Басты бет » Жастар үні » ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ

ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ

Наурыз мерекесі қарсаңында «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты жас отбасылар арасында ұлттық-этнографиялық сайысы өткен болатын. Сол байқауда топ жарып, жеңіске жеткен Сәдуақасовтар отбасы бүгін біздің «Шаңырақ шаттығында»  қонақта.

Ұлт дәстүрін сақтаған, жеті аттасын жаттаған, қазақылықты берік ұстанған көпбалалы отбасы – киелі Торғай өңірінің тумалары. Астана қаласына былтыр ғана қоныс аударған екен.

«Көзі ашық, ел тарихына қанық әр қазаққа аян қазақ даласында тұңғыш дархан атағын алған Шақшақ Жәнібек батыр бабамыз, тұңғыш рет қоңырау дауысын сыңғырлатып, дала қоңырауы атанған Ыбырай Алтынсарин атамыз мектеп ашқан, Алаштың көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, ұлт азаттық көтерілісінің батырлары Амангелді Иманов, Кейкі батыр Көкембайұлы, этнограф, сатирик Сейіт Кенжахметұлы, Кенжеғара Салғарин, классик жазушы Төлен Әбдік, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев туған Торғай топырағының тумасымыз. Ел тарихының ғылымы мен біліміне, мәңгілік руханиятына сансыз үлес қосқан киелі мекенде туғанбыз. Біз үшін ең үлкен мақтаныш осы деп білемін», – деп бастады әңгімесін отағасы Шыңғыс Рахымжанұлы.

Ата-баба дәстүрінен өнеге алып, бойында қазақы әдет-ғұрыптарды сақтаған парасатты отбасының отағасы Шыңғыс – қаржы саласында, ал отанасы Ақерке педагог-психолог болып еңбек етуде.

«Өзім бітірген қызметім бойынша мемлекеттік қызметкер болып, өзіміз туған өлкеде қызмет атқардым. Ахмет атамыз туған ауылда ауыл әкімі, Жангелдин ауданында Жастар ресурстық орталығының директоры болдым. Кейінгі жылдары ауданымыздағы Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Халық театрының белді әртісі болып жұмыс істедім. Ал жұбайым Арқалық қаласында Педагогикалық институтын педагог-психолог мамандығын тәмамдаған. Оқыған саласы  бойынша ауылда, аудан орталығындағы мектептерде қызмет атқарған», – дейді отағасы.

Бала тәрбиесіне аса ыждағаттылықпен қарайтын отбасы ұл-қыздарын жан-жақты дамытып, әртүрлі үйірмелер мен сайыстарға қатыстырады.

«Бес баламыз бар. Үлкеніміз – Фатима 4-сыныпта, одан кейінгі баламыз Зере 3-сыныпта, ортаншымыз Ахмет даярлық сыныпта оқиды. Ал кішкентайларымыз – Томирис 4 жаста, Әзиза 2 жаста. Балалардың алды қыздарымыз Торғайда Болат Хамзин атындағы өнер мектебінде би үйірмесіне, «Dan-As» шығармашылық орталығында вокалға қатысты. Әнге деген қызығушылығын арттырып, әнге тәрбиелеген Бибігүл Қамиқызы деген апайы. Одан тыс қолөнер үйірмесіне қатысты. Ахмет сол шығармашылық орталықтың сурет үйірмесіне қатысып, қабілетін шыңдаған болатын.

Фатима мен Зере Астана қаласында 2024 жылы жаңадан ашылған №102 мектепте оқиды. Екеуі де вокал үйірмесіне қатысады. Жақында өткен «Бала шабыты» халықаралық ән байқауына қатысып, Фатима гран-при, Зере 1-орынға ие болды. Ал Ахмет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Binom» мектебінде даярлық сыныбында оқиды», – дейді Шыңғыс Рахымжанұлы.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ар-ұятты алға қойған отағасы ұл-қыздарына отбасы құндылықтарын дәріптей отырып, өзгенің алажібін аттамауды, өтірік сөйлемеуді, кісі ақысына кірмеуді санасына сіңіріп отыр. Ақерке ханымның айтуынша, адам бойындағы ең асыл қасиет-адамгершілік пен ізеттілік.

«Балаларыма қанша жерден бай бол, қанша жерден білімді бол, бірақ адамдығың болмаса, олардың құны бес тиын деп үнемі айтып отырамыз. Біз – нағыз қазақ, ұлты ғана емес, жаны да қазақ деп соғатын отбасымыз! Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды балаларыма үнемі айтып, көрсетіп отырамын. Бұл орайда Санжар Керімбай ағамыз бастаған «Отбасы хрестоматиясы» баспасының «Әлдиден-эпосқа дейін» деген кітабын айта кеткім келеді, балаларыммен сол кітапты оқимыз, бірге талқылаймыз. 3 жасқа толатын қызыма әлі күнге дейін бесік жырын айтамын, ол өз қуыршақтарына айтып береді (күліп).

