Басты бет » Тіршілік ырғағы » МАМАНДЫҒЫНЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫП КЕЛЕДІ

МАМАНДЫҒЫНЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫП КЕЛЕДІ

Отбасылық династия

AMG_1191

Полиция подполковнигі Бауыржан Успановтың ішкі істер органдарында қызмет еткеніне 23 жылдан астам уақыт болыпты.

Еңбекқор, талмайтын 46 жасқа жеткен Бауыржан Мұхамбетқалиұлының қимылы ширақ, басшылық тарапынан берілген нұсқаулар мен тапсырмаларды, жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, уақтылы орындайды.

Уақытпен санаспай, қызмет сапынан табылатын, шаңырағында жарының қалқаны, 4 баланың әкесі Бауыржан Успановтың шаңырағы династия отбасының қатарында. Бүгінгі мақаламызда шаңырақтың діңгегі – айбарлы әкенің еселі еңбегі, әкенің еңбек жолын жалғаушы қызы, болашақта полиция қызметкері болуды армандайтын өзге балалары туралы жазып, еңбек көрігін қыздырып отырған отбасы жөнінде баяндауды жөн санадық.

Теректі ауданына қарасты Пойма станциясының тумасы Бауыржан Успанов 1989 жылы Аксуат орта мектепті аяқтаған соң еңбек жолын Орал қаласындағы «Оралөнеркәсіптік» құрылыс материалдары комбинатында арматурщик қызметінен бастаған. 1990-1992 жылдар аралығында Белорецк қаласында әскери борышын өтеген. Туған ауылына оралған Бауыржан 1992 жылы Жол-құрылыс басқармасына газ-электрмен дәнекерлеуші қызметіне кіріскен. 1992-1996 жылдар аралығында газбен дәнекерлеуші болып еңбек етіп, бірнеше нысандарды, сынған-бүлінген бұйымдарды қалпына келтіруге зор еңбегі сіңген. Полиция подполковнигі Бауыржан Успанов сегіз қырлы, бір сырлы қазақтың азаматы.

Бүгінгі кейіпкеріміздің ішкі істер органындағы алғашқы еңбек жолы 1996 жылдың  наурыз айында бастау алған. Сол жылдары облыстық қылмыстық-атқару жүйесі инспекциясына қарасты мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінде бақылаушы, аға бақылаушы лауазымдарын атқарып, қатардағы қызметкер, полиция аға сержанты шеніне дейін көтерілген. Бұдан әрі жедел әрекет ету жеке ротасының взвод командирі лауазымында қызмет еткен. Бұл кезде полиция кіші лейтенанты шенінде еді.

AMG_1201

2001-2016 жж.  аралығында патрульдік полиция жеке баталонының қызметтік дайындық бойынша аға испекторы, батальон командирінің тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, ПД Кадр жұмысы басқармасының қызметтік дайындық бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға испекторы лауазымдарын атқарған. Аға жасына жеткен Б. Успановтың  еңбекқорлық қасиетін бүгінгі жастарға үлгі етіп алуға болады.

2016 жылдың қыркүйек айында БҚО ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Жеке құрамды дене шынықтыру мен қару-жарақпен ату сабақтарына дайындап түрлі жаттығу жасатады, спорт алаңдарында тынбай жаттықтыратын да өзі. Төтенше жағдайларға дайын болу, тойтарыс беру,  орын алған күнде жеке құрамның жедел қимылдауы мен  саптық дайындығын өткізеді.

Қызметтік қару-жарақтан атып, көздеген нысанасын мүлт жібермейді. Мергендер сайысында өзгелерге жүлде бермей келеді. Оның үстіне нағыз спортшы, спорттың барлық түрінен хабардар. Жыл сайын ҚР ІІМ қару-жарақпен ату чемпионаттарына команданы өзі дайындап, жүлдемен  оралып келеді.  Жеке құрамды тәртіпке үйретіп, үлгілі әскери түрін қадағалап, саптық тәсілдерді жылдам және дәл орындай алуды қалаптастырып, ширақтыққа, ептілікке, шыдамдылыққа дағдыландырып баулиды.

Бауыржан Мұхамбетқалиұлының тұңғышы Жания Успанова 2013 жылы Алматы қаласындағы ҚР ІІМ академиясына оқуға қабылданып, 2017 жылы аяқтады. Алғашқы еңбек жолы Орал қаласының полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымынан басталды.  Полиция аға лейтенанты істің ақ пен қарасын тергеп, тегеуріні мықты тергеуші атанған жас маман. Көп ретте алаяқтық, бұзақылық, адам  тонау фактілеріне қатысты қылмыстық істерді зерделеп, істі сотқа жолдайды. Басқарма басшылығы жас тергеушінің әке соқпағымен жүрген жолына сәттілік тілейді.

AMG_1210
Жанияның сіңлісі Камила Орал қаласындағы Қазақ ақпараттық-инновациялық университетінің 3-курсында заңгер мамандығы бойынша білім алуда. Студент Камила да бір күндері әке жолын қуып, династияны жалғастыруы мүмкін. Сонда ұрпақтар сабақтастығы үзілмей жалғасады емес пе?  Кішкене сіңлісі Аида мен інісі Ералы Орал қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының үздік әрі белсенді оқушылары.

Қызметтен кеш қайтқан полиция қызметкерлері, яғни, жары мен қызын, студент қызын қарсылап, кішкентай балапандарын мектептен қайтқан шақта күтіп алатын айрандай ұйыған шаңырақтың анасы – Гүлжазира апамыздың мол дастарханы жаюлы тұрады. Дастархан үстін толтырып, буы бұрқыраған түрлі тағамдарды қолдан пісіріп-түсіретін Гүлжазира апа мейірімді ана, үрім-бұтағының, тірегінің амандығын тілеуші жан. Барлық тілегі сол отбасының үстінде.

Осылайша, қазақтың кереметтей отбасында династия жалғасып, сүйіп алған мамандықтың абыройы асқақтап келеді.

Гүламан Исмагулова,

Орал қ. ПБ баспасөз қызметкері

Пікір жазу