Басты бет » Жүдеу ой » Көргенде көңіл құлазып, Спорт мектебі тұр азып…

Көргенде көңіл құлазып, Спорт мектебі тұр азып…

 Әңгімеміздің әлқиссасын, мәселеміздің мәнісін жазбас бұрын мекеменің тарихына, жеткен жетістігіне тоқталайық.

Жалпы, Жаңақала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 1978 жылы 18 қыркүйек күні құрылған. 2003 жылы бұрын наубайхана болған аумағы ауқымды ғимарат қайта жасақталып, мектептің еншісіне берілген екен. Сол жылдан 2015 жылға дейін аталмыш ғимарат облыстық спорт басқармасының меншігінде болған болса, қазіргі ауданымыздың меншігіне берілген.

Спорт (1)

Мектепті әр жылдары Сансызбай Мырзашев, одан кейін Қайрат Мұратов, Махсот Бекболатов, қайтадан Қайрат Мұратов сынды азаматтар басқарады. 2009 жылдан бері Жайсаң Есекенов директорлық ететін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 9 секция жұмыс жасайды. Мұнда 422 тәрбиеленуші тұрақты түрде әр түрлі спорт түрлерімен шұғылданады. Мектеп жаттықтырушылары баптап-баулыған, спортқа жаны құмар жаңақалалық өрендердің арасында республикалық һәм облыстық жарыстардың бір емес, бірнеше дүркін жеңімпаздары да бар. Олар бүгінгі таңда ауданның абыройын асқақтатып, дүйім елдің мақтанышына айналды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін есімдерін ескере кетуді жөн көрдік. Мәселен, қазақ күресінен Жалғас Тілекқабылов, Заманбек Саматов, Рахат Замирұлы, Рауан Қуанов, Азамат Бейбітов, Нұрлан Жұмағұлов, Амандық Қадыров, Лунара Шәмшиева, Жанар Қажығалиева, Әсем Бейсенғалиева сынды өрендер спорт ардагері Қ.Қауметовтың жүлдесі үшін облыстық турнирде атой салып, жеңімпаздар сапынан көріне білді. Бұдан бөлек самбо күресінен 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында V республикалық турнирде 48 келіде Ақбота Нәсіпқалиева II орынды иеленсе, 42 келі салмақта Жалғас Тілекқабылов I орынға ие болып, самбо күресі бойынша «Спорт шеберіне үміткер» атағын орындаған. Жаза берсек, жеңімпаз палуандар тізімі жалғасын таба бермек.

Жаңақала топырағынан нәр алған палуандардың қазақ күресінен де, дзюдодан да, самбодан да, тіпті еркін күрестен де жеткен жетістіктері, бағындырған белестері аз емес. Сонымен қатар, волейболдан, футболдан облыстық жарыстарда оғландарымыз алдыңғы қатардан көрініп, ел мерейін тасытып жүр. Ал ақыл-ойдың ойыны тоғызқұмалаққа келсек, оның жөні тіптен бөлек. Апта сайын жүлде әкелетін Қайрат Шәутеновтің шәкірттері қарсыластарын қашанда қапы қалдырып, облыстан әрі асып, республикаға танылып үлгерді. Соңғы жылдары ауданымызда ұлттық ойынның бірі саналатын асық ату жарысы да жақсы жолға қойылып, Қолғанат Серіковтың шәкірттері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен облыстық жарыстың жеңімпаздары атанды. Әрі командалық есепте Жаңақала ауданы I орынды иеленгенін әркез мақтанышпен айтуға болады.

IMG_0765

Десек те, таяқтың екі ұшы болатыны секілді жарқын жетістіктерге жетіп жүрген өрендеріміздің жаттығатын жері, яғни аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының қазіргі ахуалы кім-кімді де алаңдатары хақ. Егерде сіз дені сау ұлттың өкілі болам десеңіз, жас ұрпаққа жаныңыз ашыса бұл түйткілге бейжай қарай алмайсыз. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақта. Ашығын айту керек, алда-жалда спорт мектебіне бара қалып, іші-сыртына нақтылап назар аударсаңыз, көп нәрсеге куә боласыз. «Көрген көзде жазық жоқ» демекші, көңіліңіздің құлазып, қынжылып қайтары анық. Ат төбеліндей тесік төбені, ескіріп, әбден тозығы жеткен еденді, құлауға шақ тұрған «қартайған» қабырғаларды көргенде еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Жаңбыр жауса төбесінен су кететіні, қақаған аязда мектептің жылынбайтыны, едендерінің дымқыл тартып жатырғаны да жалпыға жасырын жағдай емес. «Бұл ғимарат салынғаннан бері бір жөндеу көрген жоқ» дейді ауыл тұрғындары. Алдағы уақытта да жөндеу көрмей, дәл осы қалпында тұра беретін болса, басқа емес, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін ғой. Тіпті кейбір ата-аналар осынау ғимаратта жаттығатын балалары үшін уайымдап, жазым бола ма деп те алаңдайды. Сондықтан бұл мәселеге бейқам қарауға болмайды. Ғимарат «қос қолын» көтеріп қазір-ақ күрделі жөндеуден өтуге сұранып тұр. Бұл бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиеваға хабарласқанымызда мектепті жөндеу жөніндегі құжаттары дайындалып жатырғанын баяндап, алдағы уақытта дене шынықтыру және сауықтыру кешені (ФОК) салыну жоспарда бар екенін жеткізді.

