Басты бет » Әдеби әлем » ЖЕЛТОҚСАН ТАЯП ҚАЛДЫ…

ЖЕЛТОҚСАН ТАЯП ҚАЛДЫ…

86

Міне, тағы Желтоқсан… таяп қалды,
Дұға қылып, арнаймыз аяттарды,
Алаңда… қызыл қанға бояп қарды,
Қызыл Одақ қанменен тояттанды.

Сол қырғын, ұлт намысын оятқан-ды,
Мансұқтап қанмен жерді боятқанды,
Бар қазақтың баласы тас түйін боп,
«Елім үшін жан пида!» деп аттанды.

Қазаққа қарсы қару тағы оқталды,
Бейбіт жұртқа бес қару жарақтанды.
Көз көрді қызын итке талатқанды,
Халыққа аязда су боратқанды.

Билікке қойды жастар талаптарды,
Шарпыды Ұлы күрес тараптарды.
Одақтың он бес елі Азаттық ап,
Жетпіс жылдық бодандық аяқталды.

Ашады тарих талай парақтарды,
Кім күресті қалсын деп Одақ мәңгі,
Кім сатқын! Кімдер, неге мадақталды?
Ал кімдер еш кінәсыз азапталды…

Иә, тағы Желтоқсан таяп қалды,
Ұлт рухын сол жастар оятқан-ды.
Көк Туым! Желбірей түс, көк жүзінде!
Жек көрем, қызыл түсті бояқтарды…

                                                                          Әділбек ҚАБА

Адилбек Каба суреті.

Пікір жазу