Басты бет » Жаңалықтар » 5000 асық: Елордалық балабақша ұлттық құндылықтарды насихаттауда

5000 асық: Елордалық балабақша ұлттық құндылықтарды насихаттауда

Астана қаласы әкімдігінің №71 «Мөлдір» балабақшасы ұлттық ойындарды жаңғырту және өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта балабақша қоржынында бес мыңға жуық табиғи асық жиналған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл – балабақша ұжымы мен ата-аналардың бірлескен қолдауы мен белсенділігінің нәтижесі.

2023 жылдан бастап аталған балабақшада «Асық технологиясын қолдану арқылы бала құзыреттілігін арттыру» тақырыбындағы эксперименталды алаң жұмыс істеп келеді. Жоба аясында асық арқылы балалардың зейінін, ептілігін, ынтымақтастығын және танымдық қабілеттерін дамыту көзделген.

Балабақшада әр топқа ұлттық ойындардың атауымен белгіленген арнайы қоржындар жасақталған. Бұл қоржындарға жинақталған асықтар дәстүрлі ойындарды күнделікті оқу-тәрбие үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Балалар асық ату, хан талапай, омпы, белбеу тастау сынды ұлттық ойын түрлерімен танысып, оларды үйрену арқылы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін бойына сіңіруде.

«Келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан алдағы уақытта асықтардың санын көбейтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыра береміз», — дейді балабақша меңгерушісі Жанар Абайқызы.