Ертегілер, қисса әңгімелерді оқып беремін, ересектері түсінгендерін айтады, тақпақтар, жаңылтпаштар, санамақтар жаттайды. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет» деп үнемі айтып отырамыз. Қалалық жерде, өкінішке қарай үлкенмен амандасу қалып барады, 6 жасар балам сабаққа барып келер жолда үнемі көрген жасы үлкендерге жүгіріп барып қол беріп амандасады. Содан байқайтыным, адамдарға жан жылулығы жетпейді қазіргі қоғамда, үлкендер ақ батасын беріп, риза болып қалады. Қыздарым автобуспен сабаққа баратын болғандықтан, «үлкенмен танымасаң да амандас, орын бер» деп жиі айтып отырамын. Бұл құндылықтарды балаларыма қайталап та көрсетіп те келеміз, әлі де айта береміз. Қазақы құндылықтың балаларымның сүйегіне сіңіп, тамырына таралғанын қалаймын. Біздің ниет те, құндылық та, өмір сүру әдебіміз де, алған тәлім мен тәрбиеміз де осы», – дейді отанасы.

Ел болашағы – балалардың білімді болып өсуі, ертеңгі күннің берік кепілі. Ақерке ханым балаларының болашағы жарқын болуы үшін, жан-жақты барлық ақпараттардан хабардар болып, үнемі даму үстінде болу үшін ең әуелі өзін дамытып, ізденісте жүреді. Әртүрлі курстарды оқып қажетіне жаратып, білімін одан әрі жетілдіріп кітаптар оқиды. Айтуынша, бала ата-ананың айтқанын емес, көргенін жасайды дейді. Сол себепті ата-ана ең бастысы өзін танып, балаларына үлгі болып, махаббат, мейірім, қуанышты көңіл күй сыйлау керек деген қағиданы ұстанады.

«Иә, өкінішке қарай қазір орысша сөйлейтіндердің саны өте көп. Бұл аурудың басты вирусы ол анадан жұғады деп ойлаймын. Ана – баламен ең көп уақыт өткізетін адам. Адамда ұлттық намыс, ұлттық құндылық деген болмысында болмаса, оның кеудесі қуыс, ойы тар болса ондай ата-анадан патриот бала тәрбеленіп шығады деп ойламаймын.

Телефон мәселесіне келсек, буыны қатпаған жас сәбиге телефон көрсету, оның ақыл ойының дамуын, тілінің шығуын кешеуілдетеді. Мамандығымда «зпр, зрр» деген диагноздармен көп ұшырасамын, осылардың түп тамыры телефонда жатыр деп ойлаймын. Телефонды қолдана білу керек, бірақ ол балалардың таңнан қара кешке дейін қарайтын құрылғысына айналмауы тиіс. Біз үйде балаға бет алды телефон бермейміз, өйткені бала ол ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алатын жаста емес, балаға үнемі бақылау, үнемі қолдау керек. Бала болмайды дегенді естіп өссе, не үшін екенін білсе, оны тез түсінеді. Бәріне жаман үйренетін ол бала емес, оған не айту керек екенін білмейтін, қалай сөйлесу керек екенін білмейтін ата-ана кінәлі деп ойлаймын. Телефонның не үшін зиян екенін мен балаларыма айтып түсіндіремін, фото, видеолардан дәлел көрсетемін.

Кіші жастағы балаларым басынан-ақ ойдан ойын құрауды үйренген, сурет салады, оған қоса түрлі боямақтарды алып беремін. Телефон көрген күннің өзінде олар уақыттың шектеулі екенін және қандай контент қарайтынын біледі.

Бала тәрбиесі ол үлкен білімді қажет етеді екен, ер бала мен қыз баланың болмысы, мінездері мен жас ерекшеліктеріне сай өзіндік айтылуы керек, істелуі керек дүниелері болады екен. Былай қарағанда, оңай боп көрінуі мүмкін, бірақ жыласа не істеймін, ауырса ше, қандай құнарлы тамақ беремін, не үйретемін, осыларға қалай үлгі бола аламын деумен үнемі өзімді дамытып отырамын», – дейді Ақерке Асқарқызы.

Биыл «Қазағымның дәстүрлері-ай» байқауына қатысып, қаншама жас отбасылардың арасында іріктеліп бас жүлдені иемденген Сәдуақасовтар отбасының асыл жары Ақерке ханым елімізде дәстүрлі сайыстардың жиі өтіп тұрғанын қалайды. Себебі өскелең ұрпақ мұндай сайыстарға қатысу арқылы азамат болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді, көкжиегін кеңейтетінін айтады.