IMG_0763

Иә, бұл күрмеулі мәселе жуық арада жоғары биліктен қолдау тауып, жоспарлы жұмыс жүзеге асса, спортпен шұғылданған жастарға жағдай жасалса деген арман-тілегіміздің бар екенін де жасырмаймыз. Елбасы Н. Назарбаевтың өзі «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты дәстүрлі Жолдауында «Денешынықтыру және спорт мемлекеттің қамқорлығында болуы қажет. Саламатты өмір салты халықтың денсаулығының кілті болуы керек» деп атап көрсетті. Шын мәнінде, спорт адам бойына мықтылық, жолдастық, отаншылдық сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Спортты сүйген адам өзінің елін, көк байрағын да сүйіп өсетіні шүбәсіз. Сондықтан да жетімнің жанарындай жәудіреген, сырты сұрықсыз, іші үрейлі ғимаратқа жіті көңіл бөлініп, жаңғырып, жаңарып, іні-қарындастарымызға алаңсыз спортпен шұғылданатын күн туғанын қалаймыз.

Біз бұл мәселені көтергенде тырнақ астынан кір іздемедік. Әрине, аудан әкімдігі тарапынан бұқаралақ спортты дамытуға, спортшыларға қамқорлық пен қолдаудың қажетті жағдайда жасалып келе жатырғандығын байқап та, көріп те жүрміз. Бір мысал, күні кеше ғана спорт мектебіне су жаңа автокөлік берілгенде ел болып қуанған едік. Міне, осындай думанды күн қайталанып, араға ұзақ уақыт салмай аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі күрделі жөндеуден өтсе, ел үшін атқарылған игі істің бірі болып қалар еді.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы,

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген автор

 

Аслан Еслям__алиев

Аслан Еслямғалиев, заңгер, Жаңақала ауылының тұрғыны:

– Біздің Жаңақала ауданы – БҚО-дағы бетке ұстар аудандардың бірі. Көп адамдар осы ауданда туғанын мақтан тұтады. Елі ауқатты, жері құнарлы, халқы өнерлі ауданымыздың көптеген салаларда жеткен жетістіктері жетерлік. Алайда, ақсап тұрған тұстарымыз да аз емес. Соның бірі – спорт саласы. Бұл жерде мен жаттықтырушылар немесе жас ұрпақтың спортқа ниеті жоқ деп айтудан аулақпын. Себебі, бізде көптеген республикалық жарыстарда жеңімпаз болып жүрген жастарымыз мол. Мақтан тұтарлық жаттықтырушыларымыз да бар. Солай бола тұрса да спортпен шұғылдануға ниеттенген ұрпаққа жеткілікті жағдай жасалмай отыр. Спорт мектебі бар болғанымен, ол күрделі жөндеуді қажет етеді.  Өйткені, 2017 жылы өзімнің екінші ұлымды күрес спортына машықтандыру мақсатында алып барып, қатыстырған болатынмын. Ол уақытта балам 2-сыныпта оқиды. Мен оны өзімнің автокөлігіммен жеткізіп жүрдім. Сөйтіп, бірі күні спорт мектебінің ішіне кірсем, жаттығып жатқан балалардың жағдайы өте нашар екен. Төбеден су ағып тұр. Тіпті кірген кезде үрейленіп кіресің. Бұл жерде мен баламның болашағына бірден алаңдадым. Жасыратыны жоқ, төбе құлап, астында қалып, мертігіп қала ма деп қорықтым Сондықтан, баламды 1 ай қатысқан соң күрес секциясынан шығарып алдым.

Ел арасында алдағы жылдары сауықтыру кешені салынады деген әңгіме бар. Сол кешен салынып, әлем чемпиондары өзіміздің ауданнан шықса, дені сау, ұлағатты ұрпақ тәрбиеленсе деген үмітіміз бар.

Пікір жазу