Басты бет » Даналық дәптері » «Ұлылар» арасындағы ұқсастықтар

«Ұлылар» арасындағы ұқсастықтар

С Б жанынан қарап тұр, 2016

Бауыржан

       Ұлы даланы мекен еткен қазақ елі, қазақ тарихы талай ұлы перзенттерді киелі бесігінде тербетіп, ұлт мақтанышына айналған қаһарман ұлдарды өсірген.

Қазақтың қаһарман ұлдары десек, көз алдымызға ең алдымен Алаш арыстары содан соң Ұлы Отан соғысында даңқты жауынгерлік жолдан өтіп, өз есімін, халқын бүкіл одаққа, тіпті, әлемге танытқан Бауыржан Момышұлы бейнесі келері хақ. Ұлы адамдар – алдыңғы толқынның үлгілі үрдісін жалғастырушы. Б. Момышұлы есімі халықтың жадында мәңгілік қалмақ, ол батыр бабаларымыз туралы жырлар мен аңыздардан рухтанған. Бұл орайда ол тарихтың терең қойнауындағы Қобыланды, Алпамыс батырларды былай қойғанда, кешегі «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» жоңғар-қалмақ шапқыншылығында жаудан қазақтың ұлан-байтақ даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бүгінгі ұрпаққа мәңгі мұра етіп қалдырған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сынды ел қорғандарымен қатар атауға лайық.

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялаған тұста өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, жоғалтқанымызды тауып жатқан жайымыз бар. Кешегі кеңестік кезеңде Коммунистік партияның сұрқия саясатына ұрынбай, намыстың туын жықпай, ұлттық рухты биік ұстаған тұлғаларымыз баршылық. Соның бірі Бауыржан Момышұлы болатын. Өз тегінде «-ұлы» деген дәстүрлі аты-жөнді сақтап қалғаны үшін оны «ұлтшыл» деп қысым жасаған. Айта берсеңіз, Ұлы Отан  соғысындағы ерлігіне қарамастан оған батыр атағын бермеген. Бұл – тарихи шындық. Бірақ халық Бауыржанды «батыр» деп есептеген. Ең бастысы – ол қазақ халқының ұлттық қазына-байлығының жоқтаушысы. Олай дейтініміз, кез келген ұлт үшін ана тілінен артық байлық жоқ. Ал, ата жаумен айқасып, жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғыста қан кешіп жүріп, оның Қазақстан БКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа майданнан ұлт болашағы, туған тілдің тағдыры, ұлттық қасиетті сақтау керектігі туралы хат жолдауы осыған айғақ. Бұл ұлтын сүйген, ана тілін ардақтаған ұлы тұлғаға ғана тән қасиет.

Бәукеңнің қырлары мен сырлары жайлы әдеби шығармалар, мақалалар мен естеліктер көптеп жазылған. Момышұлы туралы белорусь, орыс, украин, өзбек, татар, қырғыз, басқа да көптеген ұлттың ақындары мен жазушылары тебірене толғап, өз шығармаларына оның әскери шеберлігін, отансүйгіштігін арқау еткен. Батырдың 72 жылдық ғұмырнамасы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері жазушы Александр Бектің «Арпалыс» (аударған Құрманбек Сағындықов), майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармасында мейлінше кең суреттеледі.

«Ақиқат пен аңыз» кітабын қайталап оқи отырып, ерекше қуанышты сезімге бөлендім. Бұл – өз дәуірінде жоғары баға алған, Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің Мәскеуді қорғаған ерлігі туралы тарихи еңбек. Оны қайта оқу барысында сан алуан мінезге қанығып, түрліше күйге ендім. Жоғын тапқан жолаушыдай, құнды дүниені парақтап болғасын, өзіммен-өзім тағы да ұзақ сырластым. Қазіргі уақытты «жаңа ғасыр, ақпарат ғасыры, теледидар ғасыры» десек те, кітап оқудың құндылығын, Отанды, ел намысын қорғау сезімін осы шығарманы оқи отырып түсіндім.