«Байқауға қатысу туралы ұсыныс қызымыздың сынып жетекшісінен түскен болатын. Бірден келістім. Содан 17 ақпанда қатысуға өтінім жібердік. Сол күннен бастап, қызу дайындық басталды. Жолдасым да, мен де өнер десе ішкен асымызды жерге қоятын жандармыз. Сайысқа қатысудағы ниетіміз – балаларымызға үлгі болу, олардың жарыстардан қорықпай қатысуына көмектесу, сенімділіктерін арттыру болатын. Бізде ешқандай қорқыныш болмады, тек қана жауапкершілікпен дайындыққа кірістік. Бұған дейін де бірнеше байқауларға қатысқан едік, бірақ бұл байқаудың салмағы ауыр болды, себебі бұл Елордалық жас отбасылардың арасындағы байқау еді. Сахна төрінде шынайылықпен, бар болмысымызбен өнерімізді көрсеттік. Сайыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігіне айтар алғысым шексіз! Тұрар Сәттарқызымен танысқаныма өте қатты қуанышты болдым, қазақы болмысына бір көргеннен ғашық етті. Қазылар алқасының құрамы нағыз өз ісінің майталмандары болды. Сыннан сүрінбей өткенімізге өте қатты қуанышты болдық. Өнер майталманы Сағаділдә Үсібәлі ағамыздың алдында өнер көрсету, оң бағасын алу да үлкен құрмет болды біз үшін. Ол кісі бала кезіміздің жылы бейнесі, «Тамаша» әзіл-ысқақ театрының актері ретінде өте қатты құрметтейміз. Сайыс барлық жағынан өте қатты ұнады. Ұйымдастыру, қойылған талаптар, ұжымның бірлігі, қазақ деп соққан жүрек лүпілдері маған сезіліп тұрды. Болашақта да құндылығымызды, дәстүрімізді дәріптейтін сайыстар көп болса екен деген тілегіміз бар! Біз қолдауға, өз үлесімізді қосуға әбден дайынбыз! Тұрар Сәттарқызының әділ сайыс болды, лайықты жандардың алғанына біз де қуаныштымыз деген сөзін есту, ақ батасын алу біз үшін нағыз жеңіс сол болды!» – дейді.

Ақерке Асқарқызы отбасылық құндылықты ардақтап ата-бабамыздың бізге мұра етіп қалдырған салт-дәстүріне, тіліне, өнеріне, ілім-біліміне, дініне, тәлім тәрбиесіне, ұрпағымызға қиянат жасамау керектігін айтады. Бір әулеттің түтінін түтетіп отырған, ибалы келін, асыл жар, аяулы ана шаңырақтың берік болу үшін, шайқалмауы үшін ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы жақсы болуы үшін өзінің отбасылық қағидаларыңызбен бөлісті.

«Шаңырақтың берік болуы, шайқалмауы ол өзара түсіністік пен сыйластықта жатыр деп ойлаймын. Біздің басты ұстанымымыз – әрдайым бір-бірімізге түсіністік таныту, ойды, қалауды ашық жеткізу. Үйімізде әркім өзінің міндетін, яғни ата-аналық, ер мен әйелдік істерін қиналып емес, бар болмысымен жақсы көреміз. Ең бастысы, қандай жағдай болса да шешімі бар, тек сынбау керек деген ұстанымдамыз. Бәрінің көшірмесі табылады, тек ер мен әйел бір-бірі үшін жалғыз әрі маңызды екенін, қайталанбас жандар екенін түсінсе болғаны. Балалар өседі, өз жолын табады, ал ер мен әйел арадағы сезім мен сыйластықты жоғалтып қалмауға үнемі жұмыс істеуі керек», – деді ол.

Ақерке ханым өмірдің мәні туралы да біраз ой бөлісіп, пікірін айтты.

«Өмірдің мәні мен үшін адам болып қалуда! Адами құндылық, жақсы амалдар, кісі ақысын жемеу. Мен осыларды үнемі есімнен шығармай, өз-өзіме еске салып отырамын!

Келесі өмірге де бай немесе кедей, не жарыс жүлдегері, тағы да басқа көптеген атақпен бармаймын. Бұлар өмірдің жақсы сүрілуі үшін, жылы естеліктер үшін қажет дүние болса, адам боп келген соң, сол адами болмыстан ажырамаған дұрыс. Дінде, өнерде, ғылымда да жүрсем де ар-мен ұяттан аттамаған толыққанды тұлға болып өмір сүру, ата-анамның атына кір келтірмеу, менің бар болмысыммен тырысатын тұсым осы!», – дейді ол.

Сәдуақасовтар отбасы – ұлттық дәстүрді де берік ұстанып отырған өнегелі жанұя десек те болады. Атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер бұл шаңырақта да берік сақталған. Ұлттық киім қашанда ұлт мақтанышы, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді қастерлейтін бұл отбасы ұлттық киімді жиі киіп жүруді әдетке айналдырғысы келеді.

«Ұлттық дәстүр – біздің отбасымыздың күнделікті іс-әрекеті, себебі болмыста жоқ нәрсе, қанша тырыссаң да қайталай алмайтын дүние! Ата-әжемізден, әке-шешемізден көріп өскен тәлім мен тәрбиені өзіміз де жалғастырып келеміз!

Ұлттық киім кию Президентімізден бастап қолдау табуда. Қазақтың ұлттық киімін, әшекейлерін жақсы көремін. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте жиі киемін деп айта алмаймын, бірақ Тұрар ханымның болмысынан үлгі алып жиі киіп жүруді қолға алсам деген ниеттемін», – дейді Ақерке.

 

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary