Басты бет » Сен білесің бе? » «НӘН», «ЖҮДӘ», «ҚАСҚА» немесе сіз қай диалектті қолданасыз?

«НӘН», «ЖҮДӘ», «ҚАСҚА» немесе сіз қай диалектті қолданасыз?

«Отыз тістен шыққан сөз отыз руға тарайды». Шынымен де, халық айтса қалт айтпайды. Бір ғана адамның аузынан шыққан сөз қарым-қатынас арқылы қоғамда түрліше өзгеріске еніп, алуан түрде сипат алады. Халық ауыз әдебиеті осыдан қалыптасса керек. Ауыздан-ауызға тараған сөз, мақал-мәтел, жаңылтпаштар мен жұмбақтар, аңыз-әңгімелер әркімнің бір ой талқысына түсіп, қалағандарынша өңделіп, керексізі алынып, керектісі қазақилыққа салынып, бірнеше есеге әсіреленіп, түймедей зат түйедей болып таралымға түседі. Естіген құлақта кінә бар ма? Ол да естігенін көргендей қылып, әңгімесіне түрлі бояулар қосып, шама шарқынша жеткізеді.

442bdd

Иә…Осындай ауызекі сөйлеудің әсерінен «диалект сөздер» пайда болады. Қазіргі күні елімізде әр облыс, әр аудан, тіпті әр қаланың өз диалект сөздері бар. Диалект сөздің не екенін түсінбегендер болса, айта кетейін, диалект сөздер-бұл белгілі бір аймақта қалыптасқан сөйлеу мәнері. Халқымызда бұндай сөздер  қанатын кеңге жайған. Енді солардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, ара-жігін ашып, мәнісіне үңіліп көрелік.

80f5a4

Мысалға, ең алдымен, шығыс жақты алайық. Мұнда «немені», «неме» деген сөздер кездеседі. Былай қарасаң балағат сөзге ұқсайды. Ал шынтуайтында бұл сөздер «немене» деген сөзден шыққан, яғни сұрақ қою тұрғысында айтылады екен. Қызық. Енді оңтүстікке көшейік. Диалектикалық сөздердің шоғырлануы жөнінен, мен, бұл облысты белсенді үштіктер қатарына қосар едім. Аталмыш облысқа «сай» тіркесінің сөз соңында жалғануы, мысалға «қойсай»,»бүйтсей», «сөйтсей»; таңқалған кездегі «өлә», мақұлдаған тұстағы «бопты» сияқты сөздер тән. Қазақ әдебиетіне бұлай сөйлеу жат болып табылады. «Қойсай» емес «қойшы» немесе «қой» деп айтылуы, «өлә» деп айтқанның орнына «мәссаған» деп таңқалып айту, «бопты» емес «болды» деп айту қажет сияқты. Бұны қойғанда бұл жақта жол бағдарын сұрағанда «қай жақта» деудің орнына «қаяқта» деп қысарта айтуы да тілдік нормаға, қоғамдық мәдениетке кері әсерін тигізе ме деймін. Жә, оңтүстіктің жергілікті мақамын қоя тұрып, батыстағы жұртшылықтың ауызекі сөйлеу мәнерін қарап көрелік.

c415b2

О, бұл өлкеде диалектика атаулыны екі сөздің бірінде ұшырастырасың. Кейде жергілікті тұрғындарды кездестіріп, әңгіме-дүкен құрып қалсам өзге елде емеспін бе деген сауал туындайды. Мүлдем бөлек. Байқағаным мұндағы сөздер қатты қысқартылып, дөрекі қалыпқа түсіп айтылады екен. Мысалға, «жүрсеңші» дегенді «жүршиш», «алсаңшы» дегенді «алшиш» деп айтатын көрінеді. Ал «үлкен» деген сөздің жергілікті аймақта «НӘН» делінуі мені шыны керек қатты таңданысқа түсірді. Неге «Нән» десем, «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қой» деп төбемнен қойып қалды. Не айтарымды білмедім. Бұдан өзге қарапайым жұмыртқаны «тұқым» деуі, қантты «құм», ал ер адамды «тәте» деп атауы маған біртүрлі ерсі көрінді. Қалайша ер адамды әйел адамдай «тәте» деп атайды? Бұрын соңды кітаптардан мұндай атауды оқып көрмеппін. Айта берсең жетіп артылады. «Жарым», «басың жасай ма?», «балдар»,т\б. Жарайды Махамбет бабамыздың өлкесінен енді орталыққа қарай ауысайық.

613093

Орталық Қазақстанға Қарағанды, Жезқазған сияқты көмір мен мысқа бай қалалар кіреді. Бұл жерлерден де талай диалектикалық сөздер таптым. Сөз соңына «ше» шылауының жалғануы, ағаны «ағатай» деуі, сондай-ақ жез өңіріндегі сөздердің қысқартылып емес, керісінше барлық аймақтың диалекттерін қосып ұзартып айтылуы мені тың әсерге бөледі. Батыста қысқартса, бұнда ұзартады. Бұған «қойыңдар» дегенді ұзартып «қойсаңдарсайшы», «тұрыңдар» дегенді «тұрсаңдарсайшы» деуі мысал бола алады. Неге? Қарапайым қысқа сөздің нақышын бұзып әрі тілге ауырлық түсіріп сағызша созып керегі не? Жай ғана «тұр», «отыр» десе болмай ма? Бір жағынан алғаш естігенде күлкімді де келтірді. Шыны керек құлаққа түрпідей тиеді екен.

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бейшарасы»,-деген екен кезінде ұлы Абай. Көңілдегі көрікті ой ауыздан дұрыс шықпаса өңі қашады. Елдегі жергілікті аймақтардың диалектілерінің біразына осылайша шолу жасап өттік. Әрқайсысы әр түрлі, біріне бірі ұқсамайды. Сан түрлі кейіпке енген. Біріне бояуды шамадан тыс жақса, енді біріне жетіңкіремей қалған секілді. Бірақ, қайсысын алсаң да қазақ тілдік нормаға сай келмейді. Ережеге бағынбайтын диалект сөздер. Осы бір шолуымның арқасында әр аймақтың адамын тез-ақ анықтап, сөйлер сөзіне қарап батыс не шығыс, не болмаса орталық, оңтүстік екендігін бірден байқап алатын болдым.

Назым Қайрат

Пікір жазу