Әзілхан атамыздың кітабы бұл жолы мені теңіз үстіндегі көк толқындарға лақтырып жібергендей әсер қалдырды. Бұл кітап Бауыржандай атамыздың батыл, отты қасиеттерін бойына сіңірген тағы бір асыл ағаны, белгілі дипломат Сайлау Батырша-ұлын есіме түсірді. «Ұлылар» арасында ұқсастықтар көп секілді көрінді маған. Өз елі дегенде өзегін жұлып берер, ізінен ергенге ізеті бөлек Сайлау ағамызбен қызметтес болғаным бар-ды. Халқымыздың біртуар азаматы С. Батырша-ұлымен бірге қызмет еткенімді өз басым маған тағдырымның тартуы деп білем. Кеңес заманында Баукеңнің жолын қуып, өзінің тегіне «-ұлы» деген жалғауды жалғағандар, шын мәнінде де, көп емес еді. Белгілі жазушы, журналист Балғабек Қыдырбекұлы, елімізге белгілі ақын, сықақшы Шона Смаханұлы секілді аталарымызбен қатар осындай текті өзіне серік еткен кісі осы Сайлау Батырша-ұлы болатын. Сол кездегі республика астанасы Алматыда ең соңғы №12 қазақ мектебі жабылғанда оны қайта қалпына келтіруге атсалысқан Шона Смаханұлы мен Сайлау Батырша-ұлы еді. Бұл – туған тілге жанашырлық. Өйткені қазақ мектептері мен балабақшалардың жабылуы ана тілінің жойылуына апаратынын түсінді. Шоқ тілді Шона мұны шығармашылығымен де, басын бәйгеге тіккен батыл әрекетімен де жүзеге асырды.

Біз қазақтың осындай «ұлыларының» бірі, іргелі істерімен белгілі С. Батырша-ұлы туралы әңгіме өрбіткеп отырмыз. Әскери полковник Бауыржан мен дипломат Сайлау аға арасындағы ұқсастықтар көз алдымнан тізіле берді… Олардың ұқсастықтары дәстүрлі аты-жөндерінде ғана емес, ұлтты, тілді қорғаудағы істері  сәйкес келеді. Дәстүрлі текті олар мәртебе үшін емес, ұлттық дәстүрді, құндылықтарды сақтау, құрметтеу, өздері өмір сүрген қоғамда қазақты қазақ ретінде таныту үшін алғандары айтпаса да түсінікті болатын. Соның өзінен-ақ халқымыздың асыл ұлдарының өз ұлтына деген сүйіспеншіліктері айқын аңғарылғандай.

С Б жанынан қарап тұр, 2016

Халқы сүйген қос перзентті ұқсаттыратын және бір жағдай – олардың екеуінің оқуға құштарлығы, терең білімдері мен даналықтары дер едім. Мәселен, Бауыржан Момышұлы алдымен әскери академияны, кейін Кеңес Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіріп, әскери-педагогикалық қызметпен айналысқан. Әскери жазушы ретінде жазған «Ұшқан ұя», «За нами Москва», «Наш генерал», «Адам қайраты», т.б. кітаптарымен халқымызға кең танылса, Сайлау Батырша-ұлы 1964 жылы Ташкент мемлекеттік университетін, 1969 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Жоғары дипломатиялық мектебін бітірген. Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, экономика ғылымдарының докторы (1994) болғанын да айта кеткеніміз жөн. 1965 жылдан бастап Қазақ ССР-і Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, СССР-дың Алжирдегі елшілігінің үшінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің лекторы, нұсқаушысы, Конго Халық Республикасындағы елшілігінің екінші хатшысы болған. 1990 жылдан Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары, еліміздің Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Египеттегі, Израильдегі Қазақстан Республикасы елшілігінің кеңесшісі, басқа да жауапты қызметтерді атқарып, көп игі істердің ұйытқысы бола білді. Меніңше, «Ұлылардың» қызметтегі жауапкершіліктері, жастар тәрбиесіне жоғары маңыз бергендері де күмән келтірмейді. Екеуі де адамды еңбек тәрбиелейтінін, Отанға сүйіспеншілік адамды құрметке бөлейтінін көрсете білді.

Өткенмен өлшем жасамай, болашақты болжау жоқ. Кешегі кеңестік кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен зиялы қауым деп жүргендердің көбісі балаларына орыс тілінде хат танытып, ауыздандырғаны ақиқат. Солардың талайы бүгінде бармақтарын шайнап жүргендері де белгілі. Ал, белгілі жазушы, ақындар шығармаларын өз перзенттері оқымайтын халге жетті. Ол ол ма, қазақшаға бет бұрған дәл қазіргі кездің өзінде Парламентте депутат болып отырып, балаларының орыс мектептерінде білім алып, ана тіліне шорқақ болып жүргені өкінішті. Оны аз десеңіз, олар енді ағылшынша үйренуді үрдіске айналдырып алған. Бауыржан атамыз қазақ мектептерін ашу туралы күрессе, қазақ мектептері жабылып, орыс мектептері ашылып жатқан кездің өзінде Сайлау аға інілерін, балаларын түгелдей қазақ мектебіне берді. Бүгінде немерелері де қазақ мектептерінде оқып жүр.

