Басты бет » Жалынды жас » Айнұр БАЗАРОВА: «Ең көп еститін сөздеріңіз «кешіріңіз» бен «рахмет!»»

Айнұр БАЗАРОВА: «Ең көп еститін сөздеріңіз «кешіріңіз» бен «рахмет!»»

Қараша айында «Болашақтың» бағдарламасының құрылғанына – 25 жыл толды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған болатын. Осы жылдар ішінде алдарын биік мақсат қойып, арман арқалаған мыңдаған қазақ жастарының қиялына қанат бітірді, болашағына кең жол ашты. Әлемнің жетекші оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндіктер сыйлады. Сондай «білсек, көрсек, үйренсек» деп «Болашақты» таңдаған жастардың қатарында ерлі-зайыпты Әлібек Молданиязов пен Айнұр Базарова да бар. Олар 2015 жылы аталған бағдарлама арқылы Англия еліне білімдерін шыңдап, елге оралды. Әлібек – Орал қаласында қалалық ішкі саясат басқармасының бас маманы, ал Айнұр Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Заңғар» студенттік газетінің тілшісі. Айнұр шет мемлекетте білім алған жылдардағы естеліктерімен былайша  бөліседі.

Халықаралық деңгейдегі университетте білім алу – мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен ой бөлісу, мол білім мен тәжірибе жинақтаған профессорлардан білім алу, BBC-да жетілген журналистерден үйрену сәттерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ең ұнаған жерлеріне тоқталып өтсем.

Screenshot_20190103-150148~2

Алғашқысы – аптасына 7 күн 24 сағат жұмыс істейтін кітапхана. Табалдырығын аттаған сәттен бастап, адам көмегіне жүгінбей, бар қызметті электронды түрде ала аласың. Әр қабаты студенттерге ыңғайлы болуы үшін топтық жұмыс жасау үшін арнайы бөлме, тыныштықта отырып жұмыс істеуді қаласаң арнайы этажға көтеріліп жұмыс істей аласың. Тіпті отбасылық бөлме де бар. Англияда біздің кенжеміз дүниеге келді. Бұл бөлменің біздер тұрақты пайдаланушысы болдық. Себебі, кең бөлмеде бала ойнайтын жер, ана үшін жөргек ауыстыратын, емізетін арнайы орны бар. Әрі жеке компьютерде отырып, жұмыс жасап, сабағына дайындаласың. Бөпеміз университет қабырғасында өсті деп айта аламын, себебі Әлібек екеуіміздің сабағымыз қатар келіп қалған күні, сабаққа кішкентайыммен барамын. Оған ешбір мұғалім наразы болған емес. Жылап қап жатса, келіп көтеріп алып, лекциясын жалғастыра береді. Босанғаннан кейін жетекшіммен болатын кездесуге бара алмайтынымды айтып, поштаға хат жазған болатынмын. Ол лезде скайппен байланысқа шығып, сол арқылы бар нәрсені түсіндірді.
Профессор, студенттердің, жалпы халқының мәдениеті өте жоғары деңгейде. Ең көп еститін сөздеріңіз де «кешіріңіз» бен «рахмет» сөздері. Қоғамдық көліктер танымалдыққа ие. Велосипед қолданушылардың арасынан университет ұстазын немесе Парламент депутатын көре аласыз. Қарапайым өмір сүруді таңдаған. Қажетсіз затты ысырап көреді. Қымбат заттардың орнына саяхатқа ақша жинағанды құп санайды. Бұл таным көкжиектерін кеңейтіп, рухани жағынан өсіреді дейді. Үйіңізге қонаққа шақырсаңыз, өз тамақтарын ала келуі де ықтимал. Себебі сіз ол үшін әуре болмауыңыз керек.

Screenshot_20190103-150154~2

Алғаш Англияға барғанда автобусқа міну үшін ұзына бойы кезекке тұрған адамдарды көріп, таң қалғанмын. Бір-бірін тапаған халықты, лықа толы автобустарды мүлде көрмейсіз. Автобустан түсерде жүргізушіге рахмет айту әдетке айналған. Яғни, сіз діттеген жеріңізге аман-есен жеткеніңіз үшін рахмет айтып жатырсыз.
Ұлым мен қызым оқуларын ағылшын мектебінде жалғастырды. Таңғы 9дан түскі 3ке дейін мектепте оқиды. Үй тапсырмасы деген атымен жоқ. Есесіне сабақтарына скейтборд үйрену сабағы, жүзу сабағы, велосипед үйрену сабақтары қосылған. Мектепте мүлде фотоға не видеоға түсіруге болмайды. Тек арнайы рұқсат етілген мерекелерде ғана таспаға басасыз. Сабақтан алып кетер уақыттан кешігер болсаңыз, мұғалім күткен әр минутқа ақша төлейсіз. Бала тез үйрену, қайталауға бейім. Қазір олар ағылшын тілінде еркін сөйлейді.
Уақытқа бағыну – олардың басты талабы. Курстас досыңыз он бес минуттық кездесуге шақырса, әңгіме ауаны да сол уақытқа шектелген. Бос әңгіме айтып, сіздің де, өз уақытың да текке өткізбейді.
Жастары еркін. Ойлары да, сөздері де. Бұл еркіндік шектен шыққанды білдірмейді. 18 жасқа толған азамат өз отбасынан бөлек тұруға немесе тұрған бөлмесінің ақысын төлеуге міндетті. Жасыратыны жоқ, көшеде кезбелік өмірді таңдаған жастарды да көрдік. Ата-анаға масыл болуды қаламаған, әрі бұл қиындық өздерін шыңдайды дейді. Асфальт үстінде үй-күйсіз отырғанына қарамастан, қолында таңғы газет немесе сүйікті кітабы болады. Полицейлері кет-кет деп қумай, отбасыларымен сөйлесуге телефондарын ұсынады немесе таңғы астарымен бөліскеніне талаң рет таң болдық.
Студенттік билет бұл елде жай ғана құжат емес, дисконттық карта іспеттес. Құжатыңызды көрсету арқылы дәріхана, кітап дүкені, сауда орындары, дәмхана, спорттық орындарда жеңілдік ала аласыз.

Screenshot_20190103-150159~2

Ал суретте алдыңғы посттарымның бірінде жазған Одетта деген группаласым

Көптеген жастар әлеуметтік желі арқылы «Тілді қалай үйрендіңіз?», «Мотивация қайдан алдыңыз?», «Қай мұғалімге бардыңыз?» деп сұрақ қойып жатады. Мен де кезінде дәл солай сұрағам. Бірақ басқа біреудің техникасы маған жарады деп айта алмаймын. Әр адамның ыңғайына, уақытына, жұмыс істеу тәртібіне сай нәрселер болады. Тіл үйрену де сол секілді. Менің айтқан техникаларым сізге күлкілі болып көрінуі мүмкін. Содан кейін әр жолды жүріп көру арқылы өзіңізге ыңғайлысын табасыз.
Ал мотивация таппай басыңызды тауға да тасқа да ұрып, қиналсаңыз ауылда бәрімізге керемет мотивация болған «көршінің қызын» тауып алыңыз. Нәтижесі керемет!

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*