Кеше Алматыда «Қазақ аруы – 2026» байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген ең жарқын, талантты әрі харизмалы 22 ару 3 қараша күні Республика сарайының сахнасында өнер көрсетіп, өзара бақ сынады.
«Қазақ аруы» — бұл жай ғана сұлулық байқауы емес, ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтер тоғысқан мәдени платформа. Мұнда XXI ғасырдағы қазақ қызының білімді, өз мәдениетіне құрметпен қарайтын және болашаққа нық қадам басатын бейнесі қалыптасады.
2011 жылдан бері «Қазақ аруы» нәзіктіктің, интеллектінің және прогрестің символына айналды. Жоба жастарға шабыт беріп, қазақ тілін және дәстүрлерін дәріптеп, патриотизмді нығайтып, қазақ мәдениетінің сұлулығын бүкіл әлемге танытып келеді.
Жобаның шабыттандырушысы әрі негізін қалаушы — Баян Алагузова. Ол осы идеяны ұлттық символға айналдырып, байқауға бүкіл Қазақстанға танымал өзіндік үн берді.
Биылғы байқау қазақ кино өнерінің алтын қорына енген әйгілі «Қыз Жібек» фильміне, аты аңызға айналған актриса Меруерт Өтекешоваға арналды. Биыл қазақтың Қыз Жібегі атанған өнер иесі 75 жасқа толды.
Арулар байқаудың шығармашылық кезеңінде «Қыз Жібек» фильмінен көріністер көрсетіп, мюзикл сахналады. Қатысушыларға фильмдегі киім үлгілеріне барынша ұқсас ұлттық киімдер тігіліп, әр образдың өзіндік ерекшелігіне мән берілген.
Кеш KeshYOU тобы, Hulan-Aru, Jarqin.ai, Elizat, NOSYA және Lyazzat Sultan өнер көрсетті.
Үміткер арасынан халықтық дауыс беру арқылы «Қазақ аруы – 2026» байқауының жеңімпазы анықталды.
Дауыс беру нәтижесінде алматылық Асылым Өтепберген «Қазақ аруы – 2026» байқауының жеңіспазы атанды.

Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