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа» дегендей, Бауыржан Момышұлы атамыз секілді С. Батырша-ұлына да даналық, достыққа адалдық, ұлтжандылық тән. Сәкеңнің әрбір ісі дәстүрді, ұлтты сақтау мақсатынан шығады. Ол кісі көптеген елдерде болды, классиканы оқиды және көп тыңдайды. Баукең секілді ол ана тілін сүйеді, құрметтейді, мақтаныш етеді. Жауынгер атамыз Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ тілінің қамын ойлап, Республика басшылығына хат жазған болса, Сайлау ағамыз тіл мәселесі жөнінде Елбасына хат жазады. 1986-1988 жылдары Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік жасап, бұл міндетті абыроймен атқарды. Шет тілдерін жетік меңгерген дипломат Батырша-ұлы қазақ тілі үшін күресіп, Өзбекстанда елші болып жүргенде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшесін Ташкентте ашады.

С. Батырша-ұлының ұлттық болмысын, қарапайымдылығын, көпшілдігін оның күнделікті өмірінен де байқау қиын емес. Үлкенді сыйлау, кішіге жол көрсету – Сайлау ағаның бойында бар қасиет. Баукең секілді ұлт намысын қорғайтын жерде өткір сөйлеп, өңменіңнен өткізетін шыншылдығы бар. Бұл қасиеттер олардың жүрегінің адалдығын, кісілігін, қайсарлығын көрсетсе керек.

Бүгінде қазақша сусындаған ұрпағы өсіп-жетіліп, жоғары білім алып, халықаралық деңгейде де қызмет атқарып, әке жолын лайықты жалғастырып келеді. Елбасымыз айтқан халқымыздың болашағы қазақ тілінде екенін аға ұрпағы дәлелдеп бергендей. Ағаның ізденімпаз ғалым екенін де мақтаныш етуге болады қазір.

Сайлаудың батыр Бауыржан ағасына тағы бір ұқсастығы – Елбасына арнайы хат жолдауы. Хатқа қара бастың қамы емес, елдің болашағы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы арқау етілген. Осындағы Сайлау ағаның: «Отан қорғау, тәуелсіздікті нығайту – ең алдымен өзіңді, отбасынды, туысыңды, қазақ халқын қорғау. Себебі Отан отбасынан басталады. Қазір Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы бостандықта. Тәуелсіздіктен айырылғаның – бостандықтан айырылғаның. Бостандығың болмаған соң, байлық та, басқа да бос сөз», – деген тұжырымы әр азаматтың ұстанымына айналуға тиіс. Ол «қазір соғыстан аман, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Достық ниетпен шекараны ашып, экономикалық кедендік одақ құрдық. Дұрыс-ақ! Бірақ алдымен экономиканы нығайтып алуымыз керек еді. Отандық тауарлар әріптестер өнімдерімен бәсекелесе алмай келеді. Ендеше, нарықта бәсекелестер таразы басын басып кететіні сөзсіз. Осы жағын ойластыру керек» деген ұсыныс-пікірін де осы хатында білдірген.

Рас, Елбасы егемендіктің елең-алаңында-ақ «алдымен экономика, саясат кейін» деген ұстанымда болған. Қазақстанды әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына қосу да Елбасының идеясы. Жетістіктер бар, бірақ тиісті деңгейде деп айту қиын. Отандық өнімдердің сапасы халықаралық стандартқа сай келе бермейтіні белгілі. Соның салдарынан тұтыну рыногында шетелдік тауарлар сұранысқа көп ие болып, біздің өнім өндірушілер жұмысының алға басуына кедергі келтіруде. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс жағдайында, өз өнімдеріміздің өтуіне, сол арқылы өндірістің дамуына баса назар аудару және күш салу керек. Сайлау ағаның алаңдайтыны да сондықтан. Бұл да елдің дамуын ең басты мәселе санайтын нағыз отаншыл патриотқа тән қасиет.

Халқымыздың даңқты перзенті Б. Момышұлы өз өмірін әскери салаға, елді қорғауға арнаса, С. Батырша-ұлы аға – еліміздің сыртқы істер министрлігінің жұмысын қалыпқа келтіріп, халықаралық аренада елді қорғауға бар ғұмырын арнаған адам. «Елдестірмек – елшіден», ол кісі осы дипломатиялық қызметтердің қай-қайсысында да еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына, мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық-мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Оған айғақ, дипломат Батырша-ұлына «Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер» атағының берілуі. Осы саладағы ұзақ жылдардағы үздіксіз қызметінің нәтижесіндей тұнғыш қазақ тілінде «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынас» атты оқулық жазған. Осы еңбегі үшін Сәкең Қазақстан ЖОО Ассоциациясының шешімімен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальмен марапатталды. Бұл еңбекті қазір 30-дан астам оқу орындарының оқытушылары дәріс беруде пән оқулығы ретінде пайдалануда.

Ағаның өз ісіне берілгендігі, әлемдік саясатты тұра талдап, республика сыртқы саясатын  жүргізді. Ал, оның батыл да ерлікке толы еңбектеріне келсек, көп жайды айтуға болады. Ол 1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясына СССР делегациясы құрамында қатысқан. БҰҰ-ға мүше елдердің делегацияларымен жұмыстар жүргізіп, оларға Қазақстан туралы мол мәлімет береді. Сондай-ақ, БҰҰ ғимаратында шетел корреспонденттерімен пресс-конференция өткізіп, сұхбат берген. Онда дипломат Қазақ ССР-і Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуға құқылы және Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда шектелмей, республика толық тәуелсіздікке барады деп батыл мәлімдеме жасады. Бұл интервьюдің мазмұны ТАСС ақпараттық агенттігі арқылы шетелдік және республикалық газеттерде жарияланды. Содан бір жарым айдай уақыт өткен соң, 1991 жылы 16-шы желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Мемлекет және қоғам қайраткері С. Батырша-ұлының өмірінде басын бәйгеге тіккен сәттер аз емес. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қалыптасуына, шет елдерде Қазақстан Республикасының елшіліктерінің ашылуына зор еңбек сіңірген. Б. Момышұлы өмір бойы әскери адам болып, Ұлы Отан соғысында ерлік жасаса да, генерал атағын ала алмады. Сол сияқты С. Батырша-ұлы да жарты ғасыр дипломатияда жүріп, Сыртқы істер министрінің орынбасары, елші қызметін атқарса да «Төтенше және Өкілетті елші» дипломатиялық атағын ала алмады.

Ағамыздың бойында Бауыржанның сұстылығы, темірдей тәртіптілігі, ұрпақ алдындағы жауапкершілігі терең сезіледі. Сайлау аға ойға дархан, сөзге шешен кісі. Халықтық салт-дәстүрді сақтауға аса мән берумен қоса, ел бірлігі мен ынтымағына да ұдайы көңіл бөліп келеді. Көптеген халықтардың мақал-мәтелдері мен афоризмге айналған қанатты сөздерін жақсы білумен қоса, ол нақыл сөздерді орайын келтіріп, тілдік қолданыста пайдалана алады. Бәукеңнің кітаптарын оқығанда да соны кездестіреміз. Дәстүрлі өнерді, батыстың опера, балетті тамашалауды адам мәдениетінің көрсеткіші деп біледі.

Балалары да хал-қадірінше ізденіп, өз еңбектерімен еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ағаның балалары, немерелері «-ұлы», «-қызы» деген дәстүрі аты-жөнімен жазылып келеді. Аталары секілді олар бірінші кезекте ана тілін еркін меңгеріп, оған қоса бірнеше шет тілдерін біледі. Отанды сүю отбасынан басталады, ата дәстүрдің жібін жалғап келе жатқан бұл жастардан болашақта елін сүйетін азаматтар шығатынына сенім мол. Мәселен, ұлы Бақытты Батыршаұлы Сұлтан Бейбарысты зерттеп кітап шығарды. Египеттегі Қазақ елшілігінде көп жылдар жемісті қызмет атқарды. Қызы Сәулегүл Сайлауқызы – ҚР Президентінің Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының директоры болды. Бүгінде ол Бельгиядағы Қазақ елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарып отыр. Немересі Темірлан Израильдегі Қазақстан елшілігінде консул болып қызмет атқарып жүр. Балаларын еңбексүйгіштікке, үлкенді сыйлауға, өз істеріне адал болуға тәрбиелеген.

Осы жерде Сайлау ағаның өзіме жасаған бір қамқорлығын айтып өтсем деймін. Менің Астанаға жұмысқа жаңа келген кезім болатын. «Алдағы мақсатың қандай? Қанша тіл білесің? Неше тіл білсең, сонша елді танисың», – деді. Аға сауалы ойландырды, мені ізденуге жетеледі. Әрбір жас түпкі мақсатын білуі қажет екенін сол жерде ұққандай болдым.

Сайлау ағаның Сирияда университетті бітіріп келіп бастапқы кезінде фототілші болып қызмет еткенін өз аузынан естіп таңғалғаным бар. Яғни, ол кісі ешқандай жұмыстан тайсалмай істей беретінін түсіндім. Өзім де Өзбекстаннан елім деп келгенде газетте, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалында қызмет етіп, Астанаға келгенімде ол кісі қолұшын берді. «Еліңді сүй, еңбегің жемісті болсын, мен сені «қазақтың Ларисасы» деп атайын, соған лайықты болуға тырыс деді.. «Тырысамын», – деп сеніммен жауап бердім. «Жауабың – ақылдылықтың белгісі», – деп, мені қанаттандыра түсті. Аға екеуміздің диалогымызды Бауыржан Момышұлы мен жазушы А. Бектің ауыр әңгімесіне ұқсаттым өзімше.

Батырша-ұлы қоғамдық құбылыстарды да назарынан тыс қалдырмайды. «Қазақстан – 2030» Стратегиясын орындау – ел өмірінің жарқын бағдары екенін түсіндіреді. Ағаның көңілі ашық, ойлары кең тынысты келеді. Кемел ойлы, еліміздің болашағына нық сенімді ағаның әріптестері, шәкірттері арасында абыройы аласарған емес. Ол тәртіпті бірінші кезекке қояды және артық сөйлемейді. Бауыржан ата секілді дәл, нақты сөйлеуге бейім. Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқы түс, күймейсің» десе, Сайлау аға «Отан үшін еңбек ет – гүлдейсің» дейді.

Адам туған топырағына тартады деген сөз бар. Сайлау аға киелі топырақта – әз Төле би дүниеге келген Жамбыл облысы Шу ауданында өмір есігін ашқан. Алатаудан төмен кең жазыққа қарай көк толқындары көкжондана, қатты ағыспен ұмтылатын Шу өзені ауылына жақын. Бұл өңір – сонау 15 ғасырда Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығының негізін қалаған жері. Хан тауы, ұлы ақын Жамбыл дүниеге келген Жамбыл тауы өркештене көрініп тұрады. Жетінші сыныпта ұшақпен әуеде ұшып, дүниенің төрт бұрышын түгел көруді армандайтын жас баланың сол балауса арманы ақиқатқа айналып, жер шарының көптеген мемлекеттеріне іссапармен барды. Ауыл өмірін, ауыл шаруашылығын бір кісідей меңгерген, оның қиындығы мен берер жетістігін де сезінеді. Туған жері оған таусылмас қайрат, талап берген секілді. Біздің Сәкең Бәукеңмен жерлес. Бауыржан Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Сондықтан бала Сайлау үлкен кісілерден соғыста Бауыржанның батырлығы туралы хикаяны, әңгімені естіп, сондай батыр боламын деп қиялдайды. Кейін өмір жолында екеуі кездесіп, бірге көп мұңдасып, бірін-бірі толық түсінді.

С. Батырша-ұлы Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов, Әди Шәріпов, Балжан Бөлтірікова, Асанбай Асқаров, Ұзақбай Қараманов, Өзбекәлі Жәнібеков тағы басқа көптеген тұлғалы азаматтармен кездескені жайлы сыр шертеді. Сол кісілер туралы әңгімелегенде ағамыз ойға шомып, ақиық қырандай қомданып отырады. «Егер Бәукең 1986 жылы Желтоқсан көтерілісін көргенде не істер еді?» деген ойды қайта-қайта айтады.

Сократтың: «Платон – менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» деп айтатынындай, шындыққа жүгініп, арға қызмет ету – оның ежелгі дағдысы. Ағамыздың бақыты да осындай ізгі қасиеттерінде, ерен еңбегінде болса керек.

Бұл жазбамда халқымыздың батыр перзенті, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен ұлтжанды азамат, белгілі дипломат, ғалым Сайлау Батырша-ұлының ұқсас жақтарын барынша ашуға тырыстым.

Л. Жұмадуллақызы,

журналист

Пікір жазу