Смартфон кітап оқуға кедергі де, мүмкіндік те бола алады. Мұның бәрі оны қалай пайдаланатынымызға байланысты. Әлеуметтік желідегі қысқа видеолар кітаппен таныстыруы мүмкін, ал электронды кітапханалар қажетті шығарманы кез келген жерде оқуға жол ашады.
Алайда ақпараттың көптігіне алданып, кітаптың қысқаша мазмұнын оқумен шектеліп қалмаған жөн. Толық шығарманы оқу адамды ойлануға, талдауға және өз пікірін қалыптастыруға үйретеді.
Ең бастысы, телефонға жұмсайтын уақытыңыздың бір бөлігін кітапқа арнаңыз. Бүгін әлеуметтік желіге кірмес бұрын 10 бет кітап оқып көріңіз. Ертең бұл әдетке айналуы мүмкін. Өйткені кітап оқуға мүмкіндік іздеудің қажеті жоқ – оны қолымыздағы смартфоннан бастауға болады.
- Күніне 15–20 минуттан бастаңыз. Бірден бірнеше сағат оқуға тырыспаңыз. Күн сайын аз уақыт бөлудің өзі тұрақты әдет қалыптастыруға көмектеседі.
- Әлеуметтік желінің хабарламаларын өшіріңіз. Кітап оқығанда телефонды «Мазаламау» режиміне қойыңыз. Сонда хабарламалар назарыңызды бөліп, ойыңызды басқа жаққа бұрмайды.
- Электронды кітап қосымшасын пайдаланыңыз. Өзіңізге ыңғайлы қосымшадан кітап жүктеп, интернетсіз оқуға болатын нұсқасын таңдаңыз. Бұл жолда жүргенде де кітаптан қол үзбеуге көмектеседі.
- Оқуға нақты мақсат қойыңыз. Мысалы, күніне 10 бет оқу немесе бір тарауды аяқтау. Мақсаттың шағын әрі қолжетімді болғаны маңызды.
- Оқығаныңызды белгілеп отырыңыз. Маңызды ойларды түртіп алыңыз, ұнаған сөйлемдерді белгілеңіз немесе әр тараудан кейін оның негізгі мазмұнын екі-үш сөйлеммен қорытындылаңыз. Бұл ақпаратты есте сақтауға көмектеседі.
- Кітап туралы пікіріңізді бөлісіңіз. Оқыған шығармаңыз жайлы қысқа пікір жазып, достарыңызбен талқылаңыз немесе әлеуметтік желіде кітапқа шолу жасаңыз. Бұл басқа оқырмандарға да пайдалы болуы мүмкін.
- Экранға үзіліс беріңіз. Ұзақ уақыт телефонға қарағанда көз шаршауы мүмкін. Экраннан мезгіл-мезгіл алыстап, көзіңізді демалдырыңыз. Мәтіннің қаріп өлшемін өзіңізге ыңғайлап, жарық деңгейін реттеңіз.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
