Басты бет » Тіршілік ырғағы » МАҚСАТЫ МОЛ МАХМУД

МАҚСАТЫ МОЛ МАХМУД

         a7673c9e-14b6-4197-8729-4a10ba5ac1b9

       Алты жасар жерлесімнің бала болса да ойлау қабілеті тым жоғары еді. Сабағын да жақсы оқыды. Әсіресе, кез-келген сөзді ойланбастан кері оқып бере-тұғын. Осы әдіспен ең әуелі сөзді, одан әрі өлең жолдарын мүдірместен шырқайды. Мәселен, «малақай» дегенді «йақалам» деп кері «зуылдататын». Кішкентай баланың бұл зеректігіне таңдана отырып, қызық көріп сөйлететінбіз. Ауылдастарын осылайша баурап алған кешегі сүйкімді балақай бүгінгі күнде студент атанған.

     Хош, сонымен кейіпкеріміздің – есімі Махмуд Аманшин. Ол Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылында 1999 жылы дүниеге келген. Марқұм Максим әкесі мен  Фариза анасының тұңғышы. Бала кезінен бастап білімге құштар Махмуд бүгінгі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті. Еңселі оқу ордасының «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» факультетінде білім алып жатыр.

        Ол – қазақтың бас ақыны Абайдың, көне гректің суырып салма ақыны Гомердің, орыстың адуынды ақыны Есениннің туындыларын көрерменге әсерлі етіп жеткізе  оқудың хас шебері. Көркем сөз оқу хақындағы бірнеше байқаулардың сан мәрте жүлдегері.

        – Сабақ оқумен қатар, бос уақытымда ағылшын тілін үйреніп жүрмін. «Жеті жұрттың тілін біл» демекші, алдағы уақытта көп тілді меңгеріп, білім мен дүниетанымымды кеңейткім келеді. Осы орайда таяуда Америкаға жол жүрмекпін. Көрмеген жерлерімді көріп, ол жерде жұмыс жасап, әрі тіл үйрену – басты мақсат болып тұр. Арманым көп-ақ. Соның бірі – шет елде магистратураға тапсыру, – дейді мақсаты мол Махмуд.

b4f2d8ef-d8df-45b5-a19e-d958b822ea92

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа» деген болатын.

   – Расында да, мемлекеттің дамуында жас буынның шешуші рөл атқаратыны хақ. Жастарға ашылар әр жол – болашақтың жарқын болатындығының айқын дәлелі. Тәу етер тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, – деген кейіпкеріміз жастар жылына орай ақжарма тілегін білдірді.

          «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», деп заманның заңғар тұлғасы Міржақып Дулатов айтқанындай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз тың идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен  біз мақтанбағанда, кім мақтанбақ?!

Самал ЖАМЕТ,

БҚО, Орал қаласы

 

 

Пікір жазу