Басты бет » Тіршілік ырғағы » Қазақ ұланының АҚШ-тағы жеңісі

Қазақ ұланының АҚШ-тағы жеңісі

53430001_2098412057117273_3072934068178911232_n

АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласындағы Вирджиния мемлекеттік университетінің 1-курсында білім алып жүрген Шымболат Тналиев Орал қаласында туып, өскен. Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Талапты жас алғашқы сүйінші жаңалығымен қуантты. Оның ұсынған ғылыми жобасы инженер ғалымдардың оң бағасын алып, өндіріске енгізілмек. Бұл туралы Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлайды.

АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон негізін қалаған Вирджиния университеті базасында парк құрылысы басталыпты. Толығымен балама энергия көздері арқылы жұмыс істейтін экоауыл 2022 жылы пайдалануға берілмек. Университет инженерлері ауыл құрылысы үшін студенттер арасында байқау жариялайды. Шымболаттың айтуынша, жиырма жас ғалым қатысқан байқауда ең жасы өзі болыпты. Байқаудың мақсаты – студенттердің балама энергия тақырыбындағы жобаларын іс жүзінде жүзеге асыру.

– Аталған байқауда гидроэлектростанция жобасын ұсындым. Ол жоба бойынша магнитпен жабдықталған роторлық диск судың ағысы арқылы электр қуатын өндіруге болады. 2017 жылы ЭКСПО көрмесі аясында осы жобаны таныстырған едік. Сол жобаны әрі қарай жетілдірдім. Қазір инженерлермен бірге жұмыстанудамыз. Былайша айтқанда, осы экоауылдың құрылысына атсалысамын, – дейді Шымболат.

Айта кетейік, талапты жас жеті бірдей оқу орнының білім грантын ұтып алған болатын. Оның бесеуі Американың атағынан ат үркетін іргелі жоғары оқу орындары болса, алтыншысы – Финляндияның атақты Альта университеті және соңғысы – Астана қаласындағы Назарбаев университеті.

Пікір жазу