізді.
«Бәрі балалардың несібесі ғой. Аллаға шүкір, ешкімнен кем емеспіз. Күнделікті ішер асымыз алдымызда. Негізі отбасында ер азамат табыс табушы болса, оның берекесі болады дейді. Бізде жолдасым жалғыз өзі жұмыс істейді. Мен де жұмысқа шыққым келеді. Әзірге балалар өссін деп отырмын. Мамандығым – педагог. Балабақшада тәрбиеші болғым келеді, себебі балаға өте жақынмын», — орыс қызы.
Таңмен жарыса үйдің шаруасына кірісетін Виканы көршілері де үнемі мақтап отырады екен. Тіпті кейбірі «Вика пысық, біздің келіндер сағат онға дейін ұйықтайды» деп те айтатын көрінеді.
Сұхбат соңында орыс ұлтының өкілі ауылда тұрғысы келмейтіндерге сын көзбен қарайтынын да жеткізді. Айтуынша, кейбір таныстары ауылды тастап, қалаға келуін үгіттейді екен. Викторияның оларға беретін жауабы: «Ауылдағы өмірге ешнәрсе жетпейді».
«Қалада бәрі ақша. Бір айлыққа қарап өмір сүресің. Ал ауылда бір тауық асырасаң да табыс. Құрбыларым кейде ауылдың жұмысын істей алмаймыз деп жатады. Басқа салса, үйренесің. Бастысы, адамның ішкі ниеті болуы қажет деймін оларға», —  деп сөзін түйді Виктория Тұрысбекова.